Биыл Түркістан облысында 1100,3 шақырым жол жөнделіп жатыр. Жыл соңына дейін соның 546,6 шақырымы, яғни 149 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Оның ішінде Кентау қаласына қарасты 22 көше бар. Олардың жалпы ұзындығы 14.5 шақырымнан асады.
Бүгін Кентау қаласы әкімінің орынбасары Нұрбол Көкенов пен қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ұлан Жамбылұлы Ұлттық сапа орталығының Түркістан облыстық филиалына арнайы келді. Олар тапсырыс беруші ретінде жол құрылысының сапасына алаңдаулы. Сондықтан Ұлттық сапа орталығына жүгініп, құрылыс-монтаж жұмыстарын ширатуға мүдделі екендерін мәлімдеді.
Айта кетейік, жақында облыс әкімі Дархан Сатыбалды аппарат жиынында: «Мердігерлердің жұмысын, асфальт сапасын бақылауда ұстаңыздар! Жол жөндеуге қажетті бюджетті дұрыс үйлестірмеген, жұмысты кешіктірген басшылар мен жауапты орынбасарларға тағы да ескертемін» деген болатын.