2003 жылдан бері бері Аманғали мен Гүлшат Шардара аудандық аудандық балалар саз мектебінде еңбек етіп келеді. Аманғали жұмыстан қол үзбей жүріп М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де сырттай жоғары білім алды. Ауданда өтетін түрлі іс-шараларда концерт қою, мерекелік жиынды жүргізу өз алдына, Аманғали мен Гүлшат екеуі өнер сайыстарына қалмай қатысады. 2007 жылы сол кездегі аудан әкімі, өнер мен руханиятқа жан-тәнімен жақын азамат болған Серік Ибадуллаевтың ұйытқы болуымен өткен жас отбасылардың «Ақ босаға» атты аудандық байқауында Ниязовтар отбасы бас жүлдені жеңіп алды. 2011 жылы «Қанеки тілім, сөйлеші» атты шешендер сайысында Аманғали бас жүлдені еншіледі. 2012 жылы аудандық термешілер сайысында бас жүлдені дүлдүл жыраудың бірі Сәкен Бегманов, І орынды Аманғали Нияз иеленді. Аудан әкімі мен аудандық мәслихаттан алған «Алғыс хаттары» бір төбе.
Өнерде болсын, жоғары лауазымды қызметте болсын қошемет пен атаққа бас айналып, кешегісін лезде ұмытатындар болады. Мұндай пендешіліктен Аманғали ада. Оның бітім-болмысы мұндай жат тірліктен таза. Астамсыған біреулерге бетің бар, жүзің бар демей кемшілігін бетіне басып айтады да, ары қарай қайтадан аңқылдап жүре береді. Достыққа адалдығы, бауырмашылдығы мен кішіпейілдігі былайғы жұртқа үлгі ететіндей-ақ қасиеттер енді. Көпшілдік мінезі тағы бар. Осыдан біраз жыл бұрын өнердегі азаматтар қасиетті ораза айы кезінде қаражат жинап, ауызашар өткізді. Өмірден озған әріптестеріне құран түсіртіп, бір сауапты тірлік жасады. Міне, осынау істің басынан-аяғына дейін ұйымдастырып, шапқылаған Аманғали болды. Осы игі дәстүрді биыл да жалғастырып, қаладағы «Динара» дәмханасында үлкен ауызашар берілді. Бұл тірліктің де басында Аманғали мен Сәкендер бұрынғыша тынбай жүріп қызмет жасады. Жігіттердің басын қосып, біреуін біреуінен алаламай, ауызбірлік пен татулықтың тамаша үлгісін көрсете білген осынау үлкен ауызашар жиынына жұртшылық риза болып кетті.
Шардараның кеңпейіл де бауырмал қасиетін Аманғалидың өзі ұдайы айтып отырады.
-Мен өзім туып-өскен Қазалы жақта жұрттың бәрі таниды деп айта алмаймын. Ал, Шардараның халқына тек алғыс айтамын. Қай жерде де менің өнерімді құрметтеп, төріне шығарып жатады. Осында келгеніме 20 жыл уақыт болыпты. Қазір Шардарада өмір-бақи тұрып келе жатқандай сезінемін өзімді. Төменгі Тоғай ауылында 1974 жылы туылған жігіттермен сыныптас сияқты араласып кеттім. Бекетай, Бегендік, Маханай сынды заматтармен ең алғаш танысып, дос болған едім, әлі күнге жанұямызбен араласамыз. Қазіргі күні тойдың сахнасында жүрген Сәкен, Марат, Нұржан, Ержан, Ерлан, Қыдыр сияқты бірі әнші-асаба, бірі бейнеоператор жігіттермен де тонның ішкі бауындай болып кеттім. Осындай ортада жүргеніме ризамын, — дейді ол.
Өмірден озған әріптестеріне деген құрметі ерекше. Кеше ғана жайраңдап бірге жүрген азаматтардың бүгінде бақилыққа аттанғандарына жаны ауырады.
-Саз мектебінде бірге қызмет атқарған Жорабек Ермекбаев, ағалы-інілі Жиенбек және Нұрлыбек Шырынбековтер, тамаша әнші Сәбит Мұсақұлов, Түгел, Құрбан есімді өнерпаз жігіттер қандай еді десеңші. Олардың бейнелері жадымда әрдайым сақтаулы тұрады, — дейді Аманғали.
Иә, Аманғалилардың осалы болмай тұр әзірге. Аманғали Нияздың есімі де бүгінде шартарапқа жайылып, жұртшылыққа кеңінен таныс болып кетті. Әрине, оны жалпақ елге танытып жатқан бойындағы өнері. Өнерге әркімнің де бар таласы десек те, халық шын дарындыны өзі елеп, екшеп алады. Аманғали бауырымыз осындай халықтың құрметіне бөленген азаматтың бірі. Қалың ел сені құрметтеп төріне шығарып жатса, өнеріңе қол соғып, қошемет көрсетіп жатса одан артық қандай бақыт болуы мүмкін?!
Дәл қазіргі таңда адамдар Аманғалиды асаба-жыршы ретінде жақсы таниды. «Той – құдайдың қазынасы» десек, Аллаға шүкір деп айтайық, бүгінде қуаныштың түр-түрі молайды. Алпауыт елдерде дағдарыс болып жатса да, той жасаушылар оған пысқырып қарап жатқан жоқ. Мұндайда құдай қазақтың пейіліне берген деп жатады. Мемлекетіміздің әлеуеті жыл санап қарыштап дамып келе жатқанын осыған қарап та біле берсеңіз болады. Той жасап, халыққа дастархан жайған адам бірінші кезекте тойды жүргізуші асабаны таңдайды. Бұл таңдау көбіне-көп Аманғалиға түсіп жатады десек ешкім таласа қоймас. «Той – тәрбие мектебі». Кезінде шешендік өнерімен, әдемі әзілімен, небір тапқыр сөздерімен жұрттың той-жиынын нағыз мерекеге айналдыратын Қыстау Ілесов, Бахтияр Спанов, Әкім Мұсақұлов сынды асабаларды әлі күнге аңыз етіп айтамыз. Шардараның атын тамаша өтетін тойы арқылы айнала жұртқа танытқан ағаларымыздың сол кездердегі той жүргізу мәнерін бүгінге дейін сағынатынымыз рас. Аманғали да осынау аға буын асабалардың ізін одан әрі жалғастырып, қазіргі күннің айтулы асабасына айналды.
Адамда қандай да бір қасиет болмасын қанмен келетіні белгілі. Бұл ретте Аманғалиды өнерге кездейсоқ келді деп айта алмаймыз. Қызылорда облысының Қазалы ауданында ғұмыр кешетін Ниязовтар әулетінде жыршылық, әншілік деген қасиеттер ықылым заманнан бері-ақ атадан балаға жалғасып келе жатыр. Атасы Пірімжар қара сөзге шешен, әрбір сөзін мақалдап-мәтелдеп, жеріне жеткізе айтатын кісі болған деседі. Жастайынан атқамінер азамат болып, колхоздастыру кезеңінде ауылнай болыпты. Іске де, сөзге де жүйрік болған ол кісі кейіннен колхоз басқармасының төрағасы болып, ел басқарған екен. Әкесі Жақсыбай ағамыз қарапайым еңбек адамы болғанымен де қолынан домбырасы мен баяны түспеген өнерлі азамат болды. Анасы Ранай апа ауылшаруашылығы саласында еңбек етті. Жемісті жұмысының арқасында ауылдық кеңестің депутаты болып сайланған кезі бар. Жахаң мен Ранай апаның шаңырағында 5 ұл, 1 қыз өмірге келді. 1974 жылы дүние есігін ашқан Аманғали отбасында екінші перзент болып саналады. 5 ұлдың ішіндегі жалғыз қыз Лиза қарындас та өзіміздің аудандық саз мектебінде қызмет істеді. Осы мектептегі алғашқы би үйірмесінің жетекшісі болған Лиза еді. Інісі Ғалымжан Нияз «Абай» мәдениет сарайында әнші болып қызмет атқарғанын жұртшылық жақсы біледі. Басқа бауырлары да құралақан емес, кез келген ортада суырылып шығып, «әу» деп ән салып кете береді.
Осылайша кілең өнерпаздар шоғырланған отбасында өскен Аманғали да жастайынан өнерге бейім болды. Қазалы ауданындағы №94 орта мектепте он жылдық білім алды. 5-6 сыныптарда әкесінен домбыра тартуды кәдімгідей үйреніп, меңгеріп алғаны есінде. 7 сыныптан бастап мектеп ішіндегі іс-шараларға белсене қатысып кете беретін болды. Терме де айтады, ән де салады, қандай мерекелік концерт болмасын ортасында Аманғали жүреді. 9 сыныпта аудандық «Жігіт сұлтаны» байқауына қатысып, жеңімпаз атанды. Бұл Аманғалидың ең алғашқы үлкен жеңісі еді.
Мектептен соң Мәскеу қаласында әскери борышын өтеп келді. Аманғалидың табаны Шардараның топырағына 1995 жылы тиді. Әкесінің інісі Оңдабай ағасы шағалалы өңірге ертерек қоныс аударып, осы жаққа сіңісіп кеткен болатын. Аманғали осы туысының қолында тұрды. Ол кез жұмыссыздықтың молайып, нағыз дағдарыстың дендеген тұсы еді. Аманғали «Камаз» жүк көлігіне отырып, қауын-қарбыз тасыды. Қазақстан мен Ресейдің біраз аймағын аралай жүріп, қазақтың кең даласына сүйсіне қараудан жалықпайтын. Өзінің жан серігіне айналған қара домбырасын қай қиырға барса да тастаған емес. Ұзақ сапардан жалыққан кезде машинаның бір бұрышында жататын үкілі домбырасын қолға алып, жыр-термелерді төкпелетіп алатын. «Сыр елі – жыр елі» деп тегін айтылмаған.
-Аралдың табанынан су кеткенмен,
Халықтың жүрегінен жыр кеткен жоқ, — деп алып, Аралдың ақиықтары Нұртуғанның, Нұрымның толғауларын бірінен кейін бірін жіберетін. Бала кезінен сүйіп шырқайтын осынау ақындардың шығармаларын қазір де үзбей орындайды. Енді оған Майлықожаның термелерін, жерлес ақын-сазгерлердің ән-жырларын қосатын болды. 1998 жылы Гүлшат Алтынбайқызымен отау құрды. Өзінің ауылдасы, бір мектепте қатар оқыған Гүлшат та өнер адамы. Ол Ақтөбе қаласындағы мәдени-ағарту оқу орнын бітірді. Олардың Әлішер және Ақжүніс атты алтын асықтай ұлы мен қыздары бар. Өнерді емес, спортшы болуды армандайтын Әлішерді биыл Шымкенттегі автоколледжге оқуға түсірді.