Санаулы күндерден соң баршамыз асыға күткен жаңа оқу жылы басталады. 1 қыркүйек – Білім күні еліміз үшін айтулы мереке. Олай дейтініміз, адамзаттың бүгінгі тұтынған барша игілігі оқу мен ізденістің арқасында келген. Сондықтан алға қарай озамын деген ұлттың бар арманы білім болу керек әсте. Ал білімді ұрпақты тәрбиелеу бүгінгі елдің ұстаздар қауымының басты міндеті. Ұрпақ алдындағы бұл парыз сонау ықылым замандардан бері өзгермей келеді. Сол кезден бері ұстазға деген құрмет халқымызда еш аласармаған. Мұны кешегі өткен арыстарымыз да қанатты сөзі етіп қалдырып кеткен. «Алты алаштың баласы бас қосса, төр мұғалімдікі» деп Мағжан ақын айтқандай, білім әрдайым ұлтымыздың ұстыны болып қала беру керек.
Ендеше білім саласындағы жетістіктер мен кемшін тұстарды таразыласақ, Түркістан облысындағы білім беру ұйымдарында бүгінде 500 мыңнан астам бала білім алады. Ол республикадағы әрбір 7-ші оқушы біздің облыста деген сөз. Ал жаңа оқу жылында 52 мыңнан астам оқушы 1 сыныпқа қабылданды.
Қазіргі таңда, 2-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту – 97,8% (187 612) жетті. Алайда, өңірде балалардың үштен екісі ғана балабақшаға барады. Демек, 72 мың бүлдіршін мектепке дейінгі тәрбиеден тыс қалып тұр. Бұл ретте облыс әкімі Дархан Сатыбалды балабақша мәселесін түпкілікті шешу қажеттігін айтып, нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Сапа мәселесі жекеменшік балабақшалар үшін өзекті болуы тиіс. Оған мән бермеудің салдарынан мектепке дейінгі тәрбие ұйымдарында 7664 орын қысқартылды. Оның басты себебі — кейбір балабақшалар жоқ балаларды тіркеген, санитарлық талаптан артық қабылдаған, ғимараты тиісті талаптарға сәйкес келмеген. Құрылтайшылар тарапынан да салықтан жалтарып мекеме ғимаратын жеке тұрғын үй ретінде тіркеген, қызметкер санын толық көрсетпеген фактілер кездесті. Бұл жағдайға орай кәсіпкер мен мемлекет арасындағы келісім-шарт бұзылады. Орын алған кемшіліктерді жойып, бір ретке келтіру үшін цифрландыру мен воучерлік жүйе енгізіледі.
Үкімет тапсырмасы бойынша биылғы оқу жылында республикадағы білімі төмен мектептердің тізімі жасалды. Түркістан облысының білім сапасы төмен 162 мектебі 943 «Мақсатты мектеп» ішінде тұр. Ендігі кезекте өңірдегі осы аталған білім ошақтарының білім сапасын жақсарту бойынша жоспар жасалады. Бұл күнде Президент тапсырмасына орай жемқорлық жолмен табылған қаржылар мемлекетке қайтарылып, мектеп құрылысына жұмсалып жатыр. Осы қор арқылы облыста 20 мектептің құрылысы басталды. Оның 13-і биыл пайдалануға беріледі. Биыл сондай-ақ 4 апатты 5 үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешіледі. Өңірде 14 мың оқушы білім алатын 29 Жайлы мектептің құрылысы салынып жатыр. Жалпы алғанда білім саласында бұрын-соңды мұндай құрылыс қарқын алмағаны анық. Биылдың өзінде балабақша, мектеп, колледж, лагерь жалпы 300-ден астам ғимарат күрделі және ағымдағы жөндеуден өтуде. Жаңадан салынып жатқан нысандар да бар. Бұл бағытта республика көлемінде жетекші өңір. Басым бөлігі ауылды жерлерде орналасқан. Арасында 10 жыл жөндеу көрмеген тозығы жеткен және апатты жағдайдағы ғимараттар да бар. Бұл облыстағы әрбір үшінші мектеп жаңартылды деген сөз. Енді оның өтеуі сапалы білім мен тәрбие болуы тиіс.
Жоғары сыныптарда жаратылыстану бағытындағы пәндер мен ағылшын тілін тереңдетіп оқыту маңызды. Сондықтан жаңа оқу жылында 62 мектепке 3,5 млрд теңгеге 265 арнайы пән кабинеттері жабдықталады. Одан бөлек 330 мектепке Илон Макстың спутникті Starlink құрылғысы орнатылды. Ол интернет жылдамдығын күшейту үшін қажет. Бұл әсіресе, шалғайдағы және шекаралық аймақта орналасқан мектептердегі интернет мәселесін түбегейлі шешті.
Бүгінде үздік педагогтарды басшылық қызметке конкурссыз тағайындау үшін 150 адамнан тұратын кадрлық резерв жасақталды. Осылайша ары таза мұғалімдерге қызметтік мансабын өсіруге жол ашылып отыр. Түркістан облысы республикада ең бірінші болып 500-ден аса мектеп директорын арнайы менеджмент курсына оқытатын болады. Алматыдағы Абай университеті де бастамаға үлес қоссақ дейді. Сонымен бірге түркістандық ұстаздар мен әдіскерлер Жапонияда Лессон стади әдісі, АҚШ-та инклюзивті білім беру, Қытайда техникалық және кәсіптік оқыту бағыттары бойынша тәжірибе алмасып қайтты. Жаңа оқу жылында да осы үрдіс жалғасын тауып, педагогтар Франция, Малайзия, Финляндия елдерінде арнайы тәжірибелік курстардан өтетін болады. Мұнда «Жайлы мектеп» пен «Мақсатты мектеп» ұстаздарына көбірек таңдау жасалады. Сонымен қатар, биылғы оқу жылында мемлекеттік 910 мектептегі 221 мың оқушы бір реттік тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Оған 19,4 млрд. теңге қарастырылды. Облыста мектеп асханалары мемлекеттік-жекешелік әріптестігі арқылы басқарылмақ. Бұл жоба биыл 419 мектеп асханасында іске асады. Нәтижесінде цифрлық жүйе негізінде асхана жабдықтарын жаңартуға мердігерлер 2 млрд. теңгеден астам қайтарымсыз инвестиция қаражатын құяды. Осыған байланысты жаңа цифрлық платформа мектеп асханасына да қатар енгізіледі. Цифрландыру тәжірибеде өзінің оң нәтижесін көрсетті. Мәселен мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы облыстық деңгейдегі мектептер асханасын жеке басқаруға алған жеке кәсіпкер «Қалымбетов» соңғы екі жылда «Е-асхана» жүйесін енгізген. Сол арқылы 458 млн теңге үнемдеп, бюджетке кері қайтарған. Түркістан қаласындағы №28 мектеп-лицейге енгізілген «Alaqan» жүйесімен 5 айда 11,8 млн. теңге үнемделді.
Оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында биыл әлеуметтік аз қамтылған 35 482 оқушы бюджет есебінен лагерьлерде тегін демалды. Лагерь бойынша жылдар бойы қордаланған мәселелерді шешу үшін жаңа жобалар қолға алынады. 1 800 орынға арналған 5 лагерь қайта құрылып, төртеуі күрделі жөндеуден өткізіледі. Нәтижесінде, жазғы 8 ауысымда 14 000 балаға қосымша орын ашылып, қамту көрсеткіші 58 мыңнан 72 мың балаға көбейеді.
Түркістан облысында 50 колледж болса, онда 71 мамандық бойынша 30 000 студент білім алады. Колледждерде республикалық бюджеттен қаралған 15 445 грант толық игеріледі. Өткен жылмен салыстырғанда колледж студенттері 2 мыңға көбейді. Алайда, арнаулы білім ошақтарының оқу бағдарламалары мен материалдық-техникалық базасы заманауи өндірістің талаптарына толық сәйкес келе бермейді. Яғни, өндіріс орындарындағы ғылыми-техникалық прогрестің дамуынан кәсіптік білім беру саласы артта қалып келеді. Содан жұмыссыздық пайда болады. Осы түйткілді мәселені шешу мақсатында колледждегі материалдық- техникалық базаны нығайтуға былтыр – 3,1 млрд. теңге, биыл– 2,7 млрд. теңге қаржы қаралды. Оқытушылар мен шеберлер көршілес ТМД мемлекеттерінде, сонымен қатар Қытай, Түркия, Австрия, Франция арнайы оқыту іс- тәжірибелерінен өтіп тұрады. Облыс әкімі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жаңа 10 мамандық ашуды тапсырды. Сарыағашта ІТ колледжі ашылады. Оның материалдық-техникалық базасын нығайтуға 155 млн теңге қаржы бөлінді.
Тағы бір жағымды жаңалықтың бірі Оңтүстік Корея елімен ынтымақтастық орнап, Түркістанда «WOOSONG-TURKISTAN» Корей университетін ашылмақ. Бұл бойынша тиісті меморандумға қол қойылып, оқу корпусы дайындалып жатыр. Өңір басшысы әкімдік тарапынан арнайы оқу грантын бөлдіретінін жеткізді. Биыл Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ІТ мен медицина мамандықтарына 50 грант, өзге жоғары оқу орындарындағы резидентураға 139 грант бөлініп отыр. Маман тапшылығын шешу үшін жоғарғы оқу орындарымен бірлескен жұмыстар жалғасын табады.
Қорыта айтқанда, жақын болашақта облыстың білім беру жүйесін жүйелі жолға қою, білім сапасын күшейтіп, балалардың интеллектуалдық ойлау қабілетін арттыру бағытында жұмыс жүргізу өңір педагогтарының басты міндеті болып қала бермек. Сонымен бірге ұстаздардың тағы бір үлкен міндеті — ұрпақ тәрбиесі ісін де жадтан шығармау қажет. «Мектеп оқушының екінші үйі» деп тегін айтылмаса керек. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Адам мінезінің, ақыл-қайратының әртүрлі болуы тәрбиенің түрлі-түрлі болуынан. Адам баласының ұрлық істеу, өтірік айту, кісі тонау сықылды бұзақылықтарды жасауы, тәрбиенің жетіспегендігінен» деді емес пе?! Ендеше мектеп – тәрбие мен білімнің ұштасқан қасиетті мекені деген ұғымның беделін түсірмеу бүгінгі ұстаздар қауымының басты парызына айналуы тиіс.
Бейсен Тәжібаев,
Түркістан облысы әкімінің орынбасары