Халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасы биыл барлық өңірде жүргізілуде. Өңірлер мен республикалық маңызы бар 3 қала бойынша 150 қаржы сарапшысын оқыту басталған болатын. Бұл мамандар жыл бойы 200 мың қазақстандыққа қаржылық сауат курстарын өткізеді. Әсіресе, онда несие мерзімі 90 күннен асып кеткен азаматтарға басымдық берілмек.
Өткен жылы басталған пилоттық жоба өз тиімділігін көрсетіп, жалпыхалықтық бағдарламаға айналды. 2023 жылы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өтіп, оның игілігін барша халық көруі керек деген еді. Ал, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, соңғы үш жылда Қазақстанда тұтыну несиесін алғандар саны артып келеді. Қазіргі уақытта 8,4 млн халықтың мойнында 18 трлн теңге несие бар. Оның ішінде тұрғындар шағын микроқаржы ұйымдарынан 197 млрд теңге онлайн қарыз рәсімдеген екен.
Халықттың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында үстіміздегі жылы маусым айында Кентау қаласында «Қарызсыз қоғам» пилоттық жобасы өткен болатын. Аталған жобаға қатысқан тұрғындарға жуырда сертификаттар табысталды. Қазіргі уақытта жоба қалада және қалаға қарасты ауыл тұрғындарын оқыту бойынша жұмыстар іске асырылуда. Аталған пилоттық жобаға жыл соңына дейін 700-ге жуық адам қатысады деп жоспарлануда.
Жыл басынан бері 400-ден астам адам оқуды аяқтады. Оларға біліктілікті арттыру курстарынан сәтті өткендерін растайтын сертификаттар мен арнайы буклеттер табыс етілді. Жоба қатысушыларына қаржылық сауаттылықтың маңызды аспектілерін үйренуге көмектесіп қана қоймайды, сонымен қатар ақша мәселелері мен шығындарға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға ықпал етеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін «AMANAT» партиясы Halyk Bank-пен бірге «Қарызсыз қоғам» жобасының басталғанын жариялап, тиісті меморандумға қол қойған болатын. Жобаны Halyk Bank қаржыландырады. Жобаның басты мақсаты – азаматтардың әсіресе, берешегі бар қарыз алушылардың қаржылық сауатын арттыру болып табылады.
Кентау қалалық «AMANAT» партиясының төрағасы Арман Басаровтың айтуынша, қоғамда азаматтарды өз қаржысын тиімді басқаруға және шығындарын оңтайландыруға үйрету қажеттілігі туындап отыр.
— Әртүрлі есеп бойынша елімізде шамамен 1,5 млн қазақстандық банкроттық деңгейінде тұр, қарызын уақытылы төлей алмай жүргендердің саны 6 миллионнан асады. Бұл өте күрделі әлеуметтік мәселе және «AMANAT» партия оған бейжай қарай алмайды. Қазір біз мәселенің салдарымен күресіп жатырмыз. Несие алып, қарызға батқан сол азаматтарға кезінде кеңес беретін ешкім болған жоқ. Енді біз осы қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша «Қарызсыз қоғам» деп аталатын білім беру жобасын қолға алып, арнайы қаржылық сарапшыларды дайындауға кірістік. Сарапшылар қаламыздың ауылдық жерлерін аралап, жылдың аяғына дейін ауыл тұрғындарын оқытып шығаруы керек. Осылайша, Кентау қаласының және қалаға қарасты ауыл тұрғындарының қаржылық мәдениетінің деңгейін арттыра аламыз. Осындай жоба біздің халық үшін қажет. Қарызға белшеден батқан көп адам одан өз бетінше құтыла алмайды. Тіпті, қайда барып, кімнен көмек сұрайтынын да білмейді. Бұл әсіресе, ауылдық елді мекендердің тұрғындары үшін өте өзекті мәселе», — деді ол.
Жобаға қатысушылар күндізгі форматта сауатын арттырады. Бір топта 50 адамға дейін оқытылады. Оқу процесінің ұзақтығы – 5 жұмыс күні. Қаржы мамандарының дәрісінен бөлек, оқу процесіне қатысушыларға заңгер көмегі көрсетіледі. Олар әр қарыз алушының несие тарихын жеке-жеке зерттеп, қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша тәжірибелік кеңес береді.
— Мен осы жылдың маусым айында «Қарыссыз қоғам» пилоттық жобасының курсына қатыстым. Сонымен қатар, оқуға әлеуметтік мәртебесі мен материалдық жағдайы әртүрлі адамдар келді. Айта кетсек, қала және қалаға қарасты ауыл тұрғындарының ішінен ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер, дәл қазіргі уақытта қарызы бар және төлем жасау мерзімін өткізіп алған азаматтар, сондай–ақ несие қарызы бар және борышкерлер тізімінде тұрған тұрғындар қатысты. Бес күнге созылған семинарда қатысушылар қаржыға қатысты мәселелер қалай пайда болатынын, дәл қазіргі уақыттағы несиелік қарыздар санын азайтудың қандай жолдары барын, алаяқтық әрекеттерді қалай анықтау керек екенін білдік. Ал ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер өз бюджетін қалыптастыру тәртібіне, салық есеп-қисабын ұсынуға және мемлекеттік қолдау бағдарламаларының қаржыландыру шартына қатысты құнды ақпарат алды, — дейді Кентау қаласының тұрғыны Азиза Нәлібаева.
Аталған жобада несие бойынша берешегі бар және борышкерлер тізімінде тұрған қала және ауыл тұрғындары, қарызы бар және оның мерзімін өткізіп алған азаматтар, мемлекеттен жеңілдікпен несие алуға үміткер кәсіпкерлер оқудан өте алады.
Раушан НАРБЕК