Мемлекет басшысының тапсырмасымен мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобалар форматына өтуге байланысты, бүгінде қабылданған «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы аясында атқарылып жатқан іс-шаралар мен нақты міндеттер жетерлік. Осы орайда өзіміздің жергілікті ғалымдарымыздың қазіргі таңдағы өзекті ғылыми бағдарламалар жайлы ойларын айқын білу үшін Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ, Биология кафедрасының оқытушысы, техника ғылымдарының кандидаты Аймбетова Индира Оразғалиқызымен жүргізілген сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
-Еліміздегі заманауи өзгерістер, тұрақты дамудағы жаңа стратегиялық бағыттар білімге қойылатын талаптарды арттыруда. Осыған сәйкес білім беруді модернизациялау бойынша білім саласында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы жайлы айта кетсеңіз.
— «Кез келген ұлттың өсіп-өркендеуіне, күш-қуаты мен бақытының дамуына білім беру саласынан артық ештеңе көмектесе алмайды», — деп Т. Джефферсон (АҚШ президенті) айтқандай, әлемнің ғылым мен білім технологияларының жедел дамыған уақытында еліміздің білім саласының түбегейлі өзгерістерді үздіксіз қажет етуі заман талабы екенін түсіну қажет. Осы бағытта Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов мырзаның басшылығымен орындалып жатқан жұмыстарыдың нәтижелері қазіргі уақыттың өзінде біршама оң көрсеткішке ие болуын мойындау қажет. Бұл әрине менің субъективті ойым, бірақ мен сұхбаттасып жүрген педагогтар қоғамының өкілдерінің көпшілігі осы ойға қосылады. Соңғы жылдары пандемия кезінде білім беру саласына үлкен сынақтарды ала келді. Ғаламдық кризис білім саласының приоритеттік бағытына заманауи білім беру технологиялдардың және мұғалімнің сапалық қасиеттеріне үлкен өзгерістер қажет екенін байқатты. Оқушылар мектеп қабырғасында емес, үй жағдайында дистанциялық білім алуы педагогтар қауымының іріктелуін, олардың сапалық бағытта деңгейленуін анықтап берді. Яғни, үй жағдайында оқыған балалардың мүғалімнің талабын орындау деңгейі білім саласындағы приоритеттік сананың фундаменталды өзгерісін қажет ететіні байқалды. Себебі білімгерлердің деңгейлері тек қана міндетті тапсырма орындаумен, оның сапалық жағын сипаттаудан бұрын, цифрлық құралдармен тез есеп беру ғана деңгейімен шектелді. Ары қарай ізденіп, оқу туралы түсінік балаларда болмады. Ал кейбір мұғалімдер балаға тапсырма беріп, оның қаншалықты сапамен орындалғанын ескермейтіндері де бар. Тек қана орындалды деген белгі үшін жұмыс істейтін мұғалімдер бар екенін мойындау керек. Осы орайда жасалып жатқан министрліктердің іс-шаралары педагогикалық процес қатысушыларының сапалық деңгейін айқындайтын, заманауи талаптарға сай даму тенденцияларын меңгеретін мұғалім мен блімгерлерге бағытталған шаралар жасалуда.
Кез келген әлемдік кризистер түрлі мәселелердің бетін ашып беретіні және жаңа мүмкіндіктерді бағытын айқындайтыны табиғи құбылыс. Сондықтан білм саласында жасалынған іс-шаралар мен олардың орындалуына сипаттама берсек, мысалы академиялық ашықтық пен адалдық мәселесіне көңіл бөлінуі; Алтын белгі иегерлері білім деңгейлерін анықтау үшін Назарбаев зияткерлік мектептерінде емтихан тапсыруы, мектеп оқушысының әлеуметтік-қоғамдық жағдайын анықтайтын «Балаға лайық» республикалық акциясының жүргізілуі, мамандандырылған мектептерге түсу үшін әлеуметтік осал отбасылардың балалары үшін жаңа 15% квотаның енгізілуі, орта білім мекемелеріне арналған оқу материалдарының сапалық қасиеттерін сипаттайтын педагогикалық талаптардың жоғарылауы; жоғары білім алуға қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін ауыл мектептерінің түлектері үшін 35% — ға дейін квота деңгейінің жоғарылауы, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар орталықтарының ашылуы, мектептің материалды техникалық базасының жетілдірілуі; өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталықтарының қызметі, сондай-ақ ішкі істер органдарында есепте тұрған адамдарды медициналық-әлеуметтік есепке алынуы; әлеуметтік көмектің жаңа түрлері — аз қамтылған отбасылар үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакет және көп балалы отбасылар үшін мемлекеттік жәрдемақы енгізілуі тағы сол сияқты іс-шараларды айтуға болады. ЖОО деңгейіндегі жасалып жатқан білім беру деңгейін арттыратын іс-шаралар деңгейі де қарқынды жүруде.
— ҚР Білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламаның мақсаты — Қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тұлғаны тәрбиелеу және оқыту екені мәлім. Осы бойынша қандай шаралар атқарылып жатыр?
— Қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында ғылым мен технологиялардың, білім беруді дамытудың жаһандық үрдістерін үздіксіз білім беру жіне ғылым саласына үздіксіз енгізу және жетілдіру жұмыстарын жүргізу аса маңызды. Бұл заманауи технологиялардың, оның ішінде STEAM технологиясының білім-ғылым саласына енгізу арқылы, парасаттылықты дәріптейтін заманауи тенденцияға сай тұлғаны тәрбиелеудің алғышарты. Қазақстандық экономиканың басты тірегі өндіруші ел ретінде табиғи ресурстарды қолданудан түскен қаражат. Ал ғылым технологияларына бөлінетін қаржы көлемі жалпы ішкі өнімнің 0,13% құрайды. Дамыған елдерде 4,8-2,5 пайыз арасында (Корея Республикасы, АҚШ, Швеция). Егер білім мен ғылым деңгейін көтеру үшін ғылымға бөлінетін қаржы көлемі ЖІӨ деңгейі 1%-дан асу қажет.
Осы бағытта жүргізіліп жатқан шаралар ғылымға бөлінетін қаржының көлемін арттыру көзделуде. Ғылыми потенциалды арттыру мақсатында әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымға ғылыми тағылымдамалар ұйымдастырылуда, жас ғалымдар үшін жыл сайынғы «Жас ғалым» жобасы бойынша мыңдаған гранттар бөлінуде; перспективалық ғылыми идеялардың үлкен санына мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін ұзақ жылдарға созылатын конкурстар жоспарлануда. «Академиялық артықшылық орталықтары» жобасы аясында еліміздің жиырмадан астам ЖОО материалдық-техникалық базасын жақсартуда қаражат бөлінуде.
Бұл қаражаттың барлығы 2025 жылға қарай ғылымды қаржыландыруды ЖІӨ-нің 1%-ына дейін арттыру мақсатында бөлінуде, бұл отандық ғылымның дамуына үлкен серпін береді.
Қазіргі заманның білімді инновациялық шешімдерін генерациялай алатын ұрпақ тәрбиелеуде ғылым мен білімнің орны ерекше, онда ғылым ұстазының ақпараттандырылған, IQ деңгейі жоғары, дүниетанымы кең, парасатты болуы міндетті. Сондықтан оқытудың тиімді әдіс–тәсілдерін, қазіргі заманауи инновациялық технологияларды меңгеруін қамтамасыз етуі мемлекеттік бағдарламалармен қолдау табуда. Мысалы, магистратура, докторантура және резидентура бағдарламалары бойынша жетекші шетелдік жоғары оқу орындарына түсу үшін, ғылыми педагогикалық тағылымдамалардан өту үшін «Болашақ» халықаралық бағдарламасынан стипендиялар бөлінуде. Сонымен қатар, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Болашақ» бағдарламасын қайта бағдарлау процесі іске қосылды. Негізгі назар инженерлік-техникалық кадрларды даярлау болғандықтан, «Болашақ» бағдарламасы бойынша техникалық және IT-мамандықтарға гранттар саны 60% — ға дейін ұлғайды.
Еліміздің білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырудың басты тетігі ретінде экономиканың сапалы өсуі бизнес пен адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, технологиялық жаңғыртуға, институционалдық ортаны жетілдіруге Жаңа бағыттағы – Жаңа Қазақстанның жастарына білім беріп, бәсекеге қабілетті маман дайындау сапасына қатысты талаптарды күшейту мемлекеттік маңызды ұстаным деп ойлаймын. Осындай жетістіктерге жету әрине көп күш пен қаражатты қажет етеді, бұл болашақта Қазақстанның білім мен ғылымының жаһандық бәсекеге қабілетті етуінде орны ерекше.