Шардара қаласындағы № 16 колледждің әскери ұйымдастырушы-оқытушысы қызметін атқаратын осы бір қараторы келген жігіт ағасын шардаралықтар жақсы таниды. Жыл сайын 15 ақпан қарсаңында алғаш болып Ауғанстандағы зұлмат соғыс туралы ашық тәрбие сағатын Қылыш Сәтпаев өткізеді. Жоғары сынып оқушыларының аудан бойынша өтетін оқу-дала жиынында штаб бастығы болады. Саңқылдаған даусымен Ұлы Жеңіс мерекесіне арналған әскери шеруді басқарады. Қашан қарасаң тіп-тік қалпынан айнымайтын бұл кісіні әскери киімсіз көзге елестете алмаймыз.
Қылыш аға әскери өмірге бала кезден-ақ бейімделіп өсті. Оның бір себебі – әкесі Сәтпай ақсақал 45 жылын әскери кемеде өткізген теңізші еді. Анасы Оразкүл апамыз осы әскери кемеде аспазшы болып жұмыс істеді. Бұлардың кемесі Әмудария мен Арал теңізін, Қарақұм каналын шарлап жүзетін. Қалекеңнің өзі кеме үстінде өмірге келіп, 7 жасқа дейін сонда өсіпті. Ол жер Түрікменстан Республикасының Чарджоу облысына қарайтын Головное порты деп аталушы еді. Былайғы қарадомалақтар секілді қозы-лақ қуып емес, көк теңізге қарап өскен бозбала Отанның, отбасының қадірін бала кезден санасына сіңірді. Өйткені, 7 жасынан бастап Мары қаласындағы мектеп-интернатта тәрбиеленді. Тәртіп пен тазалық, отансүйгіштік қасиеттер сол интернат қабырғасынан бойына қалыптасты.
9 сыныпты бітірген соң Ашхабад қаласындағы ауылшаруашылығы техникумына оқуға түсті. Механик мамандығын алып шыққан соң Захмед елді мекенінде біраз жылдай еңбек етті. 1974-76 жылдары Тбилиси қаласында кіші командирлер даярлайтын әскери мектепке қабылданып, оны үздік бітірді. Одан Шыршықтағы офицерлер дайындайтын курстан өтті. Запастағы офицер дәрежесімен елге кеп, бейбіт өмір кешіп жатқан-тын. 1979 жылы екі кештің арасында әскери көлікпен екі кісі келді үйге. Қызыл сиямен жазылған «повестка» бар қолдарында. Әскери жиынға шақырту келген екен. Запастағы офицер болғасын бұйрыққа бағынасың. Сөзге келместен үйге шақырып қойған қонақтарымен қысқа ғана қоштасты да, әлгілермен бірге көлікке отырып, жолға шығып кетті.
Орта Азия әскери округіне қарасты Кушка дивизиясына келіп түсті. Бұл дивизия Түрікменстанға қарайтын Чемен-абид деп аталатын елді мекен еді. Сонымен арнайы жаттығу жұмыстары басталып кетті. Бұрынғы көргендері мұның қасында түк емес екен. Әскерге жаңадан түскен кездегідей бәрін де басынан бастады. Үстіне 40 келілік қару-жарақ пен бронежилеттерді асынып алып, бір күнде таудың басына бірнеше мәрте түсіп-шығады. Даладағы палаткаларда түнеді. Қыркүйек айынан желтоқсанның ақырына дейін арнайы әскери дайындықтан өтіп, «отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» жауынгерге айналды. Бірақ, Ауғанстанға бару, дұшмандармен ұрыс жүргізу деген сөзді естіген де жоқ, білген де жоқ. 30-ға тарта қазақ, өзбек, тәжік секілді ұлттардан жасақталған офицерлер тобында жаттығудан өтті. Жігіттер түк білмеді деуге келе қоймас. Бір үлкен әскери оқиғаға араласатындарын іштей сезіп жүрген. Бірақ, қашан болады, қайда барады – оны ешқайсысы білген жоқ. Желтоқсанның 24-не қараған түні бәрі де басталып сала берді. Сағат тілі түнгі 1-ді көрсеткенде әскери дабыл соғылды. Офицерлер мен сарбаздар дүрк көтерілді. Сақадай сай қаруланған Кушка дивизиясы шекарадан ауған жеріне түн қараңғысында жердің қабырғасын солқылдата отырып кіріп барды. «Иолатань» деп аталатын танк батальонының құрамында Қылыш ағалар да шекара асты. Сол түнгі оқиғаның куәсі ретінде сарғайып кеткен күнтізбені альбомына сақтап қойыпты. «24 декабрь, 1979 жыл, түнгі сағат 1. Тревога» деген жазуы бар күнтізбе парақша Ауғанстандағы алапат соғыстың басталған күнін ешқашан да есінен шығармайтын ескерткішке айналды.
-Мен ротада саяси командирболдым. 120 сарбаз болды. Даладағы брезент шатыр – мекеніміз. Күнде көшеміз. Бір таудың баурайына барып орналасамыз да, жағалай окоп қазамыз. Біз басында бейбіт халыққа көмек беру мақсатында бардық. Ауған елінің үкіметі сәуір айындағы төңкерістен соң кеңес Одағынан көмек сұраған. Екі ел үкіметінің келісім-шартына орай біздер сонда интернационалдық борышымызды атқардық. Ешкімге тиіспейміз, ешкімге оқ атпауымыз керек. Ал, бейбіт халыққа оқ ататын дұшмандарға ымырасыз күресуіміз керек. Басында бәрі де солай болды да. Бірақ, қарапайым тіршілік кешіп жатқан қышлақтағы адамдарды себепсізден қырып кетіп жатқандарын көргенде қалай ашынбайсың. Тау ішінде жүретін дұшмандардың әскери дайындығы деген бізден де күшті. АҚШ дайындаған жалдамалылар ең қауіпті жаулар еді. Басымызға темір қалпақ, үстімізге оқ өтпейтін бронежилет киіп алып, барлауға шығамыз. Ол жақта ауыз су деген үлкен проблема. Оны БТР машинасымен барып, арнайы құралдың тексеруінен өткізіп барып әкелеміз, — дейді өткен күндерді ой елегінен өткізген Қылыш ағамыз.
Қылыш Сәтпаевтардың отбасы Шардараға 1992 жылы қоныс аударып келді.Содан бері қазіргі еңбек ететін №16 колледжде жұмыс істеп келеді. Алғашында кәсіптік техникалық училище, кейіннен кәсіптік лицей атанды. Әскери ұйымдастырушы-оқытушы бола жүріп, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға, ауған соғысындағы кеңестік жауынгерлердің жанқиярлық ерліктерін насихаттауда Қылыш ағайдың еңбегі ұшан-теңіз. 2004 жылдан бастап аудандық ауған соғысы ардагерлері кеңесіне төрағалық жасау міндетін жүктеп алды. Жұмыс бұрынғыдан арта түспесе кеміген жоқ.
-Ауғанстандағы зұлмат соғысқа Шардара ауданынан барлығы 66 азамат аттанып, интернационалдық борыштарын өтеп келді. Солардың ішінде Мұхтар Оразбеков пен Тимирьян Сұлтанғараев есімді боздақтарымыз ұрыс даласында ерлікпен қаза тапты. Соғыс салған жарадан тағы да 7 жауынгер жерлесіміз бейбіт өмірде қайтыс болды. Нышанбай Аршабаев, Ескендір Жалғасбаев, Сейсен Балағазиев, Ақылбек Қазыбеков, Нүриддин Өтесінов, Сержан Үрғараев, Ниязбек Қалиевесімді мезгілінен ерте қайтқан қаруластарымызды әрдайым сағынышпен еске аламыз, — дейді Қылыш Сәтпаев.
Қылыш Сәтпаевтың еңбегіне лайықты бағалар беріліп келеді. Атап айтар болсақ, интернационалдық борышын адал атқарғаны үшін КСРО Қорғаныс министрінің «Алғыс хаты» мен КСРО Жоғарғы Кеңесінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Ауған елінің «Интернационалист жауынгер» медалін өңіріне тақты. Ресей Федерациясының «За заслуги» орденімен және «За отваги» медалімен марапатталды. Жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелегені үшін ҚР Білім және ғылым министрінің «Алғыс хатын» иеленді. Облыстық мәслихат пен білім басқармасының, Қорғаныс Департаментінің, аудан әкімі мен аудандық мәслихаттан алған марапаттаулар бір төбе. Басқа да мерекелік медальдар мен төсбелгілер тынымсыз еңбектің өтеуіндей болып Қылыш ағаның омырауында жарқырап тұр.
Жан жары Қарлығаш апаймен бірге 4 ұл, 1 қыз өсіріп, олардан оншақты немере сүйіп отыр. Ауған соғысы ардагерлер кеңесін ойдағыдай басқарып, өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие беріп келе жатқан Қылыш Сәтпаев ағамызға қажымас қайрат пен ұстаздық еңбегіне табыс тілейміз.