Дариға Кішібаева, падгогикка ғылымдарының кандидаты, доцент. Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-де 20 жылдан бері жемісті еңбек етіп келе жатқан ғалым, білікті педагог. Үш баланы тәрбиелеп өсірген, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, немере сүйіп отырған отанасы.
Дариға Жүнісбекқызын ұстаздардың ұстазы деп айтсақ та жарасады. Себебі, ол 20 жылдай қаламыздағы бұрынғы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық училещеде дәріс берсе, бүгінде осындағы бірегей оқу орны Ахмет Ясауи университетінде педагог кадрларын даярлауға үлес қосып жүрген ұстаз. Ол кісіден дәріс алған қаншама түлектер еліміздің орта білім саласында жемісті қызмет етіп жүр. Сол себепті бұ кісіні ұстаздардың ұстазы деп айтуға әбден негіз бар. Сондай-ақ, Дариға апайдың өзі де ұстаздар отбасында туып-өскен жан. Ол туралы өз сөзіне кезек берелік.
« Әрбір ата-ана өз перзетінің әдепті, саналы, иманды да ибалы болса екен деп армандайды. Отанының сүйікті және кішпейіл азаматы болып жетілуін қалайды. Менің де отбасым жақсы болып жетілуіміз үшін жақсы тәрбие берді деп ойлаймын. Мен қарапайым отбасында дүниеге келдім. Екі ұл ,сегіз қыз бала болып тату тәтті балалық шағымыз өтті. Әкеміз бәрімізді оқытты. Бізді бір сөзбен педагогтар отбасы десе де болады. Тек інім ғана экономист мамандығын игерген.Сыйластық, түсіністік, үлкен жауапкершілік сезімдері бар отбасы – бақытты отбасы десе мен өзімді осындай отбасында тәрбиелендім деп айта аламын. Әкеміз ерте дүниеден өтті. Анамыздың қас қабағына қарап бәріміз еңбек етуге дайын болдық. Ата анамызға сөз келтірмеуге тырысып мектепті жақсы оқып,бәріміз қалаған мамандығымызды игеріп, күні бүгінгі дейін тер төгіп жүрміз..
–Ұстаз деген кім, сіздің ұғымда?, -дегенімізде ол кісі былай деп сыр ақтарды.
«Ұстаз – өз Отанын шексіз сүйетін, еліміздің болашығына, оның гүлденуіне аянбай үлес қосатын білімді жеткіншектерді даярлайтын тұлға. Әрбір ұстаздың міндеті – білімгерді отансүйгіштікке, ақыл-парасатын жан-жақты дамытуға, біліммен қаруландырып, тәрбиелеу. «Қыран-түлегіне қайыспас қанат сыйлайды, ұстаз-шәкіртіне талап сыйлайды» деген халқымыздың нақыл сөзі бар. Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздың қолында емес пе? Ұстазды қоғам мен ұрпақ аралығындағы сарапшы десек те болады. Ол үнемі алға талпынып, жас ұрпақ тәрбиесіне белсенді араласуға , балалар арасында беделді болуға міндетті.
Ұстаздық еңбек жолында негізгі қасиеттерінің бірі – әдептілік қажет деп ойлаймын. Ұстаз тәрбие жұмыстарын жүргізгенде балаларға «Жұмбақ дүниенің» құпия сырын ашады, алғашқы білім сатысына жетелеп, қиялын дамытады. Әрқашанда білуге құштар, көңілі шат, еліктегіш, елгезек балалардың талабы мен мүддесінен шығып, дұрыс бағыт беруі үшін ұстаз өз ісінің шебері болуға тиіс. Мектепте баланың күнделікті өмірін, білім жолын ұйымдастырып, жан дүниесіне әсер етеді. Өзім сонау оқушы кезімнен-ақ мұғалім болсам деп ойлайтынмын. Мектеп бітірген соң Түркістан қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық учелищеге бастауыш сынып мұғалімі мамандығына түстім Алғашқы еңбек жолымды Түркістан қаласындағы С.Ерубаев атындағы мектеп-интернатында 1-сынып мұғалімі болып бастадым. Сол сәттегі толқығанымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Екі жыл бастауыш сынып мұғалімі болып, әрмен қарай 1977 жылы Шымкент қаласындағы педагогикалық институтқа осы мамандығымды жалғастыру үшін оқуға түстім.
… Иә, Түркістан педагогикалық училещесі кезінде өңірдегі ғана емес, ел көлеміндегі іргелі оқу орындарының бірі еді. Дариға Жүнісбекқызы өзінің бұл ұжымнан алған тағылымы жөнінде тебірене сыр шертеді: «1982 жылы педагогикалық институтты бітіріп өзім оқыған училещеге мұғалім болып жұмысқа қабылдандым. Кезінде өзіме сабақ берген З.Барлыбаева, Ш.Мұсабекова, А.Әмреева, И.Тінейбаева, О.Божбанбаев, У.Бабажанова, К.Мұхамеджанов, тағы да басқа ұстаздарыммен бірге бір ұжымда еңбек ету, олардың ақыл-кеңесін тыңдау мен үшін үлкен мектеп болды. Педучилещедегі еңбек жолым мен үшін бір бақыт, үлкен бір белес .
…Еңбектеген баладан, ақ басты академикке дейін ұстаз алдынан өтеді. Мемлекет қайраткерлері де тәрбиеші-педагогтардан тәлім-тәрбие, тағлым, үлгі алады, осылайша ұстаз ғасырлар бойы адамзат қоғамы жасаған байлықты жас ұрпаққа үйертеді. Колледж қабырғасында еңбек етіп жүріп «Қазақстан республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталдым, тағы басқа мақтау қағаздары, алғыс хаттармен еңбегім бағаланды.
- Жоғары мектепке қалай келдіңіз, дегенбіз Ұстазға.
«Қаламызда жоғары оқу орны ашылған кезде білікті, білімді мамандарды шақырды. Мен де университетке педагогика, психология пәнінің оқытушысы болып ректор О.Сәбденовтің қабылдауымен қызметке келдім. Мұндағы мақсатым жоғары оқу орнында жүріп білімімді, біліктілігімді жетілдіру еді. Колледж қабырғасында жүріп оқу-әдістемелік журналдарға мақалаларым жарияланып тұратын. 2002 жылы жоғары оқу орнында жүріп кандидаттық диссертация тақырым бекітілді. 2006 жылы «Бастауыш сынып оқушылырының шығармашылық іс-әрекетін пәнаралық байланыс негізінде қалыптастыру» деген тақырыпта кандидаттық диссертациямды сәтті қорғадым.Университеттің талабы халықаралық жоғары оқу орны болғандықтан ғылыми дірежең болу керек еді. Әрине, кандидаттық диссертация қорғау оңай болған жоқ. Қазақстандағы ұлттық кітапханалармен байланыс жасау, архивтен тарихи материалдар іздеу,барлығы уақытты қажет етеді.Осы тұста отбасыма әсіресе жасы келген енеме және жолдасыма алғыс айтқым келеді. Маған түсіністікпен қарап диссертацияны қорғауға көп көмегін көрсетті. Диссертация қорғаған жылы қызымызды ұзаттық, балаларымыз студент болып жатты. Міне осындай өмірдің қат-қабаты қиындықтарымен қатар қызығы да кездесті. Әрине бәрін отбасымызбен ақылдаса отырып шешімін тауып, тығырықтан шыға білдік.
Әрбір ұстазға тән сапа – жоғары мәдениеттілік. Сондықтан ұстаз айналасындағы адамдарға, үлкендерге, балаларға сый құрметпен қарауы, тіл табысуы, сөйлеу мәдениеті, кішіпейілдігі, әдептілігі, білімділігі, ата-аналарға ілтипатпен қарауы еркін, қоршаған ортаға лайықты ұстай білуі, өнегелі тәртібі, адамдармен өзара сыйластыққа негізделген қарым-қатынасы деп білемін.
Ғылыми орта, зиялы қауым менің дүниетанымыды қалыптастырды. Қоғамның даму заңдарын дұрыс түсінуге талпынып, өз білімімді үнемі жетілдіріп, дамытып отыру басты мұратым. Өзімнің тәжірибемде білімгерлерді тәрбиелеу үшін, олардың жас ерекшеліктерін жете біліп, соған орай қарым-қатынас жасауды, өз басым өнеге, үлгі болатындай білім дәрежесін көтеріп, шеберлігімді ұштауды міндет етіп қойдым. Өйткені тәрбие міндеттері мұғалімнен білімдарлықты, шынайылықты, адалдықты талап етеді.
«Педагогика ғылым ғана емес өнер де, сондықтан өз бойыма шеберлікті қалыптастыруым керек деп ойлаймын. Оқыту мен тәрбиелеудің әдіс-тәсілдерін меңгерген, білгенін қызықты да, тартымды өткізе алатын, педагогикалық әдеп пен шеберлікке ие болу оңай мәселе емес. Келешек қоғамымыздың білімгерлері – жастардың бойында мәдениетті қалыптастыру қоғамның алдында тұрған ең басты міндет. Сонымен бірге білімді, сауатты адам ғана келешек тізгінін өз қолына ала алады. Бүгінгі таңда қоғамымыздағы және білім беру жүйесінде болып жатқан өзгерістер мектепте, жоғары оқу орындарының студенттерін тәрбиелеу мен оқыту саласына жаңаша қарауды талап етіп отыр. Себебі, жоғары оқу орындарында тәрбиелеу мен оқыту болашақ жеке тұлғаны дамыту маңызды міндет. Болашақтың бүгінгіден де нұрлы болуына ықпал ететін күш – тек білімде ғана. Қазіргі кезеңде елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне бағыт алуда. Педагог ретінде жастарға білім беруде өз үлесімізді қосу парыз. Ахмет Ясауи университетіндегі ұстаздық қызметімде 200-ден аса ғылыми еңбегім жарық көрді. Бірқатар ғылыми мақалалар,оқу-әдістемелік құралдар, Әділет министрлігі бекіткен электронды оқулық,оқу құралдарының авторымын» дейді Дариға Жүнісбекқызы ағынан жарылып.