2021 жылғы 1 қазаннан бастап банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін азаматтардың кредиттер бойынша проблемалық берешегін реттеудің бірыңғай және міндетті тәртібі заңнамалық түрде енгізілді және осы сәттен бастап 1,5 млн қарыз алушыға кредит беру шарттарының талаптары өзгертілді.
Fingramota.kz қарыз алушыда кредит бойынша мерзімін өткізіп алу пайда болған жағдайда оның іс-әрекеттерінің алгоритмін еске салады.
Егер қарыз алушы кредит бойынша өз міндеттемелерін орындай алмайтын болса, онда ол, бірінші кезекте, мерзімін өткізу басталған күннен бастап 30 күн ішінде кредитті қайта құрылымдау үшін жазбаша өтінішпен немесе шартта жазылған өзге тәсілмен оған қызмет көрсетілетін банкке немесе МҚҰ-ға жүгінуге тиіс.
Өз өтінішінде қарыз алушы мыналарды:
— өз міндеттемелерін орындамау себептерін;
— бұдан былай кредитін өтеу бойынша өз нұсқаларын көрсетуге тиіс.
Өтінішке міндетті түрде сіздің қаржылық жағдайыңыздың нашарлауын растайтын құжаттарды қоса беру қажет: бұл сіздің қаржылық және әлеуметтік жай-күйіңіз туралы ақпарат, өз міндеттемелеріңізді толық көлемде орындауға мүмкіндік бермейтін кірістеріңіздің төмендеуі немесе болмауы және басқалар болуы мүмкін. Сұратылған құжаттарды ұсынбау қарыз алушының өтінішін қараусыз қалдыру үшін негіз болады.
Қарыз алушы барлық қажетті құжаттарды ұсынғаннан кейін банк немесе МҚҰ өтінішті қарау рәсімін бастайды, бұл ретте, ол қарыз алушының ағымдағы қаржылық және әлеуметтік жай-күйін (төлем қабілеттілігін), кепілге қойылған тұрғын үйінің жалғыз болуын, мерзімін өткізу басталғанға дейін қарыз бойынша міндеттемелерді уақтылы орындауын ескереді.
Банк немесе МҚҰ 15 күнтізбелік күн ішінде қарыз алушыға:
— шарт талаптарына ұсынылған өзгерістерді қабылдау арқылы келісетіні туралы;
— шарт талаптарын өзгерту бойынша өз ұсыныстарын бере отырып;
— себептердің дәлелді негіздемесін көрсете отырып, бас тартатыны туралы жауап беруге тиіс.
Заңнамаға сәйкес қарыз шартының талаптарына өзгерістер енгізуде мыналар көзделеді:
— қарыз шарты бойынша сыйақы мөлшерлемесін азайту жағына қарай өзгерту;
— негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыру;
— берешекті өтеу әдісін немесе берешекті өтеу кезектілігін, оның ішінде негізгі борышты басым тәртіппен өтей отырып өзгерту;
— қарыз мерзімін өзгерту;
— мерзімі өткен негізгі борышты және (немесе) сыйақыны жою, айыпақыны (айыппұл, өсімпұл), комиссияларды және банктік қарызға қызмет көрсетуге байланысты өзге де төлемдерді кешіру;
— ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті кепіл берушінің өз бетінше өткізуі;
— банкке (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға) кепіл мүлкін беру арқылы қарыз шарты бойынша міндеттемені орындаудың орнына бас тарту төлемін беру;
— қарыз шарты бойынша міндеттемені сатып алушыға бере отырып, ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті сату.
Егер өзара қолайлы нұсқа табылмаса, қарыз алушы не істеуі керек?
Егер қарыз алушы қарызды қайта құрылымдау талаптары бойынша кредитормен келісімге келе алмаса не кредитор мерзімі өткен берешекті реттеу рәсімдерін жүргізбесе және дәлелді негіздемелер ұсынылмаса, қарыз алушы кредитордың шешімін алған күннен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге құқылы.
Назар аударыңыз! Қарыз алушы өзінің өтінішіне кредиттік ұйымға жүгінгені және онымен өзара қолайлы шешімге қол жеткізе алмағаны туралы дәлелдемелерді қоса беруге тиіс. Қарыз алушының өтініші негізінде Агенттік банкке немесе МҚҰ-ға қатысты құжаттамалық тексеруге бастамашылық жасайды.
Егер қарыз алушы кредиттік ұйымға жүгінбесе не болады?
Бұл жағдайда кредитор төлемге қабілетсіз қарыз алушыға қатысты шаралар қолдануға:
— жәрдемақылар, алименттер, тұрғын үй төлемдерін, нотариус депозитінің талаптарына енгізілген ақша, білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша ақшаны алуға арналған арнайы шоттарды қоспағанда, қарызды өтеу шотына борышкердің шотынан қаражат алуға;
— берешекті сотқа дейін өндіріп алуға және реттеуге коллекторлық агенттікке беру немесе талап ету құқығын үшінші тұлғаларға беруге құқылы.
Қарыз алушы қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындауды кешіктіруге жол берген кезде қарыз шартында кредиттік ұйымның коллекторлық агенттікті тартуға құқығы болған кезде берешекті сотқа дейін өндіріп алуға және коллекторлық агенттікке реттеуге беруге жол беріледі.
Бұдан басқа, кредиторлар мәжбүрлеп өндіріп алу үшін сотқа жүгіне алады. Бұл ретте сот барлық мән-жайларды, оның ішінде кредитор мен қарыз алушының берешегін реттеу бойынша барлық шаралар қабылданғанын ескеретін болады.
Есіңізде болсын, бұл жағдайдан дұрыс шыға білу қарыз алушының ғана емес, кредиттік ұйымның да мүддесі үшін қажет. Сондықтан, қандай жағдай болса да кредитордан жасырынбаңыз. Мерзімі өткен берешекті өтеу шараларын неғұрлым ертерек ойластырсаңыз, соғұрлым берешекті өтеудің өзара қолайлы нұсқасы тез табылады.
Тағы нені білу маңызды?
Биыл 19 маусымда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Қарыз алушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған негізгі жаңалықтар туралы біз «Жаңа заң: негізгі ережелер туралы айтамыз» материалында толығырақ айтып өттік.