Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кәсіби маманның қадірін білу керек екенін, еңбекқор адам мемлекетті дамытатынын баса айтты. «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде бәсекеге қабілетті болуы керек. Көрші мемлекеттің азаматтары шетелге барып, жұмыс талғамай еңбек етіп жатыр. Олар біздің елде де өте жақсы табыс тауып жүр. Дәл осындай жандардан үлгі алу керек. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Біздің елде ешқашан ешқандай атақ та, марапат та алмайтын қарапайым еңбек адамдары көп. Солардың бірі етікшілер. Қазақ «Ерінбеген етікші болады» дейді. Бірақ, бұл мандық иесіне еңбекқорлықпен қатар, ептілік те керек.
Аяқ киім жыртылса я сыдырмасы сынғандай болса, етікшіге жүгіріп барамыз. Ол біздің жалқаулығымыздан емес, ебіміздің жоқтығынан солай жасауға мәжбүрміз. Базардан алған етікке аяқты сұқпас бұрын етікшіге бір жөндетіп алудың артықтығы жоқ. Себебі, қарапайым халықтың қолы жететін аяқ киімдердің сапасы сын көтермейді. Ал сондай сапасыз аяқ киімдер мен ескі етіктердің «өмірін ұзартып» жүрген жандар бірі Кентау қаласының тұрғыны – Жаңабек Әшірбаев.
— Ебің болса, ешкімге жаутаңдамай еркін өмір сүруіңе болатын кәсіп қой, бұл – етікшілік. Отбасымды осымен асырап отырмын. Бұйырғаны болып жатыр, – деді де, қолындағы етіктің өкшесін шыр айналып тұрған қайраққа салып, шар еткізіп тіге берді. Шар қайрақтың дауысының сәл бәсеңдегенін күтіп тұрып, неге дәл осы етікші болуды таңдағанын сұрайын деп оқталып едім: «Кезінде әкем менің туған жерім ескі Абайда атақты етікші болатын. Бұл кәсіппен 14-15 жасымнан бастап айналысып келем. Бозбала кезімде қызығып, етікші әкемнің қасында жұмыс жасап бастадым. Бір етіктің кемерін тіксем, бір етіктің өкшесін ауыстырып дегендей. Әкем барлығын үйретті, қандай аяқ киімді қалай тігу керек, оған қандай жіпті, қандай желімді пайдалану керегіне дейін үйретті. Сол кезден бері тәжірибем бар», – деді ойымды оқып қойғандай.
Түрлі резеңкенің, етіктердің, желімнің иісі мүңкіген тар бөлмеде аяқ киім жөндеуге қажетті заттар тізіліп тұр. Жаңабек ағамыздың айтуынша, бұл заттардың барлығының өз ерекшеліктері бар.
— Етіктің табанын жамайтын мына екі резеңкенің бір қарағанда еш айырмашылығы жоқ секілді. Бірақ бірін жеңіл «классикалық» етіктерге, ал мына екіншісін — шаруашылыққа арналған етіктердің табанына жабыстыру керек. Бұлардың айырмашылығы салмағында. Ауыр резеңкені жеңіл «классикалық» етіктерге жабыстыруға болмайды. Желімдер де сондай. Қазір жаздық аяқ киімдерге арналған, ал қыста қыстық аяқ киімдерге арналған желімді пайдаланамын. Себебі, суықта аяқ киімді ыстық жерге қойып көп кептіреді. Сондай кезде мен жабыстырған желімдер ашылып кетпеу керек. Жіптің де сапасына, түсіне аса мән беремін, – дейді ол.
Мен мұнда келгелі де бір сағаттың шамасы болып қалды. Бір байқағаным біраз кісілер Жаңабек ағамен жылы амандасып, аяқ киімдерін жөндетуге қалдырып кетеді де, кейбірі ақысын төлемейді. Мен бұлардың барлығының етікшінің тұрақты «клиенттері» екенін байқап: «клиенттеріңіз» аз емес екен», – дедім, тағы да сөзге тартып.
— Дұрыс байқадың. Олар менің тұрақты «клиенттерім» ғой. Оларға басқаларға қарағанда арзандау етіп жөндеп беремін. Оның үстіне менің жұмысым олардың да көңілінен шығады. Сондықтан аяқ киімін жөндету үшін ылғи маған келеді. Ал ақысын төлемей кеткендер етігін әкетуге келгенде төлеп кетеді, – деді Жаңабек Әшірбаев.
Етікшінің шеберханасында соңғы екі-үш күнде жиналған аяқкиімнің түр-түрі тізіліп тұр. – Мынау Ресейден, мынау Түркиядан, мынау Қытайдан, – деп бірқатарын қолмен нұсқап шықты шебер. Сонысына қарай сапасы да әрқилы. Қазіргі базарда қытай тауарларынан аяқ алып жүргісіз. Солардың ішінде ең жақсысын таңдап алдым дегеніңізбен, оны да бір жылдан артық кию мүмкін емес. Көбіне түріктікі деп сатқан саудагерге алданып жатамыз. Еліміздегі сауда орындарын Қытай тауарынсыз елестету мүмкін емес. Рас, өндіру жағына келгенде алдына жан салмайтын Қытай қазір бізге өз өнімдерін молынан ұсынып отыр. Алмайын дегенмен бағасы қалтаға қонымды-ақ. Әзірге киіміміздің бүтіндігі мен аяғымыздың жылылығын шығыстағы көршіміздің қолына сеніп тапсыра тұруға тура келеді. Әлемде 10 млрд. жұп аяқкиім өндірілді деп есептесек, соның 6 млрд. қытайдікі болып шығады екен. Бұл көрсеткіш сол елдің аяқкиім нарығындағы әлеуетін айтып тұр. Дәл қазіргі кезде қытай тауарын тұтынуда біздің ел де ешкімге дес бермей келеді. Қазақстандағы аяқкиімнің 75 пайызы Қытайдан тасымалданады. Жаңабек Әшірбаев осы кәсіпті игеріп, сол арқылы шаңырағының жоғын бүтіндеп отырғанына биыл отыз жылға аяқ басыпты. Бүгінде аяқкиім төңірегіндегі жағдай оған әбден таныс. Ес білгелі әкесіне қолқабыс етіп етік тігуді үйренген ағамыздан Отандық етік тікпей жүргенінің сырын сұрадым. Сонда Жаңабек ағамыз жөндеп отырған етігіне қарап: – Аяқкиімді үйде отырып-ақ тігіп, жөндеуге де, тігуге де болады. Сәнін де, сапасын да келтіру қиын емес. Бір өкініштісі сол, көз майыңды тауысып шығарған затты базарға апарғанда бағасын жерге ұрады. Оған кеткен материалдың құны мен еңбегіңді де ақтай алмайды. Ал жұрт қазір таңдауға келгенде қалтасына қарайтыны белгілі. Ал, бізде материал қымбат. Оны қытайдың зауытындай өзіміз өндірмейміз. Сондықтан да етік тікпеймін, — деді етікші ағамыз.
– Ұлттық киімін тастамаған қазақы ортаны көргендердің бірімін. Мен ес біліп, етек жапқаннан бастап қазақы үлгідегі киім киіп жүретін ауыл қарттары мен апа-әжелерді көрдім. Қарапайым тұрмыста қолданылатын заттарымыз ұлттық үлгіде болатын. Сол кезде қазақтар шоқай, киіз байпақ, саптама етік, мәсі киіп жүрген. Олар жылы әрі ыңғайлы болатын. Бір жағынан аяқ ауруларынан да сақтайды, – дейді Жаңабек ағамыз ұлттық киімдеріміз жайында сыр шертіп.
Етікшінің айтуынша, қазіргі кезде қазақтың етік тігу өнері ұмыт бола бастаған. Қазақтар киген етіктің ұлтарағының астында жұп-жұқа қабаттап арнайы жасалған қатты зат болған. Ол аяқты майтабан болудан және жағымсыз иіс шығудан сақтайтын. Қазіргі сапасыз аяқкиімдер денсаулыққа өте зиян. Себебі, олардың көбі аяққа конымды келе бермейді. Ұлтарағы, табаны өте жұмсақ аяқкиімдер майтабан, буын ауруларын тудырады. Аяқкиім әдемі көрінуі үшін тігушілер терінің астына паралон салады екен. Бұл материал ауа өткізбейтін болғандықтан, аяқ терлетіп, аяқ ауруын тудыруға себепші болады.
— Менің әкем кезінде себеппен былғары илеуді, былғарының қасиеттерін, оны тұрмыстық жағдайда қолдануды жақсы меңгеріп алған кісі болатын. Әкем Бекжігіт біздің аяқкиімдерімізді өз қолымен тігіп беретін. Аяқкиімнің табанын қатты былғарыдан жасаған жөн екенін айтып отыратын әкем. Етіктің табанын жасаудың өзі асқан шеберлікті талап етеді. Әкемнің айтуынша, теріні илеу кезінде құлаштан артық көлемді теріні арнайы ерітіндіге салып қою керек. Белгілі бір уақыт өткенде әлгі көлемді тері кішірейіп, бір пұшпақ болып қалады да есесіне қалыңдай түсіп, қатты былғарыға айналады. Ол аяқкиімнің ұлтанын немесе басқа да қажетті бұйымдар жасауға таптырмайтын зат болады, — деді Жаңабек Бекжігітұлы.
Етікші ағамыз әр адам өз саласының жетістігіне жету үшін, алдымен сол мамандығын жақсы көру қажет екенін айтып өтті. Екінің бірінің қолынан келе бермейтін бұл кәсіпті етікші ағамыз бар ынтасымен жасайды. Еңбекте тиянақтылықты, шеберлікті, шыдамдылықты талап ететін бұл жұмысына қатты берілген. Өзі айналысып қана қоймай, аяқ-киім тігіншіліктің қыр-сырын жетік меңгеріп, 10-ға жуық шәкіртке етік тігуді үйреткен. Қазірде шәкірттері әр қала мен ауылда осы кәсіпті меңгеріп жұмыс жасауда.
— Әрине, жұмыстың оңайы жоқ. Келген тапсырысты уақытында орындап, тұтынушыларымның сенімін барынша ақтауға тырысамын. Ата-бабаларымыз «Ерінбеген етікші болады» деген сөзді бекер айтпаса керек», — дейді Жаңабек Аширбаев
Бүгінде Жаңабек аға мен жұбайы Тілдаш екеуі 2 баланы өсіріп, жоғары білім алуына мүмкіндік жасады. Ұлы Нұржан Әшірбаев Кентау қалалық Ы.Алтынсарин атындағы №1 мектепте денешынықтыру пәнінін мқғалімі. Ал келіні Шолпан да осы мектепте бастауыш сынып мұғалімі. Қызы Раушан Жаңабекқызы Астана қаласында №2 емханада медбике болып қызмет жасайды. Қазіргі таңда Жаңабек ағамыз бен Тілдәш апамыз 5 немеренің сүйікті ата-әжесі.
Адал еңбек, маңдай термен жасаған жұмысының арқасында балаларына сапалы білім оқытып, жоғарғы оқу орындарын бітіруге мүмкіндік жасаған. Игі ісімен көпке үлгі Жаңабек Бекжігітұлын жерлестері айқын танып, құрметпен еңбегін бағалайды.
Раушан ПЕРНЕХАНҚЫЗЫ