Тіл-ұлттың асыл қазынасы, сарқылмас кәусар бұлағы. Жер бедерінде қанша ел болса әрқайсының ел болып ерекшеленіп, ұлт болып ұйысуына негіз болған бір ғана тірегі бар. Ол- туған тілі. Туған тілдің ұғымы мен тұғыры туралы қазақ поэзиясының қыраны Қадыр Мырзалиев:
Туған тілім-тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сөз ойдағы.
Өссе тілім, мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім мен де бірге өсемін деп жырласа, Дағыстанның дара ақыны Расул Гамзатов: «Егер алар тілі ертең өлетін болса, мен бүгін өлуге дайынмын»- деген екен. Ел болып болып туымызды тігіп, еңсемізді тіктеп тәуелсіз мемлекетке айналғанымызға отыз үш жыл толыпты. Орда бұзар жасқа толған еліміздің мемлекеттік тілі -қазақ тілінің тұғыры қаншалықты жоғарылады? -деген сұрақ туындайды. Айбарлы Ата заңымыздың 1-бабының 1-тармағында Қазақстан- зайырлы мемлекет. Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, ашық, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады» делінген. «Зайырлы» ұғымы -мемлекеттің барлық салаларында, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, діннің мемлекет саясатына араласпайтынын білдіреді делінген. Мұндағы «зайырлы» сөзі Қазыбек бидің сөзінше айтқанда: «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзаға үкі таққан елміз» -деп дархан даламыздай кеңдігімізді ешкімнің ала жібін аттамайтын елдігімізді білдіреді. Ата заңымыздың алғашқы сөйлемнен-ақ заңымыздың солқылдақтығын көріп іштен әттең-ай дейсің. Конституциядағы қос тілділік туралы қазақтың арда туған алдаспан ұлы Шерхан Мұртаза депуттатық мінберде :« Жер бетінде ешқандай қос тілді мемлекет жоқ.» -деп шырылған болатын. Баяғы жартас, сол жартас дегендей қостілділігіміз қосарланып келе жатқанымызға да отыз жылдан асыпты. Жаһандану дәуірінің жұлдызы жанып тұрған сәтте мемлекеттік тіліміздің тұғырын қайтсек биіктетеміз? Мемлекеттік тіл саясатын дамыту мен оны жаңашылдаудың қандай жолдарын қарастырсақ болады?
Ең алдымен қазақ тілі- тек қазақ халқының тілі емес, мемлекеттік тіл -ортақ тіліміз. Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның азаматымын деп есептейтін халықтардың тілі.демек. қазақстанда тұратын әрбір ұлт және ұлыцс өкілдері мемлекеттік тілді білуі және құрметтеуі тиіс. Таяқтың екі ұшы бар дегендей бұл тұста өзге тілде өз тіліндей сайрайтын үлкенді-кішілі қаракөздеріміз бар екендігін жасыра алмаймыз.Әрине бұл халқымызды жер бетінен жойып, ұлан- байтақ даламызға ие болу мақсатында жүргізілген Қызыл Империяның солақай саясатының салқыны екені баршамызға мәлім. Көш жүре түзеледі.Еліміз егемендік алғаннан тұста 1991 жылы тіліміз дүниежүзі бойынша 187 орында тұрған еді. Қазіогі таңда әлемдік тілдер арасында қолданыс аясы жағынан 70 орында тұр. Қазақ тілі-оралымы оңай, тілі шұрайлы тіл. Дүниежүзінде 6500-ден астам тіл бар. Олардың ішінде ең бай тіл саналатын араб тілінде 12 миллион 300 мың сөзі бар болса, екінші орындағы ағылшын тілінде 750 мың сөз, үшінші орында қазақ тілінде 600 мың сөз орамы бар қазақ тілі тұр. Мамандардың зерттеуінше, әр екі апта сайын дүние жүзінде бір тіл өледі. Осыдан түйетін ой-тәуелсіз елдің тілі ешкімге тәуелді болмауы керек. Жаһандану заманында туған тілі жұтылып кетпеу үшін әр халық өзінше әрекет жасап, туған тілдерін сақтап қалу мақсатында заңмен қорғап, осы жолда қарекет қылуда.Жуырда айыр қалпақты ағайындар Қырғызстанның Жоғарғы кеңесі Мемлекеттік тіл туралы заң жобасын қабылдады. Қырғыз заңы бойынша ана тілін білмейтін қырғызстандықтар мемлекеттік қызметке көз тіге алмайды. Мемлекеттік тілді кемі В1, яғни орташа деңгейде білетіндер ғана мемлекеттік қызметке тағайындалады. Сонымен қатар мемлекеттік тілді білу деңгейіне қойылатын талаптар жыл өткен сайын күйшейетіндігін нықтады. Ал ала шапанды ағайындар тіл туралы 2021 жылы Өзбестанның «Тіл туралы» заңына өзгерістер енгізіп, заң жобасын қайта қабылдап үлгерді. Өзге елдер жаһандық қауіптен тілдерін осылайша арашалап жатқанда, біз қандай әрекет жасай аламыз? Ал ендеше 140-дан астам ұлт өкілдерін бір шаңырақ астында біріктірген туған еліміздің тіл саясатын дамытуға қандай әрекеттер жасасақ болады? Әрине біздің еліміз де тіл саясатын дамыту жолында қол қусырып отырған жоқ. Ең алдымен көршілес мемлекеттер сияқты біз де Тіл туралы заңымызға толықтырулар енгізуіміз керек. Ақкөңілдікке салып жазған Ата заңымыздағы тіл заңымыздан бүгінгі таңда таяқ жеп отырғанымыз өтірік емес. Елімізде тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары бекітілген.Осы тұжырымдама аясында еліміздің барлық өңіріндегі Тіл орталықтары ересектерге мемлекеттік тілді оқытуды жоспарлы түрде жүзеге асырып келеді. Халқымызда «Отан отбасынан басталады»- деген тәрбиеге тұнық сөз бар. Менімше, мемлекеттік тілді үйретуді балабақшадан бастау керек. Әсіресе орыстілді балабақшаларда қазақ тілінің орны төмен. Сол үшін ең алдымен санасы ақ қағаздай тап-таза балабақшадағы балтілді балаларға ең алдымен мемлекеттік тіл үйретілуі тиіс. Екіншіден, Қазақстанда білім алып жатқан барша ұлт өкілдерінен құралған мектеп оқушылары мен студенттер қазақ тілін негізгі қарым-қатынас тілі ретінде меңгеруі тиіс. Егер қиындықтар туып жатса, қазақ тілін үйретуге арналған қосымша сабақтар қойылуы керек. Үшіншіден, мемлекетіміздің маңдайалды азаматтары болып есептелетін министрлер мен депутаттарға сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерге осы лауазымға сайлануы үшін міндетті түрде мемлекеттік тіліміз-қазақ тілін В 1орта деңгейінде біліп КАЗТЕСТ жүйесінде сертификатталуы тиіс. Кейбір мемслекеттік лауазымға сайланып жатқан тұлғалардың нан сұрап жей алмайтын қазақшасын көргенде өкініштен өзегің өртенеді. Мемлекеттік тілді құрметтеу – Қазақстан азаматтарының міндеті болып саналады. Мемлекеттік тілді менсінбеушілік, сыйламаушылық және оның абыройы мен беделіне нұқсан келтіретін басқа да іс-әрекет жасаған азаматтар мен ұйымдар мемлекеттік мекемелер заң бойынша жауапқа тартылуы тиіс. Төртіншіден, көрнекі ақпарат құралдарын жазудағы мемлекеттік тілдің мәртебесін негізгі күш етіп алу керек. Атап айтсақ, бланкілер, маңдайшалар, хабарландырулар жарнамалар, прейскуранттарды міндетті мемлекеттік тілде жазылуын бекіту керек. Осы бағытта мемлекеттік тілдің тазалығын саутау жолында аянбай тер төгіп жүрген тіл жанашырларына құзіреттілік беру керек. Өйткені тіл жанашырлары мемлекеттік тілдің тазалығын сақтау мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізу кезінде кәсіпкерлер тарапынан келеңсіздіктер орын алады. Егер тіл жанашырларына заңды түрде құзіреттілік берілсе, көшедегі көпе-көрнеу жазылған жарнамалар мен маңдайшалар мемлекеттік тілде сақадай сапқа тұрар еді. Қорыта келе, ғасырлар тоғысында ұлтарақтай жер үшін қанын төгіп, жанын қиған ата-бабаларымыздың қорғап қалған ұлан-байтақ жерін туған тілімізді сақтап қана қорғай аламыз. Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынов айтқандай тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалатыны анық. Ендеше елдігіміздің тірегі болған туған тілімізді сақтауға және оның мәртебесін көтеруге бір жағадан бас,бір жеңнен қол шығарып бір үйдің баласында татулықпен қызмет етуге баршаңызды шақырамын.
Айтолқын Бахтыбекова,
Арыс қаласының Тілдерді оқыту және дамыту орталығының маманы