Елімізде «Әлеуметтік кодекс» өз күшіне енгеннен кейін жұмыс күшіне байланысты сұраныс пен ұсынысты талдап, еңбек мобильділігін қамтамасыз етіп отыратын орталықтар ашылды. Яғни, бұған дейін жұмыс істеп келген халықты жұмыспен қамту орталықтары «Мансап» орталығы болып қайта құрылды. Орайы келгенде Кентау қаласындағы «Мансап» орталығының жұмысы жайлы жазуды жөн көрдік.
Аталмыш орталығының директоры Жақсылық Кайдауловтың мәлімдеуінше, орталық ең алдымен жұмыссыз жүрген азаматтарды есепке тіркейді. Сонымен қатар, жұмысынан айырылғандарға әлеуметтік төлем тағайындау үшін қажетті құжаттарды қабылдайды. Жұмыссыздардың тұрақты жұмысқа орналасуына жәрдем көрсетеді, уақытша жұмыс орындарын ұсынады. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды ұйымдастырады. Әлеуметтік кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізеді. Азаматтардың барлық санаттарына арналған бос орындар жәрмеңкесін өткізіп, халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырады.
Жалпы қоғам үшін мұндай бастамалардың пайдасы өте көп. Айталық, бүгінде қоғамдық жұмыстар бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтып отыр. Олар қоғамдық бірлестіктерге барып, белсенді жұмыс істеуде. Қиын жағдайға тап болған азаматтар, сол сияқты жазасын өтеп келгендер де бірінші кезекте осы орталықтың көмегіне жүгінеді екен.
— Биылғы жылдың 6 айында бос жұмыс орындары жәрмеңкесін 4 рет ұйымдастырдық. Жұмыс беруші мен жұмыссыз жүрген адамдар осы жәрмеңкеге келіп, жұмыс берушімен тікелей сөйлесіп, «екі қолға бір күрек» табуға мүмкіндік алды. Кентау қалалық пробация қызметі бөлімінің ұсынған пробация қызметінің есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру органдарынан босатылған 16 азамат Кентау қалалық «Мансап» орталығына ресми жұмыссыз ретінде есепке тіркелді. Оның ішінде «Ұлттық жоба» аясында жұмыспен қамту шараларына 5 азамат тартылды. Сонымен қатар, Кентау қаласы әкімдігінің 2022 жылғы № 612 қаулысы «2023 жылға арналған пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды жұмысқа орналастыру туралы» квотаға сәйкес 1 азамат «Кентау сервис» МКК, 2 адам «Жасыл қала» МКК жұмысқа орналасты. Бос ваканция бойынша 7 адам жұмысқа жіберілді, — дейді Жақсылық Нұралыұлы.