Адам баласының жаратылуында үлкен мән, мағына бар. Адам – бір бос жаратылыс емес, рухани кемелдік иесі. Ол адамды рухани кемелдікпен, махаббатпен жаратқан. Бұл туралы Түркістан облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ теолог маманы Г.Бекжан кең көлемде түсіндіріп берді.
«Абай – адам мен Алланың арасындағы махаббатты сүю деп атайды. Алланың өзі жаратқан адам ұрпақтарына деген рақымы мен мейірімінде, махаббаты мен сүйіспеншілігінде шек жоқ, бірақ шарт бар. Абай – Алланың адамды махаббатпен, сүйіспеншілікпен жаратқанын көңіл көзімен көреді. Алланың адам баласын махшарда сұрау беретұғын қылып жаратқандығында һәм ғадаләт, һәм махаббат бар екендігіне көз жеткізеді. Cөйтеді де: «Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың қарыз емес пе?»,-дейді. Бұл Абайдың алғашқы сүюі – адамның Аллаға деген махаббаты. Бұл жайында ол өзінің: «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті», «Жүректің ақыл суаты, Махаббат қылса тәңірі үшін»,-деген өлең жолдарында жеткізген. Ең бірінші махаббат – Жаратушыға арналатынын осыдан байқай аламыз» — деді теолог маман.
Г.Бекжанның айтуынша, Абай ислам дінін ұстанушы адамды әрқашан жұмсақтық пен махаббатқа, әділдік пен туралыққа жаны құмар болуы тиіс деп есептейді. Қиянат пен жалған атаулыдан мұсылман адамның аулақ болғаны абзал санайды. Себебі, Абай Құнанбайұлының өлең жолдары мен қара сөздерімен тереңірек танысқан адам ислам дінін көркем түрде насихаттауға шақыратынын ұғыну қиынға соқпайды.
«Абайдың дүниетанымы – мейірім мен махаббат, адалдық пен ар, әділдік пен тазалық дегенге топтасып келіп, дінмен ұштасып отыр. Мұхтар Әуезов «Абай танымындағы әділет ұғымының өзі мұсылмандық діни танымнан табиғаты бөлекше»,-деп жайдан-жай ескертіп отырған жоқ. Өйткені Абай шығармаларында өзекті желідей тартылған әділет ұғымы дін исламда баяндалатын әділет ұғымынан басқаша екенін ескертіп барып, мән бере қарауды талап етеді. Сан ғасырлық тарихымыздағы діни алауыздық туылмауына себеп болған бабаларымыздың орта жолды ұстану көзқарасы болса, әділет – дін мәселесінде ғана емес барлық жағдайда орта жолды ұстану, шектен шықпау екендігін ұқтырған. Сондықтан да Абай әділетті «Хақ (Алла дегені) жолы осы»-дейді. Қазақтың Абайы тек мұсылман әлемінің ғана емес, жалпы адамзатқа ортақ ой алыбы. Әлемнің ірі қалаларында Абайға мүсін орнатылып, есімі көшелерге берілуін – заңдылық деп білген жөн. Абай шығармаларында дінді, тұлғалықты, кемел адам болып қалыптасуды соқырға таяқ ұстатқандай түсіндіре білген. Ондағы басты мұрат – адамгершілік ақиқаттарды қазақ қауымы санасына шөктіру. Дінге де тек адамгершілік тәрбие көзі ретінде қарап, осы мақсатта өзіне керегін алды. Кемеңгерге керегі – сенушілік. Адамдық атын жоймауға, пендешілік мінезден арылуға, иманнан пайда алуға шақырады» — деді ол.
Абайды оқу, оның ілімін өзінің ішкі жан дүниеңде қорыту, өмірде ұстанымға айналдыру – ел ертеңі болар жастардың басты парызы болмақ. Сол себепті де мектеп қабырғасынан бастап Абай дүниетанымымен, шығармашылығымен таныстырады. Әрбір жас өзінің дүниетанымының қалыптасуында Абай айтқан «Жанның пайдалы тамағымен» сусындауға саналы түрде бет бұрғанда ғана толық адам жолына түсе алады. Абай адастырмайды, керісінше мына жалған дүниенің мәнін түсіндіреді. «Абай армандаған адамзат – қандай жағдайда да шыншылдықты жоғары қоятын, жүрегі мейірім мен махаббатқа толы, еңбек пен кәсіпке адал, жауапкершілігі жоғары, білімі мен тәрбиесі сай кемел жанның жиынтығы. Барлығымыздың осы жолда жүруіміз кемелділігіміздің жарқын көрінісі болмақ. Абай айтқан имани гүлімізді азғындықтың аязына үсіруден, қатігездіктің желіне тоңдырудан, сыңарезуліктің тоқпағына сындырудан сақтасын» — деді теолог маман.
Бүгінгі ұрпақ Абайды өз тұрғысынан сөз етсе, келешек ұрпақ өз тұрғысынан сөз етіп, ақын мұрасын өз кезеңіндегі қоғам дамуының дәрежесі деңгейінде қарастырып, үлкен рухани тірегіне айналдырары анық деп білеміз.
«Ұлттық руханиятымыздың темірқазығына айналған Абай Құнанбайұлының туған күні 10-тамыз күні мемлекетіміздің мерекелік күнтізбесіне енген атаулы күн. «Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған?» деген сөзімен өзіне ескерткіш қалап, ұрпағына өшпес өнеге, өлмес білімді асыл мұра етіп қалдырған ұлы Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы екендігін ескере отырып, Хакім Абайға, ұлт мәдениетіне құрмет көрсетуді жалғастыра бермекпіз» — деді Түркістан облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ теолог маманы Г.Бекжан.