Енді санаулы күндерден кейін жаңа оқу жылы да басталады. «Білім күні» жақындаған сайын біздің педагогтардың жауапкершілігі де күшейе түсетіні анық. Себебі, заман жаңаруда, білім іздеген жастарымыздың қатары артып келеді. Сондықтан да еліміздің жарқын болашағы үшін, жастарымыздың білімді, мәдениетті, талғампаз болуы үшін аянбай еңбек етуіміз қажет. Биылғы жылдың басты бағыты цифрландыруға қаратылып отырғанының да себебі осы.
Жыл сайынғы дәстүр бойынша жаңа оқу жылы қарсаңында қаламыздың педагог қызметкерлерінің тамыз кеңесіне жиналып, алқалы кеңес өткізіп келеді. Бұл басқосудың орны да, жөні де бөлек. Өткен жылғы атқарылған жұмыстарға талдау жасап, алдағы жаңа оқу жылына қойған міндеттерді саралайтын кеңеске биыл педагогтар да жаңашыл бастамалармен келіп отыр.
Шара алдында қатысушыларға шығармашыл педагогтар мен дарынды оқушылардың көрмесі ұсынылды. Көрме барысында педагогтар жаңашыл бағыттағы жұмыстарымен таныстырды.
Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы Қырықбаев, Түркістан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Қасымбекова Айгүл Ерхалиқызы, «Qundylyq.kz» компаниясының бас директоры, әдіскері, тренері, химия пәнінің мұғалімі, «Mugalim kz» бренд амбассадоры, педагогикалық шеберхана «MTA Academy» «Juie» кітабының авторы Телюқанов Жігер Ерболұлы, «Алақан» мектеп жобасының жүргізуші маманы Сәрсенбаев Қанат Әділханұлы қатысқан кеңесте бірқатар жаңашыл бастамалар айтылып, білім саласын жетілдіру, жастарға сапалы білім берудің тетіктері қарастырылды. Түркістан қаласы білім бөлімінің басшысы Қолдасова Оразкүл Шайхықызы мазмұнды баяндама жасап, түркістандық ұстаздардың өткен жылы жасаған жұмыстарын саралай келе, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Сонымен қатар, «Оқушылар сарайының» директоры Индира Сарқытқызы Икапова мен №28 мектеп-лицейдің директоры Лаззат Жаналықызы Нысанкулова да жаңашылдыққа бет бұру бағытында өздерінің тәжірибелерімен бөлісті.
Ұстаздардың келелі кеңесіне Түркістан қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, ардагер ұстаз Құлбайымбетов Жарқынбек Құлбайымбетұлы, Түркістан қаласының прокуроры Нәрікбаев Каукен Бақтыбайұлы, Түркістан қаласы Полиция басқармасының басшысы Жанаев Бауыржан Даулетханұлы да қатысып, ұрпақ тәрбиесінде бірлесе жұмыс атқаруға дайын екендіктерін көрсетті.
Кеңес барысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаевтың жаңа оқу жылының басталуына қатысты құттықтауы ұсынылып, оқушылар өз өнерлерімен тәнті етті. Шара соңында өткен оқу жылында кәсіби табыстарға қол жеткізген озат ұстаздар қала әкімі және қалалық білім бөлімінің марапаттарына ие болды. Түстен кейін кеңес жұмысы секциялық жұмыстармен жалғасып, әр пән бойынша педагогтар өздерінің тәжірибелерімен бөлісті.
Әрбір адам, әрбір халық өз ұрпағының болашағына жанашырлық жасап, өмірдің талабына сай тәлім-тәрбие беру міндетті ісі. Қазіргі заманның келелі келбетінің басты көріністерінің бірі – жас ұрпақ тәрбиесі. Тәрбие мәселесі – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып жетілдіріп отырған өмір мектебі. Сондықтан жыл бойы атқарылған және атқарылатын шараларды саралап, алға нақты мақсаттар қоятын осындай шаралардың педагогтарға берері мол болмақ.