Бүгінгі кейіпкеріміз, Абай атамыз айтқандай «Адамнын бір кызығы — бала деген. Баланы оқытуды жек көрмедім» деп өмірін бала оқытуға арнаған білікті ұстаз, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, қызғалдақтай екі бүлдіршіннің анасы, Насибуллина Гульсина Равильевна болмақ. Жас ұстаз №9 Некрасов мектеп-гимназиясында қызмет етеді. Мұғалімдігімен қатар қоғамдық жұмыстарға білек сыбана кірісетін Гульсинаның атқарған ісі тиянақты-ақ. Өз ісіне жауапкершілігі мен жайлылығын білетін әріптестері оған барынша сенім артқан.
«Гульсина бастаған шаралар нәтижелі болмай қоймайды. Қолына алған ісін аяқтамаса жаны тынышталмайтын әріптесіміздің мінезін әбден біліп алғанбыз. Кейде бәрін өзіне тапсыра саламыз. Қашан көрсең күлімдеп жүретін Гульсинаның осы мінезін жақсы көремін, сол үшін де сыйлы. Оқушыларына сабақ беру стилі де айрықша. Содан болар оқушылары да өзіне ұқсаған тиянақты» дейді жанындағы әріптестері.
Гульсина атақты ойшыл Әбу Насыр әл Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі», — деген пікірін әрдайым нық ұстанып жүреді. Ол «Ата-бабамыз баланың тәрбиесі бесіктен бастау алатынын тамаша мақалдарымен, көркем сөздерімен айрықша жеткізе білген. Бірақ көбіміз бүгінгі ұрпақтың, яғни ертеңгі ел тірегінің ақыл-парасаты мол, мәдениеті озық, саналы өсуі, оның кейін есейгенде жияр біліміне ғана байланысты емес, ең алдымен құрсақтан берілетін иманды әдет-ғұрып, өнегелі салт-дәстүр, ұлттық болмыспен келетін тәрбие көзінде жатқанын ескере бермейміз. Қазіргі жастар алғыр, креативті, епті. Дегенмен жастарымыздың дені мектеп бітірген соң шет елге кетуге асығып жүргенін соңғы кезде аңғарып жүрміз. Сонда олардың бойында ата-бабамыздың ұрпақ бойына сіңіргісі келген ұлттық тәрбие өзегі бар ма?» деген терең ойларымен бөліседі.
Иә, әр мамандықтың өмірде өз қызығы мен қиындығы болатынын білеміз. Сондықтан өз ісінің маманы атану үшін көп еңбектеніп, ізденуді талап етеді. Және де ең бастысы сүйікті мамандығыңа деген ықыласың мен сүйіспеншілігің болу керек. Сонда ол міндетті түрде өз нәтижесін беретіні сөзсіз. Мектепте ұстаздық еңбек етіп жүрген Гульсинаға қарап осылай деуге әбден болады. Ұлты татар кейіпкеріміздің қазақ өлеңдерін оқып, қызығушылық білдіруі де сүйсіндірмей қоймайды.