Мақтаарал ауданы Бірлік ауылдық округіне қарасты Өркениет елді мекенінде 1-қыркүйек Білім күні қарсаңында 200 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Заманауи нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Бақыт Асанов арнайы қатысып, «Алғашқы қоңырау» іс-шарасында ұстаздар мен оқушыларды, ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
Бұған дейін ауылда мектептің болмауына байланысты 280 оқушы Пернебаев ауылындағы №34 «Бірлік» және Қоңырат ауылындағы №35 «Болашақ» жалпы орта мектептерінде білім алып келген. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдымен кездесуінде ауыл тұрғындары мектеп мәселесін көтерген болатын. Осыған орай, оқушыларға білім беру сапасын көтеру және өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен қаржы қаралып, Түркістан облысының Құрылыс басқармасының тапсырысымен 2022 жылдың маусым айында құрылыс жұмыстары басталған еді. Жаңа мектепте оқушылардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай қарастырылған. Ғимаратта физика, химия, информатика, технология кабинеттері, мультимедиялық және лингафондық кабинеттер соңғы үлгідегі заманауи технологиялармен жабдықталған. Сондай-ақ, кітапхана, спорт залы, асханасы бар. Мектепте оқушылар түрлі спорт, өнер және қолөнер үйірмелеріне қатыса алады.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданы қайта құрылған 6 жыл ішінде 20-дан астам жаңа мектеп пайдалануға берілген. Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында аудан аумағында 5 жайлы мектептің құрылысы жоспарланған. Қазіргі таңда Атакент кентінде 1 500 орындық және Үлгілі елді мекенінде 600 орындық Жайлы мектептің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, 2024-2025 жылдары Атакент кентінен 900 орындық және Жамбыл ауылдық округі, Абай елді мекенінен 900 орындық мектептердің құрылыс-монтаж жұмыстары басталғалы тұр.