Қала әкімі Жандос Тасов Қарнақ ауыл тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында тұрғындар бірқатар мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, ауылдағы суармалы судың тапшылығы, асфальт салу және кәсіп ашуға бағытталған гранттарға қол жеткізу жайы сұралды.
Қала басшысы Қарнақ ауылында атқарылып жатқан жұмыстардың барын атап, әлі де атқарылу қажет мәселелерге тоқталды. Жалпы, Қарнақ ауылында 126 шақырымды құрайтын жол бар. Бүгінгі күнге дейін оның 60 пайызына асфальт төселген. Биылдың өзін де 11 көшеге асфальт салу жоспарланған.
Сонымен қатар, суармалы су мәселесі тек біздің өңірде ғана емес, еліміздің барлық аймағында кездесетін мәселе екенін атап өтті. Сол себепті де егістікті суарудың тиімді жаңа жолдарын қолдануды ұсынды. Ал, мемлекеттік грант алу бойынша нақты жоба ұсынып, әрі қарай қалалық «Мансап» орталығындағы арнайы мамандардан кеңес алып, қайтарымсыз несиеге белгіленген категорияларға сай келсе кез-келген тұрғын қатысуға мүмкіндіктері бары түсіндірілді.
Кездесу барысында өз сауал-ұсыныстарына нақты жауап алған тұрғындар, қала басшысына алғыстарын айтты. Ел амандығымен, халықтың тыныштығын тілеп ақ-баталарын берді.