Атқарылған кешенді жұмыстардың арқасында жыл сайын суға батып көз жұмғандар саны азайып келеді. Дегенмен әрбір құрғақ статистиканың артында адам өмірі мен жақындарының қайғысы тұрғанын ұмытпаған абзал. Соңғы 10 жылда екі мыңнан астам адамның өмірі судан қиылып отыр, оның 701-і бала. Жыл басынан бері патрульдеу кезінде 131 адам құтқарылды, олардың ішінде 35 бала болды.
Ал, Түркістан облысында жазғы шомылу маусымы ашылғалы бері ауқымды шаралар ұйымдастырылуда. Жыл басынан бері 2 670 патрульдеу және рейд жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, өзендер мен каналдардың бойында орналасқан 5 500-ге жуық тұрғын үйлерді аралау арқылы түсіндірме жұмыстары өткізілді.
Бұл жерде назар аударатын нәрсе: әрбір азамат жол жүру ережесін сақтаған сияқты, судағы жүріп тұру қағидаларында қатаң сақтауы тиіс. Себебі, «Шәкірт дайын болғанда ғана ұстаз келеді» демекші, қанша ескерту, оқыту, алдын алу шаралары ұйымдастырылғанымен, ең бірінші судан келетін қауіпке араша болушы – ол адамның өзі екенін ұмытпағанымыз жөн. Сонымен қатар судағы қауіпсіздік ережелерін бұзушыларға әкімшілік әсер ету су айдындарындағы оқиғалардың санына оң нәтиже беруде.
«Өздеріңіз, жақындарыңыз және балаларыңыз судан жапа шегуінің алдын алу үшін, судағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет», – дейді Түркістан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы полиция капитаны Бексұлтан Ташимов.
Біріншіден, балаларды су айдындарының жанында қараусыз қалдырмаңыз және ересектердің қарауынсыз шомылуға жол бермеу қажет. Балаларыңызды жүзуге үйрету керек. Екіншіден, бейтаныс және шомылуға жабдықталмаған орындарда, сондай-ақ «Шомылуға тыйым салынады», «Сүңгуге тыйым салынады», «Қауіпті! Иірім» белгілері орнатылған жерлерде суға түспеген жөн.
«Мас күйде шомылмаңыз. Жүзудің шекарасын белгілейтін қалытқылардан асып кетпеңіз. Шағын көлемді кемелерге және басқа да жүзу құралдарына жақын жүзіп бармаңыз. Тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде сүңгімеңіз. Жүзу құралдарына құтқару күртешесінсіз отырмаңыз. Жүзуге арналмаған заттармен жүзбеңіз. Қайықтардан, катерлерден, айлақтардан, жартастардан, парапеттерден, қоршаулардан және басқа да заттардан, сондай-ақ осы мақсаттарға бейімделмеген құрылыстардан суға секірмеңіз», – дейді Кентау қаласы Төтенше жағдайлар бөлімінің офицері Сүйінбай Ақтөре.
Өкінішке орай, ресми статистикаға жүгінер болсақ, суға кетушілердің ішінде балалар көп.
Оның басты себебі – үлкендердің қарауынсыз қалуы және белгіленбеген жерлерде суға түсу екен. Су айдындарының жанында балаларды қараусыз қалдыру – қауіпсіздік қағидаларын бұзу болып табылады.
Бүгінде арнайы мамандар тарапынан түсіндірме жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Атап айтар болсақ, мектептерде судағы қауіпсіздік бойынша семинарлар мен ашық сабақтар өткізілуде. Сонымен қатар, әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасылардың балаларын тегін шомылдыру бойынша, 1500-ден астам бала қамтылған.
Жалпы, Түркістан облысында шомылуға тыйым салынған жерлерде суға түсетіндер азаймай отыр. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құтқарушылар, тәртіп сақшылары мен еріктілер суға түсуге тыйым салынған жағажайларды тексеріп шықты. Шомылуға тыйым салынса да облысқа қарасты ауылдардың өзен жағасында демалушылардың қарасы қалың. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары мен полиция қызметкерлерін көргенде кейбірі киімдерін жинап, кетуге асықса, енді бірі құтқарушылардің өзіне «неге мына жаққа қағып қоймайсыңдар? Жазуларың ана жақта, мүмкін мен мына жақтан келген шығармын!» деп дүрсе қоя берді.
Су лас, табаны балдыр екеніне қарамастан кішкентай балалар да шомылуда. Аптап ыстықтан бас сауғалап келген ауыл тұрғындарының көбі шомылуға тыйым салынған жерлерге суға түсуге болмайтынын білмедік деп ақталды.
«Мына жерге бала-шағамызбен демалуға келсек, бұл жерде шомылуға болмайды екен. Осында шомылатын орындар ашылса дейміз. Бала-шаға қалай шомылмайды? Осындай жерлерге келсек, шомылсақ деген ойымыз бар. Жаздың ыстық мезгілінде балар шомылғысы келеді. Ал, шомылатын жекеменшік бассейінге апарайын десем бағасы қымбат», — дейді Хантағы ауылының тұрғыны Шолпан.
Түсіндіру жұмысына ерікті жастар да қатысты. Олар демалушыларға жадынамалар таратып, белгіленбеген орында шомылудың қауіпті екенін ескертті. Бұл жұмыстарға жыл басынан бері 580 ерікті тартылған.
«Кентау қаласына қарасты ауылдарда шомылу маусымына орай келген тұрғындарға, қонақтарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Байылдыр, Хантағы, Қарнақ, Ащысай ауылдарында болдық. Түсіндірме жұмыстары бойынша жадынама парақшаларын таратып, балалардың қауіпсіздігін айтып түсіндірудеміз», — деді ерікті Қуаныш.
Өңірде тыйым салынған орындарда суға түсушілер көп дейді мамандар. Шомылу маусымы басталғалы бері жүзге жуық азаматқа ескерту жасалса, әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес 2 тұрғынға айыппұл салынған.
Түркістан облысында 27 арнайы суға түсу орны бар. Шомылу маусымы басталғалы бері жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін өңірдегі өзен-көлдердің жағасында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Мәселен өткен жылы әртүрі жағдайларға байланысты 24 адам суға кетсе, биыл жыл басынан бері 17 қайғылы жағдай тіркелген. Оның 13-і ата-ана қарауынсыз жүрген жасөспірім балалар. Сондықтан құтқарушылар тұрғындарды кішкентай балаларды көзден таса қалдырмай, қауіпсіздік талаптары сақталған орындарда ғана суға түсуге шақырды.
Раушан ПЕРНЕХАНҚЫЗЫ