«Бос жұмыс орындары жәрмекесінің» халыққа тигізіп жатқан пайдасы орасан зор. Айталық, Кентау қалалық «Мансап» орталығында «ҚР Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде жұмыссыз жастарды, пробация қызметі есебінде тұрған тұрғындарды, бас бостандығынан айыру орындарынан босаған азаматтарды, аз қамтылған азаматтарды, алимент бойынша үш айдан асқан берешегі бар борышкерлерді, еңбекке жарамды мүгедектігі бар адамдарды нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп тұрады. «Мансап» орталығының директоры Жақсылық Нұралыұлының айтуынша, ағымдағы жылдың шілде айында өткен жәрмеңкеге Кентау қаласы прокуратурасының, Кентау қалалық ішкі істер бөлімінің, Түркістан облысы бойынша Әділет департаментінің ауданаралық сот орындаушылар жөніндегі ауданаралық бөлімінің өкілдері қатысып, бірінші ретте пробация қызметі есебінде тұрған тұрғындарды, бас бостандығынан айыру орындарынан босаған адамдардың жұмысқа орналасуын назарға алды.
— Жалпы қалада жыл басынан бері өткізілген жәрмеңке нәтижесінде 38 жұмыс берушіден 189 тұрақты жұмыс орындары ұсынылып, жұмыс іздеп келгендерге «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберіндегі алғашқы жұмыс орындары, жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары бойынша ақпараттар берілді. Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін жергілікті тұрғындарға ерікті түрде Солтүстікке қоныс аудару туралы мемлекеттік бағдарлама бойынша кеңес берілді, — дейді Жақсылық Нұралыұлы.
Үкімет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындары — халық игілігі үшін жасалынған ұлттық жобалар болып табылады. Мемлекет «Мансап» орталықтары арқылы азаматтарға жұмыс іздеуге жәрдемдесіп, жұмыс орындарын ұйымдастырып және жұмыс берушілерге жалақы субсидиялайды.
Субсидиялық жұмыс орындарының бірі – қоғамдық жұмыс орны. Оған арнайы дипломы жоқ, біліктілігі мен тәжірибесі жоқ кез-келген адам қатыса алады. Қалада жыл басынан бері қоғамдық жұмысқа жолдама алғандардың саны 567-і құрап отыр.
Реті келгенде айта кетейік, бүгінде елімізде өзінің жеке кәсібін ашуға ниетті, бірақ қаражаты жоқ жандарға мемлекет тарапынан қолдау білдіруде. Өткен жылы 4 лек бойынша грантқа құжаттар қабылданды. Мәселен, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында Кентау қаласы бойынша 2023 жылы төрт лек бойынша 691 адам грантқа өтінім берді. Нәтижесінде, комиссия мүшелерінің шешімімен 90 адам грант иегері атанды. Ал, «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде жүзеге асырылатын «Мемлекеттік қайтарымсыз грант» бағдарламасымен 2024 жылы бірінші лекте 106 адам грантқа өтінім берген болатын.
Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар алуға үміткерлердің өтініштерін қарастыру бойынша комиссия мүшелерінің алдында мемлекеттік қайтарымсыз грант алуға өтінім бергендердің ішінен 91 адам өз бизнес жобаларын қорғап, 15 адам комиссия отырысына келмеді. Комиссия мүшелерінің толық дауыс беруінің нәтижесінде 1-лекте 37 адам гран иегері атанды.
2024 жылдың 15 шілде айынан 25 шілдеге дейін «Еңбек.кз» сайты арқылы мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз гранттың 2-ші легіне құжаттар қабылдау басталды.