Түркістан қаласында білім беру және қазақстандық ғылымды дамыту, тіл саясатын дамыту сияқты сауалдардың жауабын білу мақсатында қаладағы Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназияның директоры, үздік ұстаз, білікті басшы Рахила Кенжебекқызы Үрімовамен сұхбаттасып, көкейде жүрген сұрақтарға жауап алған едік.
— Рахила ханым, өзіңіз басқарып отырған Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясында түрлі ұлттармен ауызбіршілікте жұмыс істеп, көптеген жетістіктерге жетіп жатқандарыңыздан хабардармыз. Ұлт татулығы – елдің мызғымас тірегі екені белгілі. Қаламызда тіпті түрлі этнос өкілдерінің бір-бірімен жарасып, бейбітшілік пен ынтымақта өмір кешуі үшін ассамблея да арнайы жұмыс істейді. Сіздердегі татулық пен тұрақтылықтың сыры неде?
— Біздің Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясында бүгінгі таңда 2300 оқушы қазақ, орыс және өзбек тілдерінде білім алады. Яғни алтын ұя — білім ордамыз бірнеше ұлт пен ұлыстардан құралған орта. Қай жерде болмасын, татулық пен ауызбіршіліктен асқан құндылық жоқ дейтін болсақ, мұнда мектеп-гимназиядағы жүйеленген жұмыстардың жоспарға сай өтілуі осы ниетпен ұштасып отырғандай. Бұл бағытта «мынау қазақ бөлінің, ал мынау орыс не өзбек бөлімінің іс-шарасы» деп бөлу жоқ. Барлық іс-шаралар барлық сыныптар үшін араласып өтеді. Бірінші сыныптан бір мектепте оқыған соң ең басты мақсатымыз олардың татулығын сақтау.
Бұл бағытта мектептің медиация қызметін айта кету керек. Жалпы медиация қызметі – заман талабы. Яғни 2019 ж. мектепте арнайы ауданаралық соттың шешімімен «Медиация кабинеті» ашылған болатын. Бұл әсіресе оқушылар арасындағы ұлттық татулықты, өзара достықты, қарым-қатынасты күшейту бағытында жақсы жұмыс атқаруда. Себебі балалардың арасында түрлі түсініспеушіліктердің, кикілжіңнің алдын алу үшін балалардан құралған жас медиаторлар тобы балалар арасында татулықты орнықтыру бағытында өзара бірлескен шаралар ұйымдастырып отырады. Яғни бірлескен жұмыстарды жиі ұйымдастыру арқылы бір мектептің балалары бір үйдің баласындай тату-тәтті оқып жатқан жайы бар.
Сонымен қатар мектепте өзін-өзі басқару ұйымы жұмыс жасайды. Бұл өзін-өзі басқару ұйымында мектептің сайланған президенті, орынбасарлары, түрлі министрлері қазақ, орыс, өзбек сыныптарынан араласқан топтан құралған оқушылар. Сондықтан оқушыларымыз да өзара бірлескен жиналыстар арқылы бас қосып, өздерінің түрлі шараларының нәтижесінде бір-бірінен бөлінбей, бірлесе жұмыс істеуді жалғастыруда. Оқушыларымыз мектеп табалдырығын аттағаннан бір үйдің балаларындай, қазақ елінің, Қазақстан Республикасының баласы екендігін сезініп, бойына өзара ауызбіршілікті, татулықты сіңірсе екен деген басты мақсатта жұмыс атқарудамыз.
— «Қазақстан Республикасында білім және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыру аясында негізгі мақсатының бірі — Қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тұлғаны тәрбиелеу және оқыту. Осы жөнінде қандай шаралар атқарылуда? Сонымен қатар тіл саясатын дамытуда айтар ойыңызды қоссаңыз.
— Жалпы Қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттігін арттыру және жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде тұлғаны тәрбиелеу және оқыту бұл әр жаңа оқу жылы білім және ғылым министрлігіне қарасты ұлттық ғылым академиясының білім беру ұйымдар үшін әзірлеген әдістемелік нұсқау хатында нақты берілген.
Оқушылардың бойында жалпы адамзаттық құндылықтарды дамыту бағытында арнайы іс-шаралар жоспары әзірленіп, бұл бағытта бірнеше жұмыстар ұйымдастырылып жатыр. Мұнда ең басты — тәрбие саласына қатысты. Тәрбие саласы бүгінде арнайы 8 бағыт бойынша жұмыс жасайды. Сонымен бірге биыл ұсынылған әдістемелік нұсқау хатта жалпы бізге ұсынылған 12 жобаны жүзеге асыру бағытында жұмыстар ұйымдастыру бойынша тапсырма берілген.
Бұл бағыттағы жұмыстар әсіресе балалардың көшбасшылық қабілетін арттыру, баланың бойында өзіндік менін қалыптастыру, балаларға өз ойын еркін білдіре алуына қолайлы жағдай жасау және бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселелердің бірі – «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясындағы жұмыстар. Бұл балаларды телефоннан, ғаламтор шырмауынан алыстату, кітап оқуға баулу. Бұл бағытта кітапханашымен, сынып жетекшілерімен, тілші мұғалімдермен бірлесіп, түрлі бағыттағы іс-шаралар, атап өтсек жалпы ұлттық құндылықтарымызды, халқымызға тән салт-дәстүрлерімізді насихаттау, салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында түрлі бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылды. Наурыз мерекесінде, сондай-ақ балалардың бойындағы патриоттық құндылықты ояту бағытында биылғы жылдың өзінде мектепте бір кадет сынып, екі смарт сынып ашылды, бұл сыныптардың мақсаты патриоттық рухта тәрбие беру, балаларды туған жерін, елін, Отанын сүйетін патриоттарды тәрбиелеу. Аталған жоба оқушыларға оң әсерін тигізіп, балалардың кітап оқуға деген қызғушылықтарының артқаны байқалады, бұл жемісті еңбек пен сенімнің ақталғаны деп білемін.
Бүгінгі таңда құндылықтарға негізделген білім беру бағытында облыс көлемінде тәрбие саласы бойынша ауқымды семинар өткіздік. Тіл саясатын дамытуда атқарылған шараларға тоқталсақ, мектеп қазақ, орыс, өзбек тілдерінде білім бергендіктен басым бағыт мемлекеттік тілге аударылады. Бұл бағытта барлық сыныптардың арасында халқымыздың ақын-жазушыларының, қоғам қайреткерлерінің мерей тойларына қатысты іс-шараларды жоспарлы түрде туған күндеріне сай ұйымдастырамыз. Сонымен бірге тілдер мерекесінен бастау алған тіл саясатына қатысты іс-шараларымыз жыл көлемінде әрбір мерейтойлармен жалғасын табады. Ал Абай, Махамбет, Мағжан, Ілияс оқуларын, жас ақындар мүшәйрасын өткізу дәстүрге айналған. Жоспар бойынша ай сайын жоспарлы түрде жеңімпаздар қалалық, облыстық сайыстарға қатысады. Мектепте 2020 ж. қоғам қайраткері, ақын Әкім Ысқақ атындағы арнайы жас ақындар сыныбы ашылды. Жас ақындар сыныбының мүшелері Әкім Ысқақ ағамызбен тікелей байланысып, жыл сайын Ә.Ысқақ оқуларын өткізу мектебімізде дәстүрге айналған.
Сонымен қатар дене шынықтыру пәнінен де облыс көлемінде семинар беріп, салауатты өмір салтын қалыптастыру, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытындағы жұмыстарымызды жан-жақты екенін көрсете алдық.
— Тұлғаның жаңа интеллектуалдық және мәдени түрін қалыптастыру міндетіне байланысты мұғалімге қойылатын талаптарды және осы талаптардың үдесінен шығып, жоғары жетістіктерге жетіп жүрген бір қатар ұстаздарды атап өтсеңіз.
— Бүгінгі таңда тұлғаның жаңа интеллектуалдық және мәдени түрін қалыптастыруына байланысты мұғалімге қойылатын талаптар өте жоғары. Президентіміздің арнайы тапсырмасымен білім жане ғылым министірлігінің түрлі бағыттағы тапсырмаларына сәйкес білім саласына оң көзқарас қалыптасуда. Әсіресе педагогтардың мәртебесін арттыру бағытындағы жұмыстар өте жүйелі атқарылуда. Мұғалімдер тек білім беру ісімен айналысу қажет болғандықтан, бұл бағытта сапалы білім мен саналы тәрбие беру жұмысы бір жолға қойылды.
Жоғары жетістіктерге жеткен мұғалімдеріміз көп. Атап өтсек, облыстық «Үздік педагог» конкурсының жеңімпазы, химия пәні мұғалімі Тайбекова Шарафат, орыс тілі пәні мұғалімі Темирова Мадина, химия пәні мұғалімі Абдуллаева Умида, биология пәні мұғалімі Жүсіпова Құралай, бастауыш сынып мұғалімдері Әлмаханова Үржан, Қалиева Гүлжан, Қалыбаева Ботагөз, Жексенбаева Ақмарал, Набиева Юлия, Маслова Ирина, Шакаримова Санам, дене шынықтыру пәні мұғалімдері Мейірбеков Шынғыс, Исраилов Мадияр, Бәжиев Еркебұлан, Нәлібаев Айдар, Үкібас Бөлеген т.б. еңбектерін атап өтсек болады.
-Әңгімеңізге рахмет!