Өмірдегі ең қорқынышты да, аянышты жағдай — шарасыздық пен мәжбүрлік. Өміріңнің көз алдыңда зуылдап өтіп бара жатқанын көгілдір экран сыртындағы көрермен секілді сырттай бақылап қана қойып, оны өзгертуге, я болмаса жақсартуға қауқарсыз күй кешу нағыз тозақтың өзі дерсің… Қазіргі кезде қоғамда өршіп тұрған өзекті мәселенің бірі — нашақорлық. Осы дерттің белең алуына байланысты есірткіні ұзақ жылдар бойы пайдаланған адамдармен кездесіп, олардың өмірде жіберген қателіктері өзгелерге, яғни өскелең жастарға сабақ болсын деген ниетпен оқырманға ұсынып отырмыз.
Мен кездескен кейіпкерлердің бірі 20 жылдай есірткі пайдаланған адамдар. Ең аз есірткі тұтынғанның өзі екі жылдан асады. Олардың арасында наркологиялық емдеу орталығында ем қабылдап, есірткіні тастағандар да бар. Ал кейбіреуі жарты жылдай наркологиялық орталықта қонақтап тұрақты емделушісі болғандар да табылады. Нашақор атанған адамдармен кездесуде реңі қарауытқан, жүзі солыңқы, өмірге өкпелі, өкініші мен мұңы көп адамдарды көремін деп келгенмін. Бірақ, мен ойлағандай өмірге өкпесі қара қазан, қорлық көрген адамдар емес, қарапайым ғана өмірге деген құштар, болашақтан үлкен үміт күтетін адамдарды көрдім. Бірақ, олардың жан-дүниесіндегі алай-дүлейді өздерінен басқа ешкім сезбесі анық. Дегенмен де, шарасыздықты, сенімсіздікті, күмәнді ойларды, өз өміріне деген немқұрайлылықты, болашағына деген үмітсіздікті кейбірнің көзінен байқадым. Есірткіні серік еткен адамдардың ең үлкені 38-де ал ең жасы 21 жаста. Қырықта қамал алатын жасқа жетсе де әлі де есеймеген, ақыл тоқтатпаған екенін байқауға болады.
«Өзгеге ажал дертін сатып, нан тапқанның бірімін»
Өзге біреуге ажал сатқан адамды көрдіңіз бе? Қапелімде «Ажал сатқаны несі?, — деп түсінбей қалған боларсыз. «Ажал Алладан келмей ме?» деріңіз анық. Алайда наша сатып, нанын тауып, есесіне талай адамды ажал аузына апаратын есірткі саудасымен айналысқандардың бірі мен боламын. Осыдан он жыл бұрын есірткіні қызық көріп пайдаланып көредім. Бағасы да шарықтап тұрған есірткіні неге өзім өсіріп, өзгеге сатып, байлыққа батпасқа деген ойға келдім. Сөйтіп, гүлдердің арасына бір-екі есірткіні ектім. Ол гүлдерімнен де әдемі болып жайқалып өсе бастады. Оны әдемілеп кесіп алып, сарайға тығып кептірдім. Сөйтіп, өзімнің нашақор таныстарыма сата бастадым. Сөйтіп, екі түпті қанағат тұтпай 10-ға жуық түп өсірдім. Қыс бойы бизнесім тоқтап қалмасын деген оймен сарайға тығып гүл өсіретін құтыға отырғыза бастадым. Бизнесім жүріп, қалтам да қалыңдай бастады. Мен өзгелердің денсаулығына алаңдамадым, тек өзімнің пайдамды ғана ойладым. Сөйтіп, қос-қостан үй мен көлік алдым. Саудамның жүргеніне масатана түстім. Анам менің гүл емес есірткі өсіріп жүргенімді сезді. Анам байғұс шырылдап бұл істі тастауыма кеңес берді. Бірақ мен тыңдамадым. Адамдарға ажал сатуымды тоқтатпадым. Содан не керек, күндердің бір күнінде Кентау қалалық полиция қызметкерлері менің есірткі саудасымен айналысып жүргенімді біліп құрықтады. Осы есірткіні сатып, соны пайдасына алған бар жиған-тергенім де мені темір тордан құтқара алмады. Менің абақтыға қамалғаныма анам шыдай алмай жүрегі ұстап көз жұмды. Анамды жерлеу рәсіміне қатысып, бір уыс топырақ тастай алмағаныма қатты өкінемін. Шымкент қаласында орналасқан №31 түрмеде жатқан кезде есірткіге тәуелді болған өзімнің тұрақты клиенттерімді көрдім. Біресе менен есірткі сұрап жынды адамдай жалынып келсе, біруі өздерінің өмірлерінің тозаққа айналғанына кінәлады. Есірткінің салдарынан түрлі қылмыс жасаған. Өкінішімді арқалап темір тордан шықтым. Қазіргі таңда Кентау қалалық Пробация қызметінің бақылауына алындым. Аталған мекеменің инспектрлорының арқасында қоғамға бейімделіп, адал нанымды табу үшін тұрақты жүмысқа орналастым.
«Жалғыз ұлымның көз алдымда солып бара жатқаны қынжылтты»
Кентау қаласының тұрғыны Сақып апай (өз өтініші бойынша есімі өзгертілді) 60 жас шамасындағы ұзын бойлы әйел. Ол жалғыз ұлы Ізбасардың (аты өзгертілді) есірткіге қалай тәуелді болғанын және мұның соңы неге әкеліп соққанын айтып берді. Сақып апай ұлының осыдан 10 жыл бұрын наша шеге бастағанын айтады.
— Ұлым мектепті жақсы оқитын. Тәртібі де жаман болмады. Ұл бала болғанан кейін колледжде оқысын деген оймен, колледжге құжаттарын апарып тапсырдым. Бірақ, ұлым өзі 11 сыныпты оқып университетке оқығысы келді. Мен баламның сөзіне құлақ аспадым. Сөйтіп, колледжде оқып жүрді. Күндердің бір күнінде ұлымның көзі жиі қызарып жүргенін байқадым. Нафтизин тамызатын. Содан болар деді. Бірақ есірткі пайдаланатынын мойындаған жоқ. Қалтасынан, сарайдан бірнеше рет пакетке оралған шөп тәрізді зат тауып алып, есірткі пайдаланасың ба деп сұрадым. Сол кезде де балам мойындамады. Содан кейін, барлық жерге құлып салып жүрдім, — дейді өткенін еске алған Сақып апай.
Колледжді автоэлектрик мамандығы бойынша бітірген Ізбасар автокөлікке техникалық қызмет көрсету мекемесіне шебер болып жұмысқа тұрған. Бірақ көп ұзамай жұмыстан қуылған. Осыдан кейін ол қала сыртындағы жаңа жұмысқа орналасқан. Анасының айтуынша, ол жұмыста жиі жалғыз қалып, қалағанынша наша шегетін әдет тапқан.
— Соңғы кезде шарасыз күйге түстім есірткі ұлымның кәсібі мен денсаулығына ғана емес, өміріне де кесірін тигізе бастады. Ұлымның жауапкершілігі артар деген үмітпен көлік сатып әпердім. Бірақ мұным қателік болды. Ол үш айдың ішінде бірнеше рет жол ережесін бұзып, адам қағып та үлгерді. Абырой болғанда, қаққан адамы көршіміз боп шығып, ол ұлыма кешірім жасады. Бірақ ұлым жүргізуші куәлігінен айырылды. Жүргізуші куәлігі болмаса да есірткіге елтіген күйі көлік айдап, жол полициясының қолына түсті. Болмаған соң жеңіл көлікті сатып жібердім, — дейді Сақып апай.
Анасы жыл өткен сайын ұлының жағдайы нашарлай бергенін, Ізбасардың синтетикалық есірткі тұтынуға көшіп, күні бойы ұйықтап, күн көзінен қорқатын, не киіп жүргеніне назар аудармайтын, есірткі пайдаланатынын жасырмайтын және есірткіге қажетті ақшаны анасының жанын қоймай сұрап алатынын, сонымен қатар, үйіндегі заттарды да есірткі алу үшін сатуға көшкенін еске алды.
— «Ұлыңды үйлендіру керек, сонда басылады» дегендер болды. Не үшін? Біреудің қызын азапқа салу үшін бе? Мұндай күйде жүрген адамға қыз да тіпті отбасы да керек емес қой. Біреудің үкілеп тәрбиелеген қызының обалына қалғым келмеді, — дейді Сақып апай.
Сақып апайдың айтуынша, Түркістан облыстық психикалық денсаулық орталығының психиатр нарколог дәрігерінің жүргізген емінің арқасында Ізбасар есірткіні тастаған екен. Бірақ ұлының нашақор таныстары оған маза бермей күнде үйге іздеп келіп, көшеде көріп қалса тоқтатып өздеріне шақырады.
«Ұлым оларға бұдан әрі есірткі пайдаланғысы келмейтінін, ауырып жүргенін айтты. Ал олар қыр соңынан қалмай қойды. Ешқашан үйде наша шегуге рұқсат берген емеспін. Бірақ олар бәрібір гараждар мен үйлердің ортасынан немесе біреудің пәтерінен сондай орын табатын», — дейді Сақып апай.
— Мұндай жағдайға кез келген адам тап болуы мүмкін. Өкінішке қарай, Түркістан облысында да жастар арасында синтекикалық заттарды иіскеу сәнге айналып барады. Оны олар өздерінше есірткіге жатқызбайды. Дегенмен де, балаларының болашағын уайымдап жүрген ата-ана көп. Ұлымның нашақор достарының кесірінен облыстың басқа ауданына көшуіме тура келді. Аллаға шүкір қазір ұлым есірткі пайдаланбайды. Өмірге деген құлшынысы да, болшаққа жоспарлаған мақсаты айқын. Баламыздың ерсі әдетін жасырып, оны емдетпей болашағына балта шапқанан гөрі, әрбір жаман әдеттің алдын алып емдеуге асығуымыз керек. Балаларымыз үшін біз күреспесек кім күреседі? — дейді Сақып апай.
Жиырма жыл есірткіге тәуелді болдым, жазыламын деген үміттемін
Түркістан қаласының 38 жастағы тұрғыны Ерман он сегіз жасында есірткіні қызық көріп пайдаланған. Есірткінің барлық түрін пайдаланып көріпті. Анашадан бастап, опиумды, героин шыққан соң, героинді пайдалануға көшкен. Оның қасындағы нашақор достарының көбісі қайтыс болып кеткен.
— Ол кезде достарымның барлығы есірткі шегетін. Балалық па әлде қызығушылық болды ма? Шынымды айтсам есірткінің дәмін татқым келді. Қазір ойласам, сол кезде ақымақ болған екенмін. Есірткі өмірімді талқандайтынын білмедім. Соңғы уақыттары героин пайдаландым. Интернет шыққан соң, есірткіні интернет арқылы сатып алып жүрдім. Басында қызық болды. Ештеңе сезілген жоқ. Осыдан он бес жыл бұрын дәрігерлерге қарала бастадым. Көп жерлерге барып емделдім. Осының кесірінен отбасым да, балам да жоқ. Я бітірген оқуым да, адам болып тұрақты жұмыс та істеп көрмедім. Осы кезге дейін маған анам, қарындасым, бауырларым көмектесіп келеді. Олар абақтыға жатқанымда да, емделуге жатсам да артымнан іздеп келіп тұрады. Барлығының өз отбасылары, проблемалары бар. Менен теріс айналған туыстарым да бар. Олар дұрыс істеді деп ойлаймын. Отбасын құрмағаныма өкінемін. Бірақ бір жағынан отбасын құрғанымда, оларда қиналар еді ғой деп ойлаймын. Жалғызбастымын. Енді отбасылы болуға кеш сияқты. Осы бөлімшеде емделіп жатқаныма бес ай болды. Бұрын емделуге өз еркіммен баратынмын. Соңғы жылдары мәжбүрлі түрде емдейтін бөлімдемін. Есірткі пайдаланғаныма өкінемін…
Ерманның басты арманы — есірткіні тастап қалыпты өмірге оралу. Бала кезде заңгер болуды армандаған екен. Бірақ бұл мамандықтың өзіне бұйырмағанын айтып өкінеді. Ерманға үй гүлдерін бағып-баптаған ұнайды. Ол емделіп шыққанан кейін өзінің ландшафт дизайнымен яғни гүл өсіру ісімен айналысып, адал нанын тапқысы келеді.
«Бір жылдары бірнеше уақыт бойы есірткіні пайдаланбай кеткенмін. Бір рет қана пайдаланам деп ойлайсың, бірақ одан кейін өзіңді тоқтата алмай қаласың. Кейде сауыққандай боламын, кейде керісінше өзгеріп кетемін. Жас та емеспін. Анамды, қарындасымды аяймын. Есірткіні қатты қалаған кезде отырсаң отыра алмайсың, жатсаң жата алмайсың, жаныңды қоярға жер таппай кетемін. Амал жоқ, дәрі ішіп ұйықтайсың. Жастарға есірткі дегенге мүлдем жақындамауға кеңес беремін. Өмірлеріне балта шабады. Оның қызық ештеңесі жоқ. Қазір заман өзгерді. Жастарға қызығатын нәрсе көп. Қазіргі жастар ақылдырақ қой. Қызығушылақтары да көп. Спортпен айналысқандары дұрыс», — деді Ерман.
Раушан НАРБЕК