Махмұт Момынов жайлы айтқанда осыдан он-он бес жылдай бұрынғы бір жиналыс еске түседі. Сол жиында қаржыны үнемдеу мақсатында мұғалімдердің жазғы демалыстағы еңбекақысының белгілі бір мөлшерін қазынаға құю жөнінде акция ұйымдастырылатыны айтылып еді. Төрде отырған басшының мысалдар келтіре отырып айтқан ұсынысына ешкім де қыңқ дей алмастан, жұртшылық акцияға еріксіз мойынсұнып отырған. Бір кезде залдан біреу көтеріліп, сөйлеуге ыңғайланды.
–Егер бұл бастама бүкіл Қазақстан бойынша көтеріліп отырса қарсылығым жоқ. Ал, тек бізде ғана бұндай акция өтетін болса онда ол ұстаздарға жасалынып отырған әділетсіздік болады, — деді жаңағы кісі. Сілтідей тынып отырған залдың іші қозғалып кетті. Не керек, ақыры жаңағы акция ұйымдастырылмай, аяқсыз қалды. Ал, мұғалімдердің құқын қорғап сөйлеген азамат аудандық білім бөлімі қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрағасы Махмұт Момынов болатын. Акцияны болдырмай қойған осы оқиға аядай аудан үшін елеулі жаңалық болып, біразға дейін айтылып жүрді.
«Ара» журналындағы мақала
Келестің бойында тіршілік кешіп, жүз жастан асып өмірден өткен Момын ақсақал мен Ұлжан апаның отбасында Махмұт аға үшінші перзент болды. Ауыл мектебінде Арапбай Нысанбаев есімді ағайының дәріс беру әдісі, балалардың жан сарайына үңіліп, өзіне баурап алатын қасиеті ерекше еді. Осы ұстазының ықпалы болса керек, Махмұт аға сабақты өте жақсы оқыды. Шағын-шағын дүниелер жазып, оны облыстық, республикалық басылымдарға жолдап отыратын. Тіпті, ауылдағы бір келеңсіздікті мақала етіп жазып, республикалық «Ара» сатиралық журналына жариялағаны бар. Ол жәйт мынадай болатын. Ауылдағы клубта күнде кешкісін кино көрсетіледі, ара-тұра концерт қойылып, тұрғындар спекталь тамашалайды. Міне, осынау бірден-бір ауылдың мәдениет ошағы боп саналатын ғимаратты бүрге басып кетпей ме. Оған бас қатырып жүрген тағы ешкім жоқ. 8 сынып оқып жүрген бозбалаға бұл жай қатты әсер етеді де, ауыл клубын бүрге қаптап кетті деген мазмұнда дабыл көтеріп, оны сатиралық журналға аттандырып жібереді. Содан бір күні кеңшардың директоры үйге іздеп келеді. Момын ақсақалға журналды көрсетіп, сіздің балаңыз бізді масқара қылды дейді ғой.
–Ал, содан «балам журналға шықты» деп мені мақтай ма деп отырған әкем әдемілеп тұрып сазайымды берді. «Момынның баласы бәлеқор деген атақ керек пе еді саған?» деп жақсылап сабағаннан кейін қайтып мақала жазбайтын болдым. Есесіне, клубымызда өмірі жүрмеген жөндеу жүріп, адам танымастай жаңарып қалды, — дейді Махмұт аға күліп.
Мектеп бітірген соң Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетінің студенті атанды. Ол кезде бұл оқуға тек қолы жетіп, бағы жанған адам ғана түседі. Әйгілі білім ордасында Лениншіл Рүстемов араб тілінен дәріс өтетін. Махмұт ағадай сабаққа алғыр, жалындап тұрған жас талапты ол кісі де жақын тартып, көп үміт артатын. Лениншіл ағайымен бертінге дейін хабарласып, хал-жағдайын сұрап отырды. Кейіннен ол кісі білім саласына министр болды, Талдықорған педагогикалық институтына ректор болды.
Махаңның Шардарадағы еңбек жолы1973 жылы басталды. Білім бөлімінің басшысы Амантұр Асылбековтің шақыртуымен аудандық білім бөлімінде инспектор болып жұмыс істеді. Тағы біраз жылдан соң бөлімдегі кәсіподақ комитетінің жұмысын қоса атқаратын болды.
Адалдықты ту етіп…
1991 жылдан 1998 жылға дейін аудандық білім бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Сол кезде ауданның бірінші басшысы болған Өтеғұл Түгелбаев бекіткен еді бұл қызметке.
–Өтекең марқұм өмірден ерте өтсе де, артына өшпес із қалдырып кетті. Адам жанын терең түсінетін дархан жүректі азамат еді.Педагог мамандардың жағдайына жете назар аударып, біздің мәселемізге оң көзбен қарап отыратын. Ондай басшылар көп емес қой. Негізінен, білім саласына басшылықты білім министрлігі, оның облыстағы басқармасы жасау керек. Сонда біздің мұғалімдер тек шәкірт тәрбилеумен айналысқан болар еді, — дейді Махаң.
Жастайынан санаға сіңірілген адалдық қасиеттен Махмұт аға қай кезде де аттаған емес. Аудандық партия комитетінде бір жылдай уақыт қызмет атқарды. Бір жылдан соң бұл қызметті тапсырып, қайтадан блім саласына барды. Бүгінгі тілмен айтқанда әкімдіктің жұмысын жаны қалай қоймады.Білім бөліміне басшылық жасаған алғашқы кездері болса керек, ауылдан артынып-тартынып әкесі келген. Бір малды сойып, қысқы соғымын, басқа да ауылдың сәлем-сауқатын молынан көтеріп, үйдің ішін толтырып жбірген. Бастық болдым деп жүрген баласы жоқ, баяғы шапқылау сол шапқылау. Ауылдағылардың ұғымынша «заврайоно» деген түкірігі жерге түспей, үлде мен бүлдеге оранып, не ішем, не кием демей отыратын дөкей болса керек еді. Момын ақсақалдың баласында мұның бірі де жоқ сияқты. Дастархан үстінде әкесі жайлап сөз айтты.
–Балам, құры бекерге лапылдап жүрген ер адамға жараспайды. Мен білетін бастықтардың жүрісі де мықты, тұрмысы да мықты. Неге сен де солай болмайсың?…
–Әке, — деген сонда Махаң жұмсақ жымиып. –Есіңізде ме, бала кезде біреудің қаламын балалықпен алып қойып, есесіне сізден мықтап таяқ жеген едім. Қайтып ұрлық жасамайтын болып сізге уәде берген едім ғой сонда.
Баласының уәжіне тосылып қалған қария бір кезде барып:
–Балам, менен күпірлік кетті. Енді бұл тақырыпта сөз қозғамаймын. Адалдығыңа рахмет, — деген риза болып.
Өз міндетіңді адал атқарсаң жұмыс та жүреді, абырой да келеді. Сондықтан болар, 2002 жылы Махмұт Момынов екінші рет аудандық білім бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды. Мұның арасында бұрынғы кәсіптік училищеге директорлық қызмет жасап келді. Сол кездегі аудан басшысы Кенжехан Төлебаев шақырып алып, осы қызметті ұсынған еді.
–Кенжеке-ау, ол училищеде ешнәрсе қалмай, тарап кеткен есебі ғой. Қалай жұмыс істеймін, — деп ат-тонын ала қашқан.
–Тарап кетсе сол жерді қайта жинап, қалпына келтіреді деп отырмын сізді. Бірден-бір лайықты азамат деп сізге сеніп отырмыз, — деген соң келісімін бермеуге амалы қалмаған.
–Барғасын аумағы атшаптырым келетін училищені аралап көрдім. Қаңырап жатыр. Жүретін бір техника жоқ. Айтпақшы ол жерге мені ешкім апарып таныстырған да жоқ еді, өзім таныстым ұжыммен. Сосын мекеменің бас есепшісін шақырып алып, құжаттарды көріп шықтым. Қағазда бәрі «қанттай». Пәленбай қаржы бөлінген, оған пәленбай жұмыс жасалған деген сияқты. Содан училищенің жауапты мамандарына талап қойдым, осы қағаз бойынша істелінген жұмыстардың бәрін өз қалталарыңнан істейсіңдер, оған мынанша уақыт мерзім беремін, әйтпесе бәрін сотқа өткіземін дедім. Сол қатал талаптың арқасында көп жұмыс реттелді. Училище талан-таражға түсіп кетпей, аман қалды, — дейді Махмұт аға.
Кәсіподақ дәл қазіргі заманда керек ұйым
–Бүгінгі күні кәсіподақ керек деп ойлайсыз ба? Оның беделін қайтіп көтеруге болады? – деп сұрадық ардагер ұстаздан.
–Кәсіподақ дәл қазіргі заманда өте керек ұйым. Себебі, бұрын кеңес заманында партия бәрін өзі реттеп отыратын еді, яғни басқадан қорықпаса да партиядан аяқ тартатын еді адам. Ендігі кәсіподақ ұйымын басқарып отырған адам қызметін бұрынғыдан да жауапкерлікпен атқару керек. Ол үшін кәсіподақ тізгінін білімді, жігерлі, жан-жақты жетіліп ысылған, өз міндетін адал атқаратын қызметкер ұстау керек. Өз мүшесінің құқы мен мүддесін қорғайтын бұл ұйым абыройлы да жауапты міндет. Себебі, жылаған адам кәсіподақтан келіп пана табады емес пе, — дейді Махмұт аға.
Сөзіміздің басында айтып өткен акция өткізу ісіне қарсылық білдірген кезін Махаңның есіне салдық. Ол кісі рахаттанып күліп алды.
–Заңды оқымасаң, өз құқыңды толық білмесең кімге араша болып жарытасың? Арызданып келген қызметкердің өтінішін адамгершілік жолмен екі жақты келістіре отырып шешіп беру тағы бар. Заңсыз ұйымдастырылғандықтан сол акцияға дер кезінде тойтарыс бергендіктен жүзеге аспай қалды. Кейіннен менің жұмысымды қаржы полициясы 1 ай, 3 күн тексерді. Сосын соларға айттым, «менен бір қателік тапсаң атаңа рахмет айтамын, таппасаң сені тыныш қоймаймын» деп. Ештеме таппағасын кешірім сұрап, «бізді кім жібергенін сезіп отырсыз ғой, қызметіңізде ешқандай кінәрәт жоқ екен, айыпқа бұйырмаңыз» деп жөндеріне кетті, — дейді Махмұт аға