Шардара қаласында осы ауданның атауымен аталатын білім ошағы жұмыс істейді. «Шардара» мектеп-лицейі қаладағы мектептердің қара шаңырағы іспеттес. Көпшілікпен бірге біздің үйдің балаларының да алды осы мектепті бітіріп, кейінгілері әлі оқып жатыр. Үлкен баланың мектепті аяқтайтын сәті жадымыздан шыға қойған жоқ. 6-7 жыл бұрын соңғы сыныпты бітіріп жатқан баламызды жұрттан көргенімізді жасап, мектептен тыс арнайы курсқа оқытпақшы болғанбыз ғой. Оқыту ақысын төлеп, айналадан мықты деген мұғалімдерді іздеп, ҰБТ-ға дайындасақ деп ұйғардық. Әйтеуір жоғары балл жинап, грантқа түссе деген ниет қой біздікі. Осы ойымды мектептің директорына барып айтып, баламызды басқа жақтан оқытсақ деп өзімше өтініш айтқанмын.
–Сіздің айтып отырған ақылы курстағы мұғалімдеріңізден де, басқаңыздан да артық білетін адамдар осында жұмыс істеп жатқан жоқ па. Қайта басқа жақтағы ата-аналар балаларын біздің ұстаздарға келіп оқытады. Сіз ондай сөзді қойыңыз да, балаңызды тегіннен-тегін қосымша сабақ беретін осындағы мұғалімдерге оқытыңыз. Және мұны басқаларға да айтып түсіндіріңіз, – деп қисынсыз қолқа салып отырған өзімді ұялтып қойды. Расында да осы мектептегі білікті ұстаздардың арқасында сол жылы баламыз өз күшімен грант иегері атанды. Содан бері ұл-қыздарымызды басқа ешқайда жібермей, тек осында оқытып келеміз.
«Шардара» мектеп-лицейіндегі осындай мықты мұғалімдердің бірі Жанар Сартбаева есімді апай. Физика пәнінен дәріс беретін Жанар Жұмагелдіқызын әріптестері де, былайғы жұрт та білікті маман ретінде құрметтейді. Мектепке жұмысқа келген кезіндегі өзіне үлгі тұтқан апайы, бүгінде ардагер ұстаз болып отырған Шардара ауданының Құрметті азаматы Жаңылай Айдарова Жанардың жақсы қырын айтудан жалықпайды.
– Менің мамандығым физика-математика пәнінің оқытушысы. Осы мамандығыммен «Шардара» мектеп-лицейінде зейнет демалысына шыққанша еңбек еттім. Жанар Сартбаева да осы мамандықты таңдаған екен. Білгенімді үйреттім, оқытушылықтың қыр-сырына баулыдым. Екеуіміз де физикпіз ғой, ойымыз бір жерден шығып отырды. «Физиканы игерген адам – бар пән бойынша өз ойын айта алады» деген сөзді ұдайы айтып отырушы едім. Жанар Жұмагелдіқызы нағыз педагог, өз ісінің нағыз майталманы бола білді. Мұғалім алдындағы шәкіртке сабақ өткен кезде оның басында не қалу керек? Әрине, бірінші кезекте мұғалімнің сөз шеберлігі, содан соң тақтадағы жазуы, сабақты түсіндіре білуі сияқты қасиеттер шәкірт жүрегіне жетуі тиіс. Жанарда осының бәрі бар. Ол балаға дауыс көтермей, басқа да мінез көрсетпей орынды талап қоя біледі. Оқушыны жетектей отырып, бойындағы қабілеттерін бері шығара алады. Ол үшін өзі тыңғылықты дайындалады. Жаңалықтың бәрін қалт жібермей, ізденіп отырады. Сынып жетекшісі болған кезде ата-анамен байланысты дұрыс жолға қойды. Бірден бір мақтанатын шәкіртім деп осы Жанарды атап айтыр едім, — дейді Жаңылай Зияшқызы.
–Бүгінде педагог мәртебесі туралы арнайы заң қабылданып, елімізде мұғалім мамандығының беделі артып келеді. Мемлекетіміз біздерге лайықты қамқорлық жасап отыр, енді соның үдесінен біздер шыға білуіміз керек. Ол үшін әрбір мұғалім жатпай-тұрмай ізденісте болса ғана жетістікке жете алады. Мысалы, бұрын физиканы бір оқып алып, соны оқушыларға айтып жүре беретін болсақ, қазір басқаша. Заман күнде өзгеріп, сағат сайын жаңарып отыратын кезеңде өмір сүріп жатқандықтан, бүгінгі айтқан нәрсең ертеңге жүрмейді. Сондықтан өз салам бойынша күнде ізденіп, инновациялық жаңалықтардан хабардар болып отырамын. Биыл мектебімізде күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Енді жаңа оқу жылында жаңа құрал-жабдықтармен қамтылатын боламыз деп қуанып отырмыз. Материалдық база күшейсе білім беру сапасы да арта түсетіні сөзсіз. Мектебіміздің басшысы Жанат Сапаров ұжым арасында дұрыс атмосфера қалыптастырып, бір үйдің адамдарындай жұмыла жұмыс жасауға барлық жағдайды жасап отыр. Әріптестерімді әркез мақтаныш тұтамын. Математика пәнінің мұғалімі Мәлика Досназарова, физика-математика және информатика пәндері бірлестігінің жетекшісі Гүлшат Зейнеханова сынды мұғалімдерден әлі де үйренеріміз көп, – дейді Жанар Сартбаеваның өзі.
Жанар Жұмагелдіқызы 1977 жылы Орлдабасы ауданында өмірге келді. Орман шаруашылығында жемісті еңбек еткен әкесі Жұмагелді Сартабевтың қызмет бабымен Шардараға қоныс аударып келеді. Алдымен Б.Соқпақбаев, кейіннен М.Әуезов атындағы мектептерді оқыған Жанар жастайынан-ақ математика мен физиканы үздік оқыды. Кейіннен осы мамандықты таңдауына да мектептегі Рәзия Тәжімұратова, Сатыбалды Пахымбетов секілді апай-ағайларының ықпалы тиді. Мектептен соң Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің Шымкент бөлімшесіне оқуға түсіп, физика-математика фпкультетіне оқуға түсті. Алғашқы еңбек жолын 1998 жылы өзі оқыған М.Әуезов орта мектебінде бастап, 2000 жылдан бері «Шардара» мектебінде қызмет атқарып келеді. Ұжымда ұлағатты ұстаз атанған Жанар Сартбаева сонымен қатар отбасының береке-бірлігін арттырып отырған ардақты ана. Өмірлік жолдасы, Шардара ауданының Құрметті азаматы Қайрат Әзтаев аудандық орталық аурухананың хирургия бөліміне басшылық жасайды. Отағасы екеуі 2 қыз, 3 ұл тәрбиелеп өсірді. Үлкен қызы Құндыз биотехнология мамандығын таңдаса, ұлы Бақберген әке жолын қуып медицина саласын таңдады. Салтанат, Сәкен, Айсұлтан есімді перзенттері мектеп қабырғасында оқиды.