Сарыағаш ауданына қарасты Дарбаза ауылындағы №63 жалпы білім беретін мектебінде ауыл балаларын шығармашылық шеберлікке шыңдап жүрген ұстаз қызмет етеді. Технология пәнінің мұғалімі Бахтияр Полатбеков 20 жылдан аса уақыт шәкірттерін біліммен қатар, еңбекке баулып, шығармашылықтың шыңына шығаруда. Қазіргі жазғы демалыста да ауыл балаларын қолөнер туындыларын жасауға бағыттап, уақыттарын ұтымды пайдалануға үйретіп отыр.
Балалардың көз сүріндіретін туындыларынан мектепте көрме де жасақталған: қазақтың ұлы тұлғаларының портреттері, тарихтағы батырлар мен ауыл тынысын бейнелейтін картиналар, ұлттық аспаптар сынды қолөнер бұйымдарын жасауда.
20 жылдан астам балалардың танымын кеңейтіп, шығармашылығын дамытқан ұстаздың шәкірттері де осал емес. Алды аудандық, облыстық ғылыми-шығармашылық жарыстарда топ жарып жүр. Республикалық «Алтын қазына» көркем және сәндік қолданбалы өнер бойынша көрмеге қатысып, аудандық, облыстық кезеңінде жүлделі орынды иемденгендері де бар.
Шығармашыл ұстаз көпшілікке ағаш шебері деген атпен таныс. Ағаштан түйін түйіп, жасаған түрлі бұйымдары мәдени шараларда көпшіліктің назарына көрме ретінде ұсынылады. Енді ұстаздың туындыларының қатарында өз шәкірттерінің өнерлері қатар тұруда. Ауыл мектебінің ұстазы осылайша ұлттық өнер түрін жаңғыртып жүр.
Айта кетсек, ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақты ұстаз тәрбиелейді. Болашағымыздың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді емес пе. Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солдай ардақтауға міндеттіміз» деген. Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам – мұғалім. Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті маман дайындау болып табылады. Мектеп – үйрететін орта, оның жүрегі – мұғалім. Ізденімпаз мұғалімнің шығармашылығындағы ерекше тұс – оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білуі. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау – әр мұғалімнің борышы. Ол өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам. Өзгермелі қоғамдағы жаңа формация мұғалімі – педагогикалық құралдардың барлығын меңгерген, тұрақты өзін-өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған, толысқан шығармашыл тұлға құзыреті.