Президент ойын бизнесі мәселелері туралы заңға қол қойды. Құмар ойындарға немесе бәс тігуге қатысуға тыйым салынған тұлғалардың тізімі кеңейтілді. Оларға қосымша борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізілген тұлғалар кіреді. Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың және оларға теңестірілген адамдардың ойын немесе бәс тігуге қатысуы оларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер енгізу арқылы жүзеге асады.
Жалпы, заң халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеуші және ынталандырушы нормаларды енгізеді. Енді мемлекеттік қызметкерлер, әскери қызметкерлер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары да құмар ойындарға және бәс тігуге қатыса алмайды. Шектеулерді сақтамау оларды жұмыстан шығаруға әкеледі. Ойын бизнесін ұйымдастырушылардың қызметін реттеу тетіктері күшейтілді.
Бүгінде букмекерлік кеңселер әрбір қалада салынып, саны жыл санап артып келеді. Осының салдарынан оңай жолмен ақша тауып, құмар ойынға құныққан жастарымыз көбеюде. Бәс тігіп, түнімен букмекерлік кеңсені торуылдап, уақытын текке өткізген жандарды көргенде көңілін құлазиды. Қоғам дертіне айналған ойынға деген құмарлықты ғалымдар лудомания дейді.
Лудомандарды туралы зерттеуге арқау болған Сайрам ауданында өзінің бұрынғы әйелін кепілге алған лудоманның жаға ұстатарлық әрекеті еді. Үстіміздегі жылдың 19 наурызда Сайрам ауданында 102 пультіне отбасылық жанжал бойынша қоңырау түскен. Түркістан облысы ПД хабарлауынша, аталған тұрғынның қызымен 2021 жылы ажырасып кеткен күйеу баласы жанжалдасып, оқиға кезінде ол пышақпен қызын қорқытып, кепілге алып, Шевролет автокөлігімен Батыс Қытай-Батыс Еуропа трассасына өзінің тұрғылықты жері Қызылорда облысына қарай бағыт алып, өлтіремін деп қорқытып алып кеткен. Күдіктінің талабы оны қудаламау мен жауапқа тартпау болды. Кепілге алынған адамды босату мақсатында тез арада жедел штаб құрып, «Арлан» арнайы жасақ күшімен Асар ықшамауданының маңында күдікті құрықталып, жәбірленуші босатылған болатын. Қылмыс кезінде жәбірленуші мойын тұсынан жеңіл дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізілген, онда оған медициналық және психологиялық көмек көрсетілді. Белгілі болғандай күдікті жәбірленушімен бұрын некеде болған, 3 баласы бар. 2021 жылдан бастап олар ажырасқан. Күдікті бұрын екі рет сотталған, сонымен қатар, лудоманиямен ауырады. Ол қамауға алынды.
Ал, еліміздегі желпілдеген жастарымыздың бұл дертке шалдығуының себебі не? Жастарымыздың құмар ойынға неге құмартатынын білу мақсатында облыс орталығындағы букмекерлік кеңселердің біріне бардым. Кеңсенің ішінде жасы да кәрісі де жүр. Бір-біріне қарауға мұршасы келмей, даурығып жатқан бір адам. Қарасам бірі қуанып, екіншісі ұтылып қалғанына қапаланып жүр. Бірақ қуанып шаттанғандардан да «қап» деп сан соғып ашуға булыққандар көп. Қомақты ақшаға кенелемін деп ұтылғандар сыртқа шығып шылымын шегіп, бойын билеген ашуды басқандай болады. Өзінің санасы уланған жастар енді денсаулығына зиян келтіруде. Ал ұтқан адамдар мол қаржыға кенелмек оймен еселеп ақша тігіп әуреге түсуде. Телеэкранда оңай жолмен ақша табудың көзін тапқан кеңсе бәс қоюға спорттың барлық түрін енгізіп қойған. Қарап отырсам құмар ойынның қатарына қазақтың ат спорты да еніп кеткен. Ең сорақысы, кеңсенің ішінде бәс тігіп сабылып жүргендердің басым көпшілігі қазақтың тепсе темір үзетін зіңгіттей қара домалақ жігіттері. Білім іздеп, еңбек ететін шағында баз кешіп, сол баяғы оңай жолмен ақша табудың амалын іздеп жүргенін көріп жаның ауырады. Орта жасқа келген мен секілді әйел адамға таңырқап қарап тұрған ешкім жоқ. Себебі, ол жерде қазақтың қара көз қыздары да бәс тігіп әлек. Көзбен көрген жайтқа қатты намыстандым. Қазақ жастарының әсіресе өрімдей жас қыздардың бұл жолға түсуіне не себеп? Осыны білу мақсатында кеңсенің ішінде тізіліп тұрған компьютерлердің біріне отырдым. Оң жақымда көз майын тамызып айналасына бұрылуға мұршасы келмей отырған жаннан ойнау ережесін сұрадым. Менің бетіме бажырая қарады да «Ойбу, апай сізге не жоқ? Алдымен куәлігіңізді алып келіп тіркелуіңіз қажет. Содан кейін спорттың жілігін шағып, майын ішетін мықты психолог болуыңыз керек. Қай спортта кімнің жеңіске жететінін білу маңызды. Мұнда тек спортты жақсы болжайтындар ғана жиналады. Болжай алмасаңыз тіккен ақшаңыздың бәрі желге ұшып кетеді», – деп өзінің жақсы білеттінін көрсетіп сөйледі Мансұр (аты өзгертілді).
«Жұмысқа тұратындай немесе несие алатындай құжатың қажеті не? Мен жай көрейін деп келген едім. Шынымды айтсам, маған ойын емес, осындағы адамдардың қанша табыс табатыны қызықтырады», – дедім. Мансұр иығынан мырс етіп күлді де: «Мұнда бірінші рет келгенде ештеңе түсінбейсіз», – деді. «Сен де алғаш мен сияқты келген шығарсың?», — дедім. Сонда ол сәл үнсіздіктен кейін Мансұр: «Иә, мен де алғаш сіз сияқты қызығушылықпен келдім. Спорт жаныма жақын. Сонымен қатар, спорттық ойындардың жанкүйерімін. Оны жақсы түсінгендіктен білімділігімді осылай арттыра отырып, оңай олжаға кенслсем несі айып деп ойладым. Сөйтіп жүріп, қыруар қаржыны да желге ұшырдым. Тіпті, студент кезде оқудың ақшасын тігіп ұтылған кездерім де болды. Енді соны еселеп қайтару жолында жүрмін», – деді. «Сонда сен қанша қарызға батсаңда әлі де қомақты қаржы табамын деген үмітте жүрсің ба? Жұмыс істемейсің бе?», — дедім. Іштей ойынға жұмсаған ақшаң қайтпайды-ау дедім күрсініп. Қалтасын қағып барын тігіп жатқан жас жігітті көріп, жастардың санасының төмендеп кеткеніне қапаландым.
Ал сол жағымда отыздан асқан қазақтың қаракөз қызы отыр. Ол да ойнға кіріп кеткені соншалықты, айналасындағылармен де шаруасы жоқ. Қасына жақындап барып, қандай ойынға ақша тіккен тиімді екенін сұрадым. Өзін Раяна деп таныстырған келіншек «Мұнда адасып жүрсің ба?», — деп бетіме бақшия қарады. Оның көзқарасынан өзім ұялып кеттім. Сөйтіп Раянаны әңгімеге тартып, ойынқұмарлыққа қалай келгені жайында сұрадым. «Мен осыдан он жыл бұрын өзімнен 2 жас кіші жігітпен бірге тұрдым. Мен қызметте жұмыс жасадым, ол жігіт әр жерде жұмыс жасады. Мандырымды табысы да болмады. Күндердің күнінде жұмысты да қойды. Менен машина алуға ақша жинаймын деп айлығымның жартысынан көбін алып отырды. Алған ақшаның бәрін ойынға жұмсап жүріпті. Кейіннен апталап үйге келмейтін болды. Жанымды қоймай менен алған ақшаны көзімді бақырайтып қойып ойынға салды. Мен қарызға белшерімнен баттым. Ол кезде ойынханалар жұмыс істеп тұрған кезі еді. Оны әр ойынханадан іздеп жүріп, осыған неге қызығады екен, менде бір рет ойнап көрейін деген едім. Сөйтіп, осы ойынқұмарлықтың арбауынан шыға алмай қалғанымды да білмей қалдым.», — деп көзіне жас алды. Он жыл бойы осы ойынға ұтылған ақшамды шығарып алсам, мүлдем ойын ойнамаймын деп Раяна өзін-өзі алдауратады. Әрине, желге ұшқан ақша қайтып келмейтінін ол келіншек те іштей сезеді.
Иә, алғаш қызығушылықпен бәс тігіп, кейін ойынға тәуелді болып қалғандар қаншама? Құмар ойынға бейімделу кезеңінің бірі – жалындаған жастық шақ. Адамның қызығушылығын арттырып, құмарлыққа тез үйрететін де осы кез. Санаңды улап, құмар ойынға үйір қылып жіберетіні шүбәсіз екенін біле тұра сол жолмен жүресің. Жігерлі кезеңде ой-өрісің дамитын шақта өміріңді арзан тіршілікпен өткізсең, егде жасқа келгенде сан соғып өкінерің хақ. Бұл қазаққа бөгде елден келген жат қылық. Өзгенің қаңсығын таңсық қылуға бейімделген жастардың еліктеушілігі.
Жарнамасы жер жарып, заңдық тұрғыда ешқандай тосқауыл болмаған соң елдегі ересектер ғана емес, балалар да құмар ойынға тәуелділердің қатарын жыл сайын толықтырып келеді. Елімізде қазір 700 мыңнан аса оқушы құмар ойынна тәуелді болып отыр. Мәселен, елімізде компьютерлік және букмекерлік кеңселердің жылдық қаржылық айналымына қарасақ 89 млрд теңге болса, өткен жылы 500 миллиард теңгеге жеткен. Елдегі букмекерлік кеңселер мен компьютерлік және казинолардың біркүндік қаржылық айналымы 3,5 миллиард теңгеге жетсе, ал жылдық қаржылық айналымы 1 триллион теңгені құрайды. Ал осындай құмар ойынға қызыққан бір адамды емдеуге кемінде 5 ай уақыт кетсе, емінің өзіне айына 600 мың теңге жұмсалатын көрінеді. Қарап отырсаңыз, құмар ойындардың көрігін қыздырып отырғандар қаншама адамның өміріне балта шауып, өмірмен қош айтысуына себеп болып отыр. Ал онлайн құмар ойынды жарнамалаған екі мыңға жуық интернет ресурс бұғатталған. Одан бөлек, бір қазақстандықтың букмекерлік кеңселер мен казинолар алдындағы қарызы орта есеппен 10 миллион теңгені құрайды екен.
Баламның қарызын өтеудемін
Екі кейіпкерімнің әңгімесін таңдап, ұнжырғам түсіп сыртқа шаға берген кезде, ресепшннің қасында қызыл кеңірдек болып тұрғын кісіні ұлымен көрдім. Ол кісіден мән-жайды сұрадым.
Оның жиырма жастағы жалғыз ұлы осыдан бес жыл бұрын компьютерлік ойынға қызығып, ойынның шырмауына түскен екен. Ресепшнмен сөзге келіп қалғаны да, ұлының қарызын төлеп келеді. Қарызды уақытында төлемегені үшін үстем ақы да жүретін көрінеді. Әділет құмар ойынға 15 жасынан құмартқан. Ойынға ақша тігуді сыныптастарынан үйреніпті. Ол 5 жыл ішінде бәскеге 50 млн теңге тіккен. Қазір қарызының біршама бөлігінен құтылып қалды. Бауыр еті баласы үшін ата-анасы барлық берешегінен құтылдыруға асығуда. Ұлының қалыпты өмірге оралуы үшін қолдарынан келгенін жасауда. Әділет букмерлік кеңседен бөлек, бірнеше микрокритте алып, оны да төлей алмай, қарызға батқан. Әкесінің сөзіне қарағанда микрокретиттерін толығымен өтеп біткен. Мұндай жағдай тек Әділеттің әкесінің басынан ғана өтіп жатқан жоқ. Баласының қарызын жабу үшін жан-таласып жүрген қаншама ата-ана бар.
Ойнның жетегінде кетіп қарыздан көз ашпайтын адамның кез келген уақытта қылмысқа барып немесе өз-өзіне қол салмауына кепілдік жоқ. Себебі ойынқұмарлық – психологиялық ауру. Тәуелділікке ұшыраған адамдар көп жағдайда өз әрекетіне есеп бере алмайды. Мұндай адамдар қоғамға қауіпті болып саналады.
Түркістан қалалық емханасының психологі Бағила Бимендиева ойынқұмарлық та нашақорлық пен ішімдікке құмарлық секілді тәуелділіктің бір түрі екенін тілге тиек етті.
Психолог Бағила Рахманбердіқызының сқзіне қарағанда өзі лудоманиядан емделген адамның толықтай сауыққанына 100 пайыз кепілдік бермейді. Өйткені құмар ойынға құмарлық – дауасы жоқ дерт. Психолог маманының сөзіне сенсек, емделушілердің көбі бір рет ойнап көрген соң ары қарай ойынды тоқтата алатынына өз-өзіне сенімді болғандар. Алайда алғашқы жарнамадан кейін өз әрекетіне есеп бере алмай, соңында несие алып, ұрлыққа түсіп, ойнаймын деп от басады екен. Психологтің көмегіне жүгінетіндердің басым бөлігі 25-35 жас аралығындағы науқастар болса, оның ішінде 15-18 жастан бастап құмар ойынға құмартқандар жиі кездеседі. Өйткені, біздің елімізде құмар ойындардың нарығына бақылау жоқтың қасы.
— Тіпті, біздің елде 21 жастан бастап заңды түрде бәс тігіп, ойнауға шектеу қойылмаған. Ал әлемдік тәжірибеде бәс тігуге белгілі бір деңгейде шектеу қоятын елдер бар. Мәселен, экономикасы көш ілгері кеткен Ұлыбританияның өзінде 25 жастан бастап қана бәс тігуге рұқсат береді. Бұл жаста адамның физиологиялық және психологиялық тұрғыда дамуы толық жетілген болып есептеледі. Жиырма бес жасқа дейінгі жастарға кез келген нәрсе қызық. Олар өмірдің оңы мен терісін толық бағамдап үлгермеген жаста болғандықтан, жастықтың буымен шалыс басуға бейім болады. Яғни, өз әрекетін толық тежей алмайды. Жалпы, кез келген жастағы ойынқұмарлармен жұмыс істеу өте қиын және өте ұзақ. Олармен терең әрі үздіксіз жұмыс жасау керек. Қауіптің бетін қайтарғанымызбен, емделуші кез келген уақытта сыртқы және ішкі факторлардың әсерінен қайтадан ойынға салып кетуі мүмкін, – дейді психолог.
Яғни, жарнамасы жарқырап тұрған ойынды бір ойнап көремін деп бұрынғы құмарлықты өршітіп жібереді. Өйткені әлгінде айтқандай, біздің елде құмар ойындарға қарсы күрес жүріп жатқаны шамалы. Жарнама жасауға кедергі жоқ, кез келген спорттық ойындарда букмекерлік кеңселердің өкілдері келушілердің құрығына іліндіріп, шырмауықша арбап алады. Бұл науқастардың ойынқұмарлықтан арылуына мүмкіндік бермейді. Керек десеңіз әлеуметтік желі арқылы рулетка ойынын ойнатқызып ақша тауып жүрген пысықайлар да бар. Интернет арқылы ақылы ойын ойнап ата-насының картасындағы ақшасын ұтысқа салып жіберген балалар да кездеседі. Ақылы ойынға құмартатын 10-15 жас аралығындағы балар. Түркістан облысында лудомондарды емдейтін орталық жоқ.
Егер лудоман үлкен сомадан ұтылып қалса, ол керісінше тоқтамайды, ол тезірек ақша іздей бастайды. Жалпы, лудоманияның қоғамға төндіретін қаупі орасан зор. Жас ұрпақты құмар ойынның зиянды ықпалынан жан-жақты қорғауымыз керек. Сондықтанда, қазақ жастарын, құмар ойындарына емес, спортты серік ететін жігерлі, жалынды азамат болуына ықпал жасаумыз керек.
Раушан НАРБЕК