Кентаулық славян этномәдени бірлестігінің мүшесі Елена Стребкова мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Сондай-ақ, ол үйінде үлкендерге сәлем салып, көпшіліктің батасын алғанды жақсы көреді.
«Ұлтым орыс болғанмен, мен қазақтың келінімін. Сондықтан қалың елдің алдына шыққан соң қазақтың салты бойынша сәлем салу – келіндік міндетім, құрметім. Ал үлкендердің, халықтың батасын алу – мен үшін мәртебе», — дейді ол.
Елена Кентау қаласында тұрады. Талдықорған қаласында туылғанымен, Кентауға келін болып түскен. Қазір қаладағы Ю.Гагарин атындағы №16 мектеп-гимназиясында ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Жолдасы Нұрсұлтан – үйдің ең кенжесі болғандықтан, қарашаңырақта қалған. Бүгінде ата-енесімен бірге тұратын орыс қызы күнделікті келіндік міндетін абыроймен атқарып келеді. Таңертеңмен сәлемін салып, қариялардың шәйін дайындайды. Бауырсақ пісіріп, бешмармақ жасайды. Үш қыз өсіріп отырған жас отбасы салт- дәстүр мен әдеп-ғұрыпты да берік ұстанады.
«Қазақ әулетіне келін болып табалдырық аттаған күннен бастап енем өзі бас-көз болып, қазақ халқының салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын үйретті, қазақы тәрбиеге баулыды. Қазақ отбасына келін болып түсуім де қазақ тілін тереңдей меңгеруге септігін тигізді. Еліміздің әрбір азаматы мемлекеттік тілді меңгеріп, еркін сөйлей алса, оның артықшылығы жоқ деп ойлаймын. Бұл — өзің өмір сүретін елге деген құрметтің белгісі. Сондықтан мемлекеттік тілді үйрену – әр қазақстандықтың азаматтық парызы деп есептеймін», — деді Елена.