Кез-келген жастың оқуды бітіріп, мамандық иесі атанып, қолына диплом алғаннан кейін жұмыс іздейтіні белгілі. Алайда, тәжірибесі жоқ адамды жұмысқа ешкімнің алғысы келмейді. Осындай тығырықтан шығудың бірден-бір жолы, ол – «Жастар практикасы» бағдарламасы. Бұл — жас маманның тәжірибе жинауына мүмкіндік беретін бағдарлама. Былтыр Кентау қалалық «Мансап» орталығы арқылы 410 жас маман «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша жұмысқа жолдама алды.
Айта кетейік, «Жастар практикасы» бағдарламасы жоғары және арнаулы білім беру ұйымдарының түлектеріне (алдыңғы 5 жыл ішінде оқуын аяқтағанын растайтын дипломы бар және 35 жастан аспаған азаматтарға) арналған. Оның ұзақтығы 12 айдан аспайды. Жалақының бір айдағы мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Кентау қаласында жыл басынан бері «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша 122 өтініш білдіруші жұмысқа жолдама алды.
«Алғашқы жұмыс орны» жобасы жұмысқа алғаш рет орналасатын, еңбек тәжірибесі жоқ жастарды қолдау мақсатында іске асырылады. «Мансап» орталығы жұмыс берушілермен келісім-шарт жасап, оқу орнын енді тәмамдаған жастар 18 ай жұмыспен қамтылады. Нәтижесінде өңірдегі жұмыссыздық деңгейі төмендеп, жастардың тәжірибе мен біліктілігін арттырады. Бұл жобаға 35 жасқа дейінгі және жұмыссыз жүрген азаматтар, жұмыс өтілімі жоқ жастар қатысады. Мұның да еңбекақысы 30 айлық есептік көрсеткіш көлемін құрайды.
Кентау қаласындағы «Мансап» орталығының директоры Жақсылық Нұралыұлы: «Алдымызға қойған жоспарға сәйкес биыл жыл соңына дейін 90 адамды жұмысқа орналастыру көзделген болатын. Ағымдағы жылдың 6 айында қалада «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 78 адам жұмысқа орналасты», — дейді.