ҚР Президентінің бастамасына сәйкес, елдің барлық аймағында көгалдандыру, абаттандыру мақсатында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жүруде. Бұл шараға кентаулықтар да белсенді қатысып, қала тазалығын сақтауға атсалысуда. Қала және қалаға қарасты ауылдарды абаттандыру мақсатында қалаға қарасты Қарнақ ауылында балаларға арналған жаңа ойын алаңша пайдалануға берілді. Тұрғындары тығыз орналасқан әз-Жәнібек көшесіне салынған бұл орын ауыл сәнін арттыра түсті. Ойын алаңшасы ауылдың белсенді кәсіпкерлерінің қолдауымен жүзеге асырылды.
Игі шараға қатысқан қала әкімі Жандос Тасов, қалалық маслихат депутаты Бекзат Хабибов балаларға қуаныш сыйлап, демеуші болған және үлес қосқан жандарға алғыс білдірді. Ауыл тұрғындарын жаңа ойын нысанының пайдалануға берілуімен құттықтап, лентасын қиды. Ауыл ақсақалдары ақ баталарын беріп, жанашыр ауыл тұрғындарына ризашылықтарын жеткізді. «Мұндай игі іс ауыл тұрғындарының ауызбіршілігінің арқасында жүзеге асырылуда. Әр аулаға салынған ойын алаңшаға қуанған балалардың бақытты жүздері, біздің тоқтамай жұмыс жасауға күш беруде. Қазір осы іске ұйытқы болғысы келетін жастардың саны артып келеді» дейді ауыл биі Әбсәлім Өмірбеков.
Тарихы терең Қарнақ ауылында пайдалануға берілген алаңшасы барлық стандартқа сай, 1 гектар аймақты алады. Онда жарықшамдар орнатылып, айналасы абаттандырылған. Тыныстап демалуға арналған жайлы орындықтар қойылған. Мұндай ойын алаңшасы осымен төртінші рет ауыл балаларына табысталуда. Ауылдың белсенді тұрғындары жыл соңына дейін әлі 4 ойын алаңшаны табыстауды жоспарлап отыр.