Сіз жан-дүниесі қазақ деп соғып, Шардараны жер жаннаты деп санайтын өзге ұлт өкілін білесіз бе? Спорт десе ішкен асын жерге қойып, шағалалы өңірден шыққан әрбір спортшының табысына баладай қуанатын, салауатты өмір салтын насихаттауға әрдайым атсалысып жүретін азаматты ше? Көксу ауылдық округінде тұратын ардагер ұстаз, Шардара ауданының Құрметті азааматы Владимир Михайлович Боровик ағамыз осындай жан. Оңтүстік өңірдегі әрбір әулиелі жердің атын атап, түсін түстеп шыққанында өзіңнің Ұзын ата кесенесінен әрі ұзап шықпағаныңа ұяласың. Шежіреден сыр шертіп, қазақтың небір мақал-мәтелін майын тамыза әңгімелегенде ол кісі таза қазаққа айналып, өзің өзге ұлт өкілі сияқты болғаныңды байқамай қалады екенсің. Жуырда ғана осы ағамен сұхбат құрдық.
-Алдымен өзіңіздің ата жұртыңыз туралы айтыңызшы. Бұл өңірге қашан қоныс аударып келдіңіздер?
-Боровиктер әулеті 1931 жылы Украинадан осы өңірге көшіп келген екен. Атамыз Тимофей репрессияның қырына ілігіп, 5 бала, 1 қызымен келген. Өздері крестьян шаруа. Менің әкем Михайл сол кезде 11 жасар бала болған. Атамның қолы шебер ұста кісі болды. Өмірінің соңына дейін бұрынғы «Восход» совхозындағы МТС-те істеді. Марқұмның сүйегі Сейіттөбеде жатыр. Ал, әкем Ұлы Отан соғысына қатысты. Соғыстан оралған соң 42 жыл бойы біздің Көксу ауылындағы С.Ерубаев орта мектебінде есепші болып жұмыс істеді. Ол кісі өмірден 2001 жылы озды. Анам Валентина да Украинадан қоныс аударып келген. Әкелері репресияға ұшыраған соң анамның анасы Елизавета екеуі 1941 жылы осында жер аударылған. 1947 жылы әкем мен шешем екеуі көңіл жарастырып отау құрыпты. Нағашы әжем Елизавета Константиновна көзі ашық, оқыған кісі болды. Біз негізінен сол кісінің тәрбиесінде өстік. Әжеміз келгеннен «Көксу» совхозының үлкен бау-бақшасы бар еді, сол жеміс шаруашылығында бригадир болып қызмет істеді. 84 жасында қайтыс болды. 1937 жылы ашылған «Көксу» кеңшарында негізінен грек, молдаван, қарашай, украин азаматтары келіп қоныстанды. Ал, анам Валенитна 47 жыл бойына кеңшардың есеп-қисап саласында еңбек етті. Соның ішінде 25 жыл кеңшардың бас есепшісінің орынбасары болды. Қазір зейнет жасында, қолымызда тұрады. Тыл ардагері қатарында.
-Сонда сіздің әулет есепке жүйрік әулет болды ғой. Ал, өздеріңіз қанша ағайынды болдыңыздар?
-Ата-анамнан бір ұл, яғни мен, және үш қыз болды. Өкінішке орай үлкен әпкем Анна 21 жасында өмірден өтіп кетті. Алайда, осы қысқа ғұмырының ішінде медучилищені бітіріп, «Восходтағы» алғашқы ашылған медпунктте жұмыс істеп үлгерді. Өзімнен кейінгі қарындасым Надежда Сарыағаштағы «Арман» санаторийінде қызмет етіп жүріп, үйге бір келгенінде жазымға ұшырап, мезгілсіз қаза болды. Тағдыр осылай екен. Көнбегенде не істейміз. Кіші қарындасым Лариса екеуміз қалдық. Лариса қазір Алматыда тұрады. Педагог. Үйлі-жайлы болып кеткен. Әйелім Надежда Т.Айбергенов атындағы мектеп-гимназияда орыс тілінен сабақ берді, қазір зейнет демалысында. Біздің де 1 ұл, 2 қызымыз болды. Бір қызым Анюта жоғарыда айтқан қарындасым Надежда екеуі қайғылы қазаға ұшырады. Тіптен жас бала еді, амалымыз қанша? Үлкен қызым Галина Шымкентте тұрмыста. Мектепті алтынға бітіріп еді, әлі ғылым қуалап келеді. Физика-информатика пәні бойынша оқушыларға дәріс берді. Бүгінгі таңда «Мирас» университетінде магистратурада оқиды, әрі ректоратта істейді. Өзі Халықаралық Қазақ-түрік Университетін үздік бітірді. Ұлым Константин Шымкенттегі автоколледжді үздік бітіріп, Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университетінде оқуын жалғастырды. Мектеп қабырғасында да жақсы оқыды. Мұғалімі Тұрғанкүл Палымованың дайындауымен «Қазақ есімдері» тақырыбында шығармашылық жұмыс жазып, облыста бірінші орын алды. Республикадан жүлдемен оралды. Шымкенттегі «Мерседес-центр» орталығында инжектор жөндеді. Қазір «Электропроект» мекемесінде еңбек етеді. Менің әкемнің ағасы токарь болып қызмет істеп еді. Костя соған тартты. Мен спорт журналдарын оқысам, ол қымбат боса да «Автомир» журналын жаздырып оқиды. Сосын, автодрайв дей ме, сондай көлік жарыстарына қатысып отырады.
-Сізді спортшы әрі спорт жанашыры ретінде жақсы білеміз. Бала кезіңізде кім болуды армандадыңыз?
-Әлбетте, өзің айтып тұрғаныңдай спортшы болуды армандадым. Көксудың балдарымен тай-құлындай тебісіп, С.Ерубаев мектебінде 8-сыныпты бітірдім. 8 жылдық мектептен кейін бізді Шымкентке мектеп-интернатқа жіберді. Ол жақта орын болмай Келестің Бешқұбыр деген ауылындағы мектептің интернатына орналастық. С.Сейфуллин атындағы мектепте 10-сыныпты бітірдік. Ол жердегі достармен де араласып тұрамыз. Осыдан көп жылдар болып қалды, 40 жылдық кездесуіміз өтті. Кезінде бірге оқыған неміс достарымыз Германиядан келді. Сөйтіп жастық шақты еске алып мәре-сәре болыстық. Осы мектепті бітірген соң Шымкент педагогикалық институтының спорт факультетіне құжат тапсырдым. Алайда, жолым болмай оқуға түсе алмадым. Ауылға қайтып баруды намыс көріп жүргенімде бастауыш мектептерге мұғалім жетіспей, сол үшін 1 жылдық курс бар дегенді естіп, соны бітірдім. Кейін ақыры институттың тарих факульетіне оқуға түстім.Оған дейін ауылда 1 жыл бастауыш мұғалімі болып жұмыс істедім. Институтта оқып жүріп әскери борышымды өтеп кедім. Кейін оқуымды жанұялық жағдайларға байланысты сыртқы бөлімге ауыстырдым. 1971 жылдан бастап, «Қаз ССР-інің 50 жылдығы», қазіргі Т.Айбергенов атындағы мектепке мұғалім болып орналастым. Тарих, қоғамтану пәндерінен сабақ бере жүріп, спортпен айналыстым. Мектеп оқушыларын түрлі жарыстарға апаратынбыз. Әлі есімде, сол кезде 9 сыныпта оқитын жерлесіміз, бүгінде су комитетін басқарып отырған Ислам Әбішев, 8 сыныпта оқитын аудандық қаржы бөлімінің бастығы Наханша Қалмұратов, әйгілі сазгер Лесбек Амановтардың спорттық майкаларына номер жазып беретінмін.
— Өзіңіз украин бола тұра, барлық әулиелі жерлерді аралап шығыпсыз. Кесене, мазарларға не себепті қызығасыз?
-Бұған несіне таңғалуға болады? Әрбір адам өзі ғұмыр кешетін өлкенің тарихын білу керек қой. Шардарада теңізден басқа түк жоқ дейтіндер бар. Мен бұған мүлдем қарсымын. Теңіздің түбінде қанша ауылдар қалды. Төребайтұмсық, Ақкент, Жаушықұмтөбе деген орындарды жастар түгіл, орта буын өкілдері біле бермейді. Біз соларды оқушыларға үйретуіміз керек. Оқушы кезде саяхатқа шығушы едік қой. Сол уақыттан бері кез-келген кесене, әулиелерге жайдан-жай бара салмай, оның тарихын білуге тырыстым. Оңтүстік өңірі тарихқа тұнып тұр ғой. Бір Қазығұрттың өзінде қанша әулие бар. Биіктігі 1763 метр болатын Қазығұрт тауының басына шықтым. Жол бойындағы кеме монументі тұрған төбені айтып тұрған жоқпын, кәдімгі таза Қазығұрт тауын айтып отырмын. Сол тау шатқалында Ақбура әулиенің мазарын көрдім. Тұрбат, Жабай ата, Қошқар ата, Ысмайыл ата, Ыстық ата, Ер Дәуіт, Мың шейіт деген әулиелер бір-екі ауданның ішіндегі ғана тарихи орындар. Ленгір жақта Қырық қыз, Орда қойған деген жерлерді көрдім. Оарзалы Сәбденов салдырған «Түркібасы» кесенесін араладым. Өзіміздің Ұзын атадан бастап, Арыстан баб, Отырар төбеге 1964 жылдан бері үзбей барамын. Арыстанбаптан шыққасын Гаухар ана деген жер бар. Түркістандағы Яссауи кесенесі, онда жерленген хан орындары, қаладағы көне моншаларды қанша рет аралағаным есімде жоқ. Тайқазан құйылған Қарнақта болдым. Қажымұқан бабамыз жатқан жерді көрдім. Басына тағзым еттім. 1856 жылы Кауфман деген кісінің бұйрығымен салынған Қызыл көпірдің тарихы да жай тарих емес. Сайрамдағы әулиелерге сан жетпейді. «Сайрамда бар сансыз баб» дегенді бекер шығармаған. Мен тек біздің облыстағы әулиелі жерлерді ғана айтып отырмын. Ал, соңғы саяхаттаған жерім Алматыдағы Іле бойындағы Таңбалы тас ескерткіштері. «Көшпенділер» фильмі сол жерде түсірілген екен. Осылардың бәрінің суреті барменде. Әрбір жас ұлан осы мекендерді біліп, ұғып жүрсе патриотизм деген сол деп ойлаймын. Біз үлкендер жағы жастардың санасына туған жер мен туған тілдің қасиетін өзіміз үлгі көрсете отырып сіңіруіміз керек. Өкінішке орай, бүгінгі көптеген жастарымыз сағыз шайнап отырып, шала дүмбілез «Мария Магдалена, ох-ох-о» деп өлең айтқанына мәз. Мен ұлтым кім болса да осы өңірде туып өскен соң, сол атыраптың тарихи шежіресін білуді өзіме парыз деп санаймын.
-Әңгімеңізге рахмет!