Кешегі ақылман, данагөй аталарымыздың киелі сөзі әлі күнге дейін маңызын жойған жоқ. Тек заман талабына сай биліктің түр-түсі, тұлғасы өзгергенімен, ішкі болмысы сол қалпында қалған. Сырт қарағанда әділ шешім айту оңай сияқты болғанымен, бүгінгі өркениет пен сана жаңарған кезеңде заманауи талапқа сай әділ билік айту оңай емес. Ол үшін кісілік қасиетің мен әділдікті талап ететін адами қасиетің аздық етеді, көптеген заң бабы мен талаптарын ақтарып, істің ауыр, жеңіл жақтарын дұрыс саралай да білуің қажет. Сонда ғана азаматтық арыңа кір келтірмейсің. Ондай заңгерлер арамызда аз емес. Солардың бірі — Түркістан облысы Кентау қалалық сотының судьясы Ұлан Дәулетбекұлы Байжігіт.
Ұлан Дәулетбекұлы 1980 жылы 18 ақпан-да Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданында дүниеге келген. Орта мектепті бітіріп, арман қуып Түркістан қаласына Халықаралық қазақ-түрік университетіне оқуға кетеді. 2001 жылы университетін бітіріп, 2002 жылы Ордабасы аудандық сотында қызметін бастады.
2002-2014 жылдары – Ордабасы аудандық сотының маманы сот хатшысы, 2004 жылы жетекші маман-сот мәжілісінің хатшысы, 2007 жылы бас маман-сот мәжілісінің хатшысы, 2008-2014 жылдары кеңсе меңгерушісі. 2014 жылдан бүгінгі күнге дейін Кентау қалалық сотының судьясы болды.
Жастайынан спортқа, еңбекке жақын болып өскен Ұлан Дәулетбекұлы студенттік кездерден бастап жұмыс жасаған. Небәрі 17 жасында, 1997-2001 жылдары – ОҚО, Түркістан қаласындағы олимпияда резервін дайындайтын «Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде» қазақша күрестен жаттықтырушы, 2001 – 2002 жылдары – ОҚО Ордабасы ауданындағы «Қажымұқан» атындағы спорт мектебінде қазақша күрестен жаттықтырушы болып жұмыс жасаған.
Ол үнемі адал да, әділ қызметі үшін халықтан алғыс алатын. Мемлекет те еңбегін елеусіз қалдырған емес. Көптеген марапаттарға ие. Атап айтсақ, 2019 жылғы Қазақстан Республикасы судьялар одағы төрағасының құрмет грамотасы, 2022-2023 жылдары Түркістан облыстық сотының төрағасының құрмет грамотасымен марапатталған. Сондай-ақ, Кентау қаласы әкімінің алғыс хаттары және төсбелгісімен марапатталған.
Өз қызметіне ғана адал жан емес, бақытты отбасының тірегі, асыл жар. Дос-жарандары да сыйлы. Өз ортасына үлгі боларлық қазақтың өр мінезді, кең көңілді, ақ пейілді азаматы. «Әр тұлға – мінезімен көрікті» деген атам қазақ. Көрікті мінезіңізбен төңірегіңізге мейірім шуағын шаша беріңіз.
Ж.Абдирасулова,
Кентау қалалық сотының жетекші маманы