Білім күніне орай облыстағы білім беру ұйымдарында алғашқы қоңырау үні сыңғырлап, «Мектебім – мейірім мекені» атты салтанатты шара ұйымдастырылды.
Түркістан облысы әкімі Дархан Амангелдіұлының бастамасымен 300-ден астам білім ордасында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев инфрақұрылым жұмыстарын жіті бақылап, назарында ұстады. Солардың бірі Түркістан қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №22 жалпы білім беретін мектепте өткен мерекелік шараға облыс әкімінің орынбасары қатысып, білім ұясының жөндеуден кейінгі жағдайы мен танысып, әрі мерекеде мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршіндерге жылы лебізін білдірді
– Баршаңызды бүгінгі мерекемен құттықтаймын! Жаңа оқу жылында облысымыздағы орта білім беру ұйымдарының желісі 1060-қа артты. Оқушылардың болжамды контингенті 500 мыңнан асады. Оның ішінде 1-сыныпқа 52 593 бала қабылданып отыр. Биыл үнемделген қаражат есебінен 300-ден аса білім беру ұйымына жөндеу және табиғи газға ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл дегеніміз облыстағы әрбір үшінші мектеп жаңартылды деген сөз. Жаңа оқу жылы табысты болсын! – деді облыс әкімінің орынбасары.
Аталған білім ордасы 2007 жылы пайдалануға берілген. 800 орынға арналған білім ұясы биыл ағымдағы жөндеуден өтті. Шатыр жабылып, мектеп сырты толық боялды. Электр сымдары, ішкі және сыртқы шамдар ауыстырылды. Мектеп дәліздері ретке келтірілді. Әжетханасы жаңартылды. Алты оқу кабинетінің едендеріне тақтай қағылды, тоғыз сыныптың жылу жүйесі ауыстырылды.