Түркістан облысында «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру аясында 2023-2025 жылдары жобалық қуаттылығы 49 мың орындық 63 мектеп құрылысын салу жоспарланып отыр. Биылғы жылы 29 мектеп пайдалануға берілмек. Соның ішінде Созақ ауданында 900 орындық білім ұясы мен Бәйдібек ауданында 300 орындық мектеп бой көтеруде. Осы ретте Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапарымен Созақ ауданына барып, бірқатар құрылыс алаңдарын аралады. Жауапты сала басшыларына құрылыс барысы бойынша тапсырма берді. Өңір басшысы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 900 орындық мектептің құрылыс алаңында болып, мердігерлермен құрылысқа қатысты туындаған мәселелерді талқылады. Қазір мұнда ішкі құрылыс жұмыстар жүріп жатыр. Құрылыс басында 140 адам бар. Білім ошағы «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының қаржыландыруымен қолға алынып, биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Өңір басшысы одан кейін Бәйдібек ауданы, Шаян ауылындағы 300 орындық мектептің құрылысымен танысты. «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан мектептің тапсырыс берушісі – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ы. Құрылысты «Тамыз құрылыс ББК» ЖШС мекемесі жүргізуде, бас жобалаушы – «Архипелаг» ЖШС.
Мектептің құрылысы былтыр тамыз айында басталған, 2024 жылдың қыркүйек айында мектепті толықтай тапсыру көзделген. Учаскенің жалпы ауданы 2,8 гектар жерді құрайды. Ал ғимараттың жалпы ауданы – 5 700,0 шаршы метр.
Облыс әкімі мердігер мен осы салаға жауапты азаматтарға жұмысты жеделдету жөнінде тапсырма берді. Бұл мектеп өзге білім ұяларына үлгі болып, оқушылар мен ұстаздарға жағдай жасалуы керектігін жеткізді. Мектепті білікті ұстаздармен қамту мәселесі де назарға алынады.
Айта кетейік, былтыр өңірде 20 мектеп пайдалануға берілсе, ал биыл облыста 43 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның 29-ы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы арқылы болса, қор есебінен 14 білім ордасы бой көтереді.