Түлкібас ауданы орталығындағы «Менің Түлкібасым» аллеясында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Мектепке жол» акциясы аясында көтерме бағада мектепке қажетті заттардың жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Жәрмеңкеге Шымкент қаласындағы «Автонұр» базарының саудагерлері өз тауарларын тұтынушыларға ұсынуда.
Онда жейделер (көйлек) 2 мың теңгеден, спорттық аяқ киім мен туфлилер 2-5 мың теңгенің арасында, 12 парақтық дәптерлер 10 теңге, сумкалар 3-5 мың теңгеден және т.б. мектепке қажетті киім-кешек пен құрал-саймандар сауда орталықтары мен базар бағасынан едәуір арзан бағада саудалануда.
Айта кетейік, Биыл өңірде «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік осал отбасынан шыққан 60 693 балаға мемлекеттік қолдау көрсетілетін болады. Өңірдегі экономикалық есептеулер нәтижесінде әр балаға 43 407 теңгеден үлестіріледі.
Жалпы аталған қолдау – мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға, жан басына шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балаларға, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар мен білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына беріледі. Жоғарыда аталған санаттағы отбасының балаларына киім мен оқу-құралдарын алу үшін білім беру ұйымының басшысының атына баланың ата-аналары немесе заңды өкілдері өтініш беруі тиіс. Кейін ата-ана не заңды өкіл білім беру ұйымына сатып алынған тауарлардың атауы көрсетілген шығыстар туралы растайтын құжатты тапсыруы керек.
Жалпы, акция еліміздің барлық өңірлерінде ағымдағы жылдың 1 тамызы мен 30 қыркүйек аралығында өтеді.