Біз әңгімемізге арқау етіп отырған уақтысында ауыл аймағы ортасында өнерпаз ұстаз атанған Сәуле апай туралы болмақ. Әділқызы Сәулегүл Қалымбетова 1950 жылы 15 наурызда Бәйдібек ауданы Бестоғай ауылында дүниеге келген. Қаратаудың күнгей бетіндегі Бестоғай ауылы әйгілі Қарабас өзенінің жағасында орналасқан екен. Сол өзеннің арғы жағы, бергі жағы төменгі жағы деп ауылды үшке бөледі. Сол өзеннің бергі жағында Сәуле апай өмірге келіпті. Ол 5-6 жасынан бастап сол ауылда кімдер тұрады, қандай қариялар бар, қандай аналарымызды білеміз, аядай ауылдың күнделікті тыныс тіршілігі, тұрғын жұрттың іс әрекеттері жайлы, немен айналысады, соның бәрін зерделеп, көңіліне тоқып, қажетті үлгі өнегесін, тәрбиесін қабылдап жақсылықтар мен жамандықтардың бәрін көңіліне тоқып өседі. Анасы ісмер, тоқымашы, шебер, әнші болған. Той-томалақтарда ән салып, той бастап жүріп ел ішінде «әнші қыз» атанады. Әкесі қарапайым еңбек адамы болыпты. Домбыраны жақсы тартады екен. Аңшылыққа жаны құмар саятшы, атты жақсы баптайтын атбегі, ағаштан түйін түйетін сегіз қырлы, бір сырлы азамат болған. Сол отбасындағы ата-анадан алған тәрбиенің жемісінен болуы керек, зерек, алғыр қыз атанып, ауыл ішіндегі жақсылы, жаманды дүниелердің әрекетін жастайынан абайлап аңғарып, көңіл бөліп өмірдің ақ-қарасын саралап ажырата білген көзі ашық азаматша болып өседі.
Туған ауылына деген сүйіспеншілік, елі мен жерін қорғау, еңбек ету, елге қызмет етіп, елге пайдалы іс істеу Сәулеге бала кезінен қалыптасып, бойына сіңе түседі. 1957 жылы ауылдағы «Досан» сегіз жылдық мектебінің табалдырығынан аттап ұлағатты ұстаздық жолға бет түзейді. Әрі мектеп қабырғасындағы өзі еліктеген ұстаздарының өнегелі істерін бойына сіңіре түседі. Сабақта білімге деген ынтасы, өмірге деген көз қарасы өте жоғары және ерекше болады.
Ауылда күнде болмаса да арагідік болып тұратын жайттардың бел ортасында жүреді. Айқай-шу, ұрыс-керіс орын алғанда екі жаққа да тоқтау айтады, ақыл-кеңесін мысалдап отырып жеткізе біледі. Ауылда бірде үлкен келін түсіру тойы болады. Алдында беташары да болды. Үлкен әпшесі ата-анасынан рұқсат сұрап тойға барғысы келетінін білдіреді. Сонда ата-анасы бойжеткен әпкесіне кіп- кішкентай Сәулені де қосып жібереді екен. Ол уақыттар Ұлы Отан соғысынан кейін ауыл жұртшылығының әрі сәрі күй кешкен кезі болатын. Бір жолы тойда бір ағайын ағасы мас болып ойына келген сөздерді айта бастайды. Оның үстіне келген меймандар да ыңғайсыз жағдайға тап болады. Сөйтіп тойдың шырқы бұзылады. Екі-үш күннен кейін соңғы сабақтан шығып, шаршап үйге бет алып келеміз,-дейді. Оның үстіне жұрттың бәрі шаршады. «Тойға барсаң тойып бар» демекші той үстінде Сәулеге тойға келушілер бір ән айтқызып жұғысты, жұпты бола берсін дейді. Содан әлгі мас кісі «Сәулеш бір ауыз ән айтып берші» деп өтінеді. Ертесіне мас көкесіне қарап тұрып: -Ертең Әбен ағай мен Мария апай үйленеді. Кешегі тойдағыдай мас болып ішкілік ішіп елдің мазасын алмайтын болсаңыз ғана ән айтамын,-дейді. Әлгі көкесі: -Сәулеш енді ішпеймін уәдем уәде,- дейді. Сәуле болса орнынан тұра сала қасында өзге де оқушылар бар. Бәрі хормен:
«Мұз айдын, мұз айдын,
Жарқырайды айнадай
Ұзаймын, ұзаймын!
Мен конькиші лай-ла-ла»-деп шырқай жөнеледі. Кейін сол ағасы «айналайын болды ендігәрі ішпеймін» деп мүлде ішпей арақты қойып кетеді.
Осы бір сәттік ғана оқиғадан кейін ауылдағы үлкен, кіші ауылдастары Сәулеге құрметпен қарай бастайды. Сөйтіп қаршадайынан сөзі өтімді болады. Әрбір той, жиында Сәулені сыртынан мақтап игі тілектерін білдірген жандар аз болмайды. Сол себепті де ауылы мен аймағына «ақылшы қыз», «әнші қыз» атанады. Сәуле осылайша кішкентай кезінен бастап ауылдың тыныс тіршілігіне, өміріне араласып бойжетеді. Мектеп мұғалімдері түрлі аудандық, облыстық жиынды шаралар болсын міндетті түрде Сәулені қастарынан тастамай алып жүреді. Зерек оқушы мектепішілік қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Аға пионер вожатый, қыздар советінің председателі, мәдени шараларды жүргізуші болады.
Бестоғайдағы сегізжылдық мектепті бітірген соң, Алғабас ауылындағы он кластық мектепте білімін жалғастырып, 1967 жылы бітіріп шығады. 1967-1970 жылдары Ташкент қаласындағы Низами атындағы педагогикалық университетінің физика-математика факультетін бітіріп шығады. Одан 1980-1984 жылдары Алматы қаласындағы Қыздар педагогикалық институтының тарих факультетін бітіріп шығады. Алғашқы еңбек жолын Алғабастағы Ғани Мұратбаев атындағы орта мектепте физика пәнінің мұғалімі қызметінен бастайды.
1969-1973 жылдары Жартытөбе ауылындағы «Октябрьдің 50 жылдығы» атындағы орта мектепте физика пәнінен сабақ береді. Осы жылдары мектеп басшылары Шерниязов Көпей, Ялиев Жылқыайдар, М.Сүлейменов, Тілеуқабылов Тәжен, Клара, Сәбила Мырзахметова ағай-апайларымыз, совхоз басшылары Исабек Мырзахметов, Баймұса Есжанов, Аманқұл Құлтабаров, Байыш Исаев сияқты ел ағалары «халықтың қызы» деп баталарын беріп құрметтеп ұстаздық ұлы жолға шығарып салды. «Асыл тастан, ақыл жастан шығады» демекші қошеметті мақалалар, зерттеулер, танымдық дүниелер болса қалт жібермей оқуды әдетіне айналдырады. Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Сексенбай Тұрысбековтің қолынан бірнеше рет алғыс хат иеленеді.
-Қаршадай қазақтың қызына табиғи дарын мен сана берген шексіз мейірімді Алла тағалаға деген шексіз ризалығымыз бар,-дейді екен ата-анасы елдің Сәулеге деген ыстық ықыласын сезінген сайын.
1970 жылы жас қыз Жартытөбе ауылының тұрғыны Төлеубеков Қуандықпен отбасын құрап шаңырақ көтереді. Жұбайы екеуі төрт ұл, екі қыз тәрбиелеп кәмелеттік жасқа жетелей жеткізеді. Сәуле апай «Аяулы ана», I-II дәрежелі «Даңқты ана», «Батыр ана», «Алтын алқа» иегері атанып сонау 1973 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанша Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепте ұстаздық етеді. Қазақ ССР Оқу Министрлігінің «Үздік қызметкері» төсбелгісін кеудесіне тағады. «Еңбек ардагері» медалімен, аудан, облыс республиканың алғыс хаттарымен, Мақтау грамоталарымен марапатталды.
Осы жылдар аралығында Сәуле Қалымбетова білім саласының майталмандары саналатын Ләнде Бөкенов, Сағынтай Байділдаев, Сейілбек Наурызбаев, Сейділдаев Нұрділда ағаларынан зор тәлім алады. 1973 жылы Ләнде ағай аудандағы пионерлер үйіне директор болып баруға ұсыныс білдірді. Отбасылы, әрі көп балалы, әрі балалардың жас болуына байланысты бұл ұсыныстан бас тартады.
Сейілбек ағасы:-Қызым құдайдың берген өнерін тастама, бойыңдағы Алла сый еткен өнерді ұстаздық қызметіңмен ұштастырып қатар алып жүр,-деп жігерлендіріп отырады. Сол ағаларының берген лайықты бағасын ешқашан есінен шығарған емес. «Халықтың қызы», «Ел анасы», жоғары санатты білікті ұстаз, «Сахнаның сәні», аудандағы мәртебелі ұстаздардың бірегейі деген елдің берген теңеулерін санасына серік еткен ұстаз-ана аудандағы ата-аналардың құрметін сезіне білді.
Сәуле апай 2016 жылы республикалық «Хабар» телеарнасында «Әйел сыры» атты бағдарламаға шақырылады, «Еуразия-1» теле арнасында журналист Аман Тасығанның «Өнегелі отбасы» бағдарламасына сұқбат береді. Республикаға белгілі Дана Нұржігіт, әнші Қарақат Әбділдина, актер Данагүл Сейтметова, Аман Тасыған, Мая Воронская сияқты журналистердің жүргізетін бағдарламалары мен сын сұқбаттарына шақырылады.
-Расында да Қуандық пен Сәуленің жанұясы өнегелі отбасы ретінде жас ұрпақтарға саналы тәрбие, сапалы білім беруді басты мақсаттары санады. Және мақсат тұтқан биіктеріне қол жеткізді. Сол себепті де әріптесіміз Сәуле қандай құрметке болса да лайықты,-дейді ардагер ұстаз Нұрмағанбет Ыбырайұлы. Қазақтың салт дәстүрі, әдеп-ғұрпы, өнері, тарихы жайлы терең де жетік білімі Сәуле апайды өзі қалаған биіктерге жеткізді. Бүгінгі таңда аудандағы ардагерлер хор ұжымының, «Ақ әжелер» тобының мүшесі ретінде облысымыздың бірнеше қала, аудандарына барып ұжым өз өнерлерін көрсетті. Біз қашанда осындай өнер мен ұстаздықты қатар алып жүрген бар ғұмырын балалардың азамат болуы жолына арнаған құрметті ұстаздарымызды мақтаныш тұтамыз. Сондықтан Сәуле апайларды құрметтілер арасынан көргіміз келеді. Әрі олардың қатары көбейе берсін деген зор тілектеміз.