Бүгінде Түркістан облысындағы әрбір аудан, қалада «Мектепке жол» акциясы өтіп жатыр. Басты мақсат – әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларын мектепке дайындау. Игі іске кәсіпкерлер мен мекеме басшылары және мешіт жамағаты да белсенді түрде қатысуда.
Төлеби ауданына қарасты орталық «Нұр» мешітінде «Мектепке жол» акциясы аясында «Білімді ұрпақ- ел болашағы» атты қайырымдылық шарасы өтті. Игі іс барысында «Нұр» мешітіне тіркелген 100 оқушыға оқуға қажетті құралдар салынған мектеп сөмкелері үлестірілді.
Аталған бастама «Ешенқұлұлы Қуаныш» жеке қорының тікелей демеушілігімен жүзеге асты. Осы орайда Төлеби ауданының бас имамы Үсен Сауырбаев қор басшылығына алғыс айтты. Жалпы шара жаңа оқу жылына дайындық уақытында аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған. Іс-шара барысында сөмкелер мен киімдер және оқу құралдары үлестірілді.
Кентау қаласында өткен «Мектепке жол» акциясы аясында 300-ге жуық оқушыға мектепке қажетті құралдар тапсырылды. Шарада қала әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова мектеп оқушыларымен кездесіп, жаңа оқу жылымен құттықтады. Жыл сайын өткізілетін акцияға қаладағы «ЭрМад» ЖШС-ның өкілдері өз үлестерін қосты.
Акцияның мақсаты – аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңiнде қолдау көрсету. Мұндай қайырымдылық шарасы тамыз айының соңына дейін өз жалғасын табатын болады.
Жетісай ауданында «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында 100 оқушыға оқу құралдары табысталды. Шараға аудан әкімі Серік Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаров қатысып, жаңа оқу жылына сәттілік тіледі.
Жалпы шара — аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде әлеуметтік көмек көрсету мақсатында ұйымдастырылған. Айта кетейік, «Мектепке жол» дәстүрлі жалпы республикалық қайырымдылық акциясы 2024 жылғы 1 тамыз — 30 қыркүйек аралығында өткізіледі.
Келес ауданында да «Мектепке жол» акциясы аясында қайырымдылық шарасы өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Даурен Сариев қатысып, оқушыларға арнайы дайындалған сыйлықтарды табыстады. Жалпы қайырымдылық акциясы аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға көмек көрсету мақсатында қолға алынған.
Айта кетсек, аудандағы қайырымдылық шаралары жергілікті демеушілер мен әлеуметтік серіктестердің қолдауымен өткізіліп жатыр. Сонымен қатар, биыл аудандағы шалғай ауылдар үшін мектеп оқу-құралдарын төмендетілген бағамен сату мақсатында автодүкен қызметі ұйымдастырылуда.
Сондай-ақ, аудандағы «Жеңіс» саябағында республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында жәрмеңке өтті. Онда балалардың мектепке қажетті киім-кешектері мен оқу құралдары жеңілдетілген бағада саудаланды. Жәрмеңкеге аудандағы барлық елді мекеннің тұрғындары келіп, қажетті тауарларын сатып алды. Сондай-ақ, акция аясында демеушілер тарапынан аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға көмек көрсетілді.
Бұдан бөлек, елді мекендердегі мектептерге көшпелі автодүкендер ұйымдастыру қолға алынған. Автодүкен — кәсіпкерлермен бірлесе отырып шалғайдағы ауылдық елдімекен тұрғындарына төмендетілген бағамен мектепке қажетті құрал-жабдықтарды ұсыну мақсатында ұйымдастырылады.
Келес аудандық білім бөлімі мектеп оқу-құралдарын төмендетілген бағамен сату мақсатында автодүкен қызметін ұйымдастырды.
Автодүкеннің мақсаты — кәсіпкерлермен бірлесе отырып шалғайдағы ауылдық елдімекен тұрғындарына төмендетілген бағамен мектепке қажетті құрал-жабдықтарды ұсыну. Мұндай шара өңірде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Автодүкен Келес ауданының шалғайдағы 6 ауылдық округіне барады. Айта кетейік, 2024-2025 оқу жылында аудандық білім беру ұйымдарында оқушылардың мектеп формасы «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасы туралы» Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің бұйрығының негізінде реттеледі.
Сауран ауданы, Шаға ауылдық округіндегі Әшірбек Сығай атындағы жалпы орта мектебінде республикалық «Мектепке жол» акциясы өтті. Аталған шараға аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Бөкебаев қатысып, жаңа оқу жылына сәттілік тіледі. Акция барысында жергілікті демеушілер есебінен 300-ден астам оқушыға қажетті оқу құралдары мен киім-кешек үлестірілді.
Жалпы акция — аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға көмек көрсету мақсатында қолға алынған.
«Мектепке жол» акциясы Сарыағаш ауданында да жалғасын тапты. Акциясы шеңберінде жәрмеңке өтті. Жәрмеңке аудан орталығынан шалғай орналасқан Дарбаза ауылдық округіндегі №63 жалпы білім беретін мектебі мен Құркелес ауылдық округіндегі №67 Ә.Тәжібаев атындағы оқу ордасында ұйымдастырылды.
Шарада жергілікті кәсіпкерлер оқу құралдары мен балалардың мектеп киімдерін қолжетімді бағада ұсынды. Жалпы қайырымдылық акциясы аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға көмек көрсету мақсатында қолға алынған.
Созақ ауданында «Мектепке жол» акциясы аясында жәрмеңке өтті. Шараға жергілікті кәсіпкерлер кеңсе құралдары мен балалардың мектеп киімдерін қолжетімді бағада ұсынды. Сонымен қатар, облыстық мәслихат депутаты Мағауия Тұрысбековтің демеушілігімен көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыдан шыққан 20 балаға 50 мың теңгеден қаржылай көмек табысталды.
Жалпы биыл аудандағы атаулы әлеуметтік көмек алатын мектеп жасындағы 1 250 балаға мемлекет тарапынан 54 млн теңдеген астам қаржы қарастырылуда. Бұдан бөлек, аудан әкімі аппараты мен бюджеттік мекемелер әлеуметтік аз қамтылған отбасыдан шыққан 107 балаға оқу құралдары мен мектеп формаларын, аяқ киім және сөмкелерді табыстады.
Түлкібас ауданына қарасты Т.Рысқұлов ауылында «Мектепке жол» акциясы аясында жәрмеңке өткізілді. Онда жергілікті кәсіпкерлер тұрғындарға оқу-құралдары мен мектеп киімін жеңілдікпен ұсынды. Жәрмеңкеде жейделер — 2 мың теңгеден, аяқ киімдер 2-5 мың теңгеден, сөмкелер 3-5 мың теңге аралығында сатылды. Жалпы мектепке қажетті киім-кешектер мен оқу құрал-саймандары сауда орталықтары мен базар бағасынан едәуір арзан бағада ұсынылған.
Биыл Түркістан облысында «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік осал отбасынан шыққан 60 693 балаға мемлекеттік қолдау көрсетілетін болады. Өңірдегі экономикалық есептеулер нәтижесінде әр балаға 43 407 теңгеден үлестіріледі. Бұл жайында Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетов мәлімдеді.
«Аталған қолдау — мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға, жан басына шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балаларға, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар мен білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына беріледі. Жоғарыда аталған санаттағы отбасының балаларына киім мен оқу-құралдарын алу үшін білім беру ұйымының басшысының атына баланың ата-аналары немесе заңды өкілдері өтініш беруі тиіс. Кейін ата-ана не заңды өкіл білім беру ұйымына сатып алынған тауарлардың атауы көрсетілген шығыстар туралы растайтын құжатты тапсыруы керек» — деді Жандос Маханбетов.