Білім беру саласы қызметкерлерінің «DIGITAL KAZAKHSTAN: заманауи білім беру» тақырыбында аудандық тамыз педагогикалық кеңесі өтті. Жиынға келген көпшілік алдымен аудандық мәдениет сарайының фойесіндегі білім беру ұйымдарының жетістіктері мен атқарған жұмыстары туралы көрме жұмыстарын тамашалады.
Тағылымды шараның ашылуында мемлекеттік гимн орындалып, жұмыс регламенті бекітілді. Жиында аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бақыт Бекмұратұлы баяндама жасап, 2023-2024 оқу жылында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттері туралы атап өтті.
Одан әрі аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов сөз алып, ұлағатты ұстаздар қауымын аудандық тамыз педагогикалық кеңесінің ашылумен және жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
Жиын барысында ауданның білім саласындағы жемісті еңбектері үшін бір топ ұстаздар ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Ы.Алтынсарин» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, аудан әкімі мен аудандық мәслихат төрағасының алғыс хаттарымен марапатталды. Марапаттау рәсімінен соң ауданның білім саласындағы өткен жылғы атқарылған жұмыстарға талдау жасалып, алдағы жаңа оқу жылына қойған міндеттер сараланды.
Шарада Отырар ауданының білім бөлімі жанынан құрылған Ардагерлер кеңесінің төрағасы П.Жаппарқұлов, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, академик А.Құсайынов, М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектеп директоры А.Сыздықәлі, Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп гимназиясының география пәнінің мұғалімі Б.Қалдыбекова, «Темір» жалпы білім беретін мектептің мұғалімі Ә.Нұрсейіт жарыссөзге шығып, заманауи білім беру тақырыбы бойынша ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Аталған шарада Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп гимназиясының оқушылары ұстаздарына арнау өлеңдерін оқып, шара соңы аудан өнерпаздарының әуезді әнімен қорытындыланды.