Сыбайлас жемқорлық тек құқық бұзушылық қана емес, ол – мемлекет беделіне деген халықтың сеніміне селкеу түсіретін және ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіретін жағымсыз әлеуметтік құбылыс.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай онымен күресу, бұл – жел диірменмен алысу. Халық әлдебір шенеуніктің немесе басшының жай жауапкершілікке тартылғанын көріп қана қоймай, ол жұмыс істеген мемлекеттік мекемеде енді мұндай жағдайдың қайталанбайтынын дәлелдейтін түбегейлі өзгерістердің орын алғанына куә болуы керек», – деп атап көрсетті.
Сыбайлас жемқорлық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер етіп, әлеуметтік-экономикалық даму үдерісін баяулатады, сайып келгенде, елдің даму болашағына үлкен қауіп төндіреді.
Қала бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстары 2021 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы» аясында жүзеге асырылып келген еді. Мемлекет басшысының 2022 жылғы 2 ақпандағы Жарлығымен Стратегияның күші жойылып, Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған Тұжырымдамасы бекітілді. Сөйтіп, 2022 жылдан бастап Жобалық басқарудың үлгілік базалық бағытының «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қарсы іс-қимыл» төртінші блогы бойынша жобалар картасы және әртүрлі нысаналы топтар деңгейінде декомпозицияланған ақпараттық жұмыс жүргізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бүгін таңда осы құжат негізінде жүзеге асырылуда.
Кентау қаласы әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссиясының жоспарына сәйкес, 2023 жылы комиссия отырысы 4 рет өткізіліп, қаладағы сыбайлас жемқорлықтың жай-күйін талдау, алдағы уақытта сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және болдырмау шаралары талқыланып тиісті хаттамалық тапсырмалар берілді.
Кентау қаласы әкімдігіне қарасты 3 квазимемлекеттік сектор субъектілері («Кентау Сервис», «Ащысай Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарына, «Құрылыс-Кентау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне) комплаенс қызметі (комплаенс офицер) енгізіліп, мақсаттары мен міндеттері, қағидаттары және функциялары мен өкілеттіктері айқындалып, комплаенс ережесі бекітілді. Комплаенс официерлерімен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізілуде.Ұжымда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша іс-шаралар жоспары әзірленіп, комплаенс офицері корпоративтік және әдеп құндылықтарын арттыру мақсатында кездесулер өткізіп отырады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет бағытындағы шаралар бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде және қала әкімдігінің ресми интернет ресурстарында үнемі жарияланады.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2016 жылғы 19 қазандағы №12 «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, Кентау қаласы әкімдігіне бағынысты мемлекеттік органдарда және оларға қарасты ұйымдарда сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізілуде.
Азаматтардың құқықтық сауатын көтеру үшін заң баптарын түсіндіру мақсатында жұмыс ретін көрсету бойынша үнемі жиын, басқосулар өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдарында танымдық материалдарды үздіксіз жариялап тұру назардан тыс қалып көрген емес.
Соның ішінде, мемлекеттік қызметшілер арасында мемлекеттік қызмет саласындағы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Заңы мен Әдеп кодексі талаптарын бұзудың алдын алу бойынша құқықтық оқыту, түсіндірме жұмыстары үнемі өткізіліп тұрады.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облысы бойынша филиалында ұйымдастырылған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент және комплеанс» атты мемлекеттік қызметшінің біліктілігін арттыру мақсатындағы оқуға жыл басынан бері бүгінгі таңға дейін 11 мемлекеттік қызметші біліктілігін арттыру семинарынан өткен.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында Кентау қаласы әкімдігімен жерге қатысты (жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту, жекеменшікке беру, мерзімін ұзарту т.б) қабылданатын қаулылар электрондық форматқа ауыстырылған.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР 2015 жылғы 18 қарашадағы Заңының 10-бабының талабына сәйкес, қала әкімдігіне бағынысты мемлекеттік мекемелерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарт бекітіліп, мекеме қызметкерлері таныстырылған.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасы бойынша білім, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік қолдау, құрылыс, инфрақұрлым, тұрғын үй салаларында сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыру мақсатында, ұжымдарда мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен тұрақты түрде жиналыстар ұйымдастырылып, хаттамамен рәсімделуде.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша әлеуметтік парақшада 53 ақпарат, 10 билборд қала көшелеріне ілінді. Пара, сыйлық бермеу және алмау туралы жадынамалар, 1424 телефон нөмірі көрсетілген парақшалар барлық мемлекеттік мекемелер ғимараттарының көрнекі жерлеріне орналастырылды.
Мемлекеттік қызмет көрсететін бөлім қызметкерлері мен қызмет алушылардың арасында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында, қызмет алушымен тікелей қызмет көрсетілмей, әр әлеуметтік салаға қатысты автоматтандырылған ақпараттық жүйелері арқылы жұмыстар жүргізілуде.
Мемлекеттік қызметшілер тарапынан, Әдеп нормалары мен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға жағдай туғызатын әрекеттерді хабарлау үшін барлық мемлекеттік органдар мен ауыл әкімі аппараттарында жеке және заңды тұлғалардың өтініштеріне арналған «Сенім телефоны» және «Сенім жәшігі» оңтайлы көрінетін жерде орналастырылған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет бағытындағы шаралар бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде және мемлекеттік органдардың ресми интернет ресурстарында үнемі жарияланады.
Азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті мен тұрақты иммунитетін қалыптастыру өте маңызды.
Жоғарыда аталған шаралардың басты мақсаты, Кентау қаласы әкімдігіне қарасты мекемелердің БАҚ құралдарында, ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының талаптарын насихаттау, Кентау қаласы бойынша мемлекеттік қызмет көрсету қызметінің сапасын жақсарту. Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасында көрсетілген және басқа нормативтік актілер нормаларына түсіндірме жүргізу арқылы, азаматтардың құқықтық сауатын жоғарылатуға ықпал ету. Өйткені құқықтық сауаттылық — сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте ең маңызды қару деп білемін.
Жандос ТАСОВ,
Кентау қаласының әкімі