Кентау қаласы Хантағы ауылындағы Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы маңайында экологиялық мәдениетті қалыптастыру аясында «Таза Қазақстан» тазалық шарасы өтті.
Сенбілікке партия өкілдерінің қатарын «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатына Кентау қаласынан сайланған депутат Қалыйма Жантөреева бастап келсе, Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов жергілікті атқарушы және өкілді органдардың қызметкерлері, мекемелер мен ұйымдардың ұжымдары, қалалық малихат депутаттары, жергілікті жанашыр азаматтары және қала жастары жұмылдырылды.
«AMANAT» партиясы апта сайын, тұрақты негізде «Таза бейсенбі» тазалық жүргізу бастамасын іске асырып келеді. Партия ұйытқы болған ізгілікті іс облыстың барлық аудан, қаласында жалғасын тауып, аманаттық өкілдер тұрғындарды ортақ мақсатқа жұмылдырудың үлгі-өнегесін көрсетіп келеді.
Партия белсенділері қолға алған шараны тұрғындарымыз қолдап, тазалықты өмір салтына айналдыруда іргелі қадамдар жасалуда. Партияның Түркістан облыстық филиалы «Таза бейсенбі» науқанын жалғастыра отырып, әр аймақтың өзіндік келбетіне айналған айшықты жерлерін қоғамдық қамқорлыққа алуды мақсат етіп белгіледі. Бұл өз кезегінде, азаматтардың экологиялық мәдениетін жетілдірумен қатар, туған жеріміздің көрікті аймақтарын, өзен-көлдерінің жағалауларын, тарихи орындарды, көпшілік демалып, серуен құратын жерлерді, табиғи қорық аумақтарын көпшілікке таныстырып, олардың тазалығын сақтауға көпшіліктің назарын аударады.
Қазыналы Қаратаудың етегін алып жатқан табиғи қорық – еліміздің жауһары десек те болады. Қазақстанда сирек кездесетін өсімдіктердің алуан түрі осы аймаққа ғана тән. Эндемикалық өсімдіктер жамылғысының көптігі бұл аймақты ботаникалық ғылым үшін қызықты әрі ерекше өлке деп белгілейді.
Осынау қазыналы жердегі тау баурайының салқын самалының өтінде демалыс ұйымдастыратын тұрғындардың саны жыл санап еселеп артып келеді. Өкініштісі, табиғат аясына шыққан азаматтар, табиғатқа деген жанашырлығын көрсете білмейді. Отырған орындарын ластап, қалдықтарын шашып, өзенге қоқыс тастайтын әдеттен арылмай келеді.
Тазалық шарасына қатысушылар көз жауын алатын көркем аймақты күл-қоқыстан арылтты. Тау суының жағасын паналаған демалушыларды табиғатты қорғауға, тазалыққа қолдау білдіруге шақырып, «Таза Қазақстанды» бірге жасауға үндеді. Көптің қолдауымен алынбайтын асу болмайтынын ескертіп, Қазақстанымызды көрікті мекенге, жер жұмағына айналдыруға жұмылуға шақырды.