Жаңа оқу жылында облыстағы орта білім беру ұйымдарының желісі 1060-қа жетті. Оның 910-ы мемлекеттік, 148-і жекеменшік. Жаңа оқу жылына дайындық жіті бақылауда. Бұл туралы облыстық білім басқармасында өткен кеңейтілген аппарат жиынында айтылды. Аталған басқосуға басқарма басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетұлы төрағалық етіп, жаңа 2024-2025 оқу жылына дайындық жұмыстарын пысықтады.
Жиынға басқармадағы салалық бөлім басшылары мен аудан-қалалық білім бөлемдерінің басшылары қатысты.
Күн тәртібінде бірінші кезекте күрделі, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан білім мекемелерінің жоспарға сәйкес өз уақытында аяқталуы сөз болды. Бастысы инфрақұрылым жұмыстары сапалы орындалуын қадағалап, мердігер мекемеден нақты сметада көрсетілген жұмыстарды өз деңгейінде талап ету қажет, – деді Жандос Маханбетұлы.
Сондай-ақ, жиын барысында қатты отыннан табиғи газға ауыстырылып жатқан мектептердің де жай-күйі басты назарда екендігі және де білім алу процессіне әсер етпей, оқу жылы басталғанға дейін аяқталу керектігі түсіндірілді.
Балалар сапалы әрі қауіпсіз білім алуы қажет. Бейнебақылаудан бастап, мекеменің қоршауы, турникет пен SOS батырмаларының жұмыс істеп тұруын қағалап, арнайы күзет қызметінің жұмысын күшейту тапсырылды.
Жиын барысында облыстық Тамыз кеңесіне дайындық туралы да айтылды. Жаңа форматта өтетін дәстүрлі кеңеске бүгінде қызу жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Бұл кезек күттірмес тапсырмалар жиынға қатысушыларға үлкен жауапкершілік жүктейді.
Айта кетсек, мектептерді жаңарту бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Биыл 22 900 орындық 29 мектептің құрылысы аяқталып пайдалануға беріледі деп күтілуде. Оның 7-еуі толық құрамда жаңа жайлы мектепке көшіріледі. Қалған 22 мектепке оқушылар әр мектептен жиналады, бұл мектептердің оқушылары баланстан балансқа ауыстыру тәртібімен оқулықпен толық қамтамасыз етілетін болады дейді мамандар. Ұлттық жобасы аясында жаңадан бой көтеріп жатқан мектептерді баламен қамту және қажетті оқулықтармен қамтамасыз ету барысы баяндалды. Бұдан бөлек 20 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Биыл 13-ін тапсыру жоспарланса, соның ішінде 4-уі жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға беріледі. Облыста жалпы 143 жеке мектеп бар.