Қазіргі таңда үй шаруасымен айналысып, жұмыссыз отырған әйелдер көптеп кездеседі. Олар зейнет жасына жақындағанда жұмысқа тұруға ниет білдіреді. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнеткерлік жасқа дейінгі азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартуға бағытталған «Күміс жас» жобасына қатысушылардың контингенті мен қатысу кезеңі кеңейтіледі. Өткен жылдан бастап «Күміс жас» жобасына қатысушылар контингентіне 50 жастан асқан жұмыссыз азаматтар енгізілді. Қатысу мерзімі 36 айға дейін, сондай-ақ қатысушылардың жалақысы бойынша субсидиялар мөлшері ұлғайтылған. Субсидиялар мөлшері: жұмыстың бірінші жылында жалақы мөлшерінің 70%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын), жұмыстың екінші жылында жалақы мөлшерінің 65%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын), жұмыстың үшінші жылында жалақы мөлшерінің 60%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын) құрайды. Кентау қаласындағы «Мансап» орталығының директоры Жақсылық Нұралыұлының мәлімдеуінше, «Күміс жас» жобасын іске асыру шеңберінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен Кентау қаласы бойынша жыл басынан бері 105 адам жұмысқа жолданды.