Тарихи тұрғыдан Қазақстан мұсылмандары сунниттік исламдағы ханафи мазһабын ұстанып келеді. Бұл бағыт өзінің жергілікті салт-дәстүр мен әдет-ғұрып нормаларына төзімділігімен ерекшеленеді, сондай-ақ қалыптасқан әлеуметтік қатынастарды есепке алып, санасатын мазһаб. Бұл туралы «Қарнақ» мешітінің имамы Б. Атажанов айтып берді.
Бас имамның айтуынша, Ханафи мазһабының дәстүрлі діни философиялық тұғырларын аша отырып, біз халық руханилығының тереңдеріне бойлай алады және әлеуметтік, рухани өмірдегі құбылыстарды дұрыс түсінуге қол жеткізуге болады.
«Қазақстан мұсылмандары ислам тағылымындағы Әбу Ханифа мазһабын ұстанушылар. Бұл бағыт суннизмдегі басқа мазһабтарға қарағанда барынша толерантты, жергілікті әдет-ғұрып, салт-дәстүр заңдарымен санасады. Ханафи мазһабы басқа діни мектептермен салыстырғанда өз жамағатына көп жеңілдік беруімен ерекшеленеді. Исламдағы бір мазһабта болу мен ұстанудың басымдылығы – халық біртұтас, бірлік пен ұйымшылдық ішінде болады. Орталық Азия мен Қазақстан территориясында қанша ғасырлардан бері діни қақтығыстардың болмауының астарында осы нәрсе жатыр. Өйткені, құлшылық амалдарының бір болуы ондай жат пиғылдың тууына жол бермейді. Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының ресми түрде насихаттап отырған мазһабы Ханафи мазһабы болып табылады. Десек те, қазіргі таңда Қазақстан мұсылмандарының басым көпшілігі ұстанып отырған осы мазһаб туралы ғылыми еңбектер тым аз. Ішінара танымдық деңгейде жазылған кейбір еңбектерді айтпағанда, арнайы зерттеу жұмысы жоқтың қасы. Қоғамда туындаған осы қажеттілікті қанағаттандыру тұрғысынан және Қазақстанда жаңадан қалыптасып келе жатқан дінтану, исламтану ғылымының сұранысын ескерсек, осы мәселеге байланысты зерттеу жұмысын жүргізудің өзектілігі даусыз» — деді ол.
Сондай-ақ, Б. Атажанов Ханафи мазһабының құрылуы мен таралуында Әбу Ханифадан сабақ алған және оның ғылыми кеңестеріне қатысып жүрген шәкірттері мен дос жарандарының еңбектері зор болғандығын жеткізді.
«Әбу Ханифаның шәкірттері сол кездегі Ислам әлемінің бірнеше аймақтарында өмір сүрді. Олардың үлкен бір бөлігі өз аймақтарында ғылыми мәжілістер ұйымдастырып, шәкірт дайындады, қазы болып қызмет атқарды. Ханафи мазһабы көбіне араб емес қауымдар арасында кеңінен таралған. Мұның басты себебі – ханафиліктің ислам дінінің практикалық жағын түсіндіруде Рәй мен ижтиһадты бірінші орынға қойып, араб қоғамына тән дәстүрлерді жеңілдетіп, ислам ілімі мен әдет-ғұрпын басқалардың оңай түсініп, қабылдаулары үшін ыңғайланған дүниетанымдық жүйені қалыптастырғандығында» — деді Б.Атажанов.