Бүгін «Мыңжылқы» мәдениет үйінде педагогикалық тамыз кеңесі өтті. Дәстүрлі түрде өткізілетін тамыз кеңесіне арнайы қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков барша ұстаздарды жаңа оқу жылымен құттықтады. Ауданда өскелең жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі тың істерге тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ тамыз кеңесі – ұстаздар арасында дәстүр болып қалыптасқан алқалы жиын ғана емес, білім беру ісіндегі кемшіліктерді саралап, алдағы міндеттерді талқылайтын маңызды басқосу екендігін айтып өтті. Білім саласын дамытуда қосқан елеулі үлестері үшін білікті ұстаздарды марапаттап, құрмет көрсетті.
Созақ аудандық білім бөлімінің басшысы Абай Өтебаев хабарлама жасады. Білім саласы бойынша өткен оқу жылында жеткен жетістіктерді баяндап, биылғы оқу жылының ерекшеліктері мен өзекті мәселелерге тоқталды.
Аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беруде нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізген ұстаздарды марапаттады.
Шара аясында ұстаздар қауымына «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгісі мен «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісі, Түркістан облысы әкімінің арнайы «Алғыс хаты», Созақ ауданы әкімінің, Түркістан облыстық мәслихаттың, аудандық мәслихат аппаратының, облыстық білім басқармасының алғыс хаттары және облыстық кәсіподақ комитетінің «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер» төсбелгісі мен «Құрмет грамотасы» табысталды.
Шараға жиналған қонақтар «Мыңжылқы» мәдениет үйінде қойылған кітап көрмесін, жергілікті жастар құрастырған роботтар мен жобаларды тамашалады.