Шардаралық мұғалімдер қауымына Сырлыбек Шынтаевты таныстырып жатудың өзі артық. 1984 жылдан бері білім беру саласында үздіксіз қызмет атқарып келе жатқан ұлағатты ұстаз қазіргі таңда қаладағы Қ.Аманжолов атындағы жалпы орта мектебіне басшылық жасайды. Бұған дейін «Шардара», Т.Айбергенов атындағы орта мектептерде директорлық қызмет атқарып, 2008-2010 жылдары аудандық білім бөлімінің тізгінін ұстаған Сырлыбек Қадырұлы бар саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнап келеді.
Шардараның төл перзенті саналатын Сырлыбек Шынтаев теңіз табанында қалған Арбақалды ауылында дүниеге келді. Қ.Аманжолов атындағы мектепте сауат ашып, жоғары сыныпты «Шардара» орта мектебінде тәмамдады. Шәкірт жанының бағбандарына баланған Жаппар Төреев, Жамал Төлешова, Амантай Қойланов, Жаңылай Айдарова сынды білікті ұстаздар өздерінің зиялылығымен, принципшілдігімен, парасаттылығымен, бір сөзбен қайырғанда нағыз педагогқа тән қасиеттерімен жас жеткіншекті баурап алатын. Болашақта осы ағай-апайларымдай мұғалім болсам деген ізгі арман жатса-тұрса ойынан еш шықпайтын. Мектептен соң Шымкент педагогикалық институтына құжат тапсырды. Сынақ емтихандарынан сүрінбей өтіп, орташа 4,5 баллмен өз күшімен оқуға түсті. Физика факультетінің студенті атанған Сырлыбек Шынтаев институт қабырғасында да өте жақсы деген бағамен оқыды. Оқушы кезінен сүйіп оқитын физика пәнінің тылсымына одан әрі тереңдей түсті. Ақырында ІІ курстан бастап осы пән бойынша ғылыми жұмыспен шұғылдана бастады. Соңғы курсқа дейін лабораториядан сыртқа аттап шықпады десе де болғандай. Топтағы 26 студенттің ішінен жалғыз өзі ғылыми жұмыспен айналысып, диплом жұмысын жоғары деңгейде қорғап шықты.
–Маған жетекшілік жасаған ғылым кандидаты, кейіннен профессор дәрежесін иеленген Нарзіллә Қарабеков есімді оқытушымның ықпалы күшті болды. Өзі ерінбейтін, өте еңбекқор азамат еді. Сабақты жақсы оқығаным көңілінен шыққан болуы керек, оқуды бітіргенімше физика әлемінің қыр-сырына әбден баулыды. Ғылыми жұмыспен айналсқанымның арқасында барлық сынақтардан, емтихандардан алдын ала кедергісіз өтіп кетіп жүрдім. Оқу бітірген соң Нарзілла ағайым Шардараға арнайы іздеп келіп, баяғы жұмыстарды қайта жалғастыруымды өтінді. Бірақ соның ретін келтіре алмадым. 1,5 жыл әскер қатарында борышымды өтеп келдім. Одан енді жұмысқа орналасып жатқанымда әйгілі Желтоқсан оқиғасы бұрқ ете қалып, аласапыран кезең басталып кетті. Кейіннен Шымкентке барып, Нарзіллә ағайымды іздеп едім, өкінішке орай өмірден өтіп кетіпті. Ғылыми жұмысты сатып алған жоқпын, не болмаса атақ үшін істегенім жоқ. Табан ақы, маңдай теріммен, көз майымды тауысып отырып жасаған жұмысым ғой, ары қарай жалғастырайын деген оймен тәуекел деп барғамын. Сүйікті ұстазым бақилық болып кеткесін, ол тірлігім аяқсыз қалды. Бір үлкен өкінішім осы болды, – дейді Сырлыбек Шынтаев.
Алғашқы еңбек жолын өзі оқыған «Шардара» орта мектебінде физика пәнінің мұғалімі болып бастады. Бір кездері өзіне дәріс берген Мамыр Жалаңбасов, Құдайберген Қанжігітов, Амантай Қойланов, тағы басқа да мұғалімдермен ендігі мезетте әріптес болып еңбек етті. Түске дейін сабақ өтіп, түстен кейін оқушыларды келесі күннің сабағына дайындайтын.
–Ол кездер керемет уақыттар еді ғой. Жалындап тұрған жас кезіміз, жан-тәнімізбен сабақ өтеміз. Түстен кейінгі қосымша сабақ кезінде әр оқушымен кеңінен шұғылданамыз. Білімге ден қойған шәкірттер сабақ сұраудан, ананы білсем, мынаны білсем дегеннен шаршамайды. Ұстазға да керегі осы, кештің қалай болғанн білмей қалатын едік, – дейді өткен күндерге көз жүгірткен С.Қадырұлы.
1994 жылы қатардағы мұғалімнен оқу ісінің меңгерушісі лауазымына көтерілді. Бұған дейін осы қызметті атқарып келген Роза Асылбекова апайы алғашқы қоңыраудың үстінде өзінің зейнетекерлікке шығатынын айтып, бұл жұмысты ендігі уақытта Сырлыбек Шынтаевқа тапсырғысы келетінін мәлімдеді. Мектеп директоры Жамал Төлешова да осылай ұйғарып отыр екен, білікті маман «сенімдеріңізді ақтау үшін аянбай еңбек етемін» деді көптің көзінше. «Дарақ бір жерде көгереді» демекші, осынау білім ошағында тер төге жүріп, 2001 жылы мектеп директоры қызметіне тағайындалды. Тағы да бір жыл өткенде сол кездегі аудан әкімі Әуелхан Тұрғымбековтің ұсынысымен Қасым Аманжолов мектебіне басшылыққа ауысты.
–«Қасым Аманжолов орта мектебіне басшылыққа жібермекпіз. Өзіңнің туып-өскен мектебің, өзің жанашырлық жасамағанда кім жасайды. Мектептің жағдайын жақсы білесің, соны жақсарту керек. Керек ұсыныстарыңды дайында, өзім қолдаймын» деген Әуелхан Елтайұлының сөзі адамға демеу берді. Содан көзге өте жұпыны көрінетін, техникалық құрал-жабдықтары жоқ, ыңғайластырып салынған мектептің жай-күйін жақсартуға белсене кірістім. 2003 жылы 80 орындыө қосымша корпус салуға, физика, биология, химия, лингафон кабинеттерін бастан-аяқ жаңартуға қол жеткіздік, — дейді Сырлыбек Шынтаев.
2008 жылы аудан әкімі Марғұлан Марайымның өкімімен аудандық білім бөліміне басшылық қызметке келді. Жауапкершілік бұрынғыдан еселеніп, бар күш-жігерін білім сапасын жақсартуға бағыттады. Сапа көрсеткішін ҰБТ сынағымен таразылайтын болсақ, 2009 жылы облыстағы аудандар арасында 8 орынды иеленген шардаралықтар келесі жылы 5 орынға, одан кейінгі жылы 3 орынға қарай жылжыпты.
Аудандық білім бөлімінен соң Т.Айбергенов атындағы білім ордасына басшылық жасады. Бұрыннан білікті ұстаздар шоғырланған білім ұясының сапа көрсеткіші жақсы еді. Жұмыла жұмыс істегеннің арқасында білім нәтижесі жақсара түсті. 2011 жылғы ҰБТ кезінде Т.Айбергенов мектебінен «Алтын белгі» атағына үміткер 7 оқушы сенімді ақтап шықты. Бұл көрсеткіш мектеп тарихындағы ең үлкен жетістік саналды. 2011 жылы күзде аталмыш білім ордасы ауданда тұңғыш мәрте мектеп-гимназия мәртебесін иеленді. Облыстық білім басқармасынан, мұғалімдердің білімін жетілдіру инстиутынан арнайы мамандардың сүзгісінен өтіп барып, гимназия мәртебесіне қол жеткізді.
–Мектеп мұғалімдерінің қажырлы еңбектерінің жемісі бұл. Гуманитарлық бағыттағы пәндерге басымдық беретін гимназияда осынау пәндердің сағаты көбейтіліп, оқу материалдарымен толықтырылды. Мектеп ұстаздары біліктілігін көтеру үшін қосымша курстарға оқып келді. Негізінен, гимназия мәртебесін алу оңай емес, ал, алғасын ол атақты сақтап қалу одан да қиын. Білім сапасын төмендетпеу жолында мектеп ұстаздары бұрынғыдан да артық тер төгетін болды, — дейді С.Шынтаев.
–Мұғалім мәртебесін көтеретін заң ұстаздар қауымына тың серпіліс әкелді. Осы құжат жөнінде не айтасыз? – деп сұрадық.
–Мен айтар едім, мұғалім мәртебесінің көтерілуі алдымен сол ұстаздың өзіне байланысты деп. Бірінші кезекте өзі сауатты болу керек. Содан кейінгі кезекте мұғалім мен оқушының, мұғалім мен ата-ананың арасында тығыз байланыс орната отырып жұмыс жасау керек. Білікті мұғалімге оқушылар тарапынан сауалдар көп қойылып отырады. Сонда мұғалім беделі артып, жұмыс алға жылжиды. Содан кейін мына бір жағдайды баса айтқым келіп отыр – біздің ел сияқты ешбір мемлекет мұғалімге қамқорлық жасамайды. Біз осыдан бірер жыл Алматы қаласында білім жетілдіру курсын жұмыстан қол үзіп оқып келдік. Айлық жалақымыз 100 пайыз сақталып отыр, және 200 мың теңге стипендия беріледі. Бұл сома тамағымызға, жатар орнымызға толығымен жетеді. Сол кезде бізге дәріс оқыған бір шетелдік профессор Қазақстандағы білім саласына жасаланып отырған қолдауға өте риза болғанын жасыра алмады. Оларда әрбір педагог өз қаржысына білімін жетілдіреді екен. Салыстырмалы түрде алғанда біздің мемлекетіміздің мұғалімдер игілігі үшін жасап жатқан қамқорлықтары ұшан-теңіз болып шықты. Біздер осы қамқорлықтың қадіріне жетіп, үдесінен шығуымыз керек, — дейді Сырлыбек Қадырұлы.
Сырлыбек Шынтаевтың білім саласындағы жемісті еңбегіне лайықты баға берілді деп айтсақ жарасады. ҚР Білім және ғылым министрлігінің ең жоғарғы наградасы – Ыбырай Алтынсарин атындағы медалі мен «Құрмет» грамотасын иеленді. Аудан бойынша ұстаздар арасында «Ерен еңбегі үшін» меалін иеленген екі аамның біреуі де осы Сырлыбек ағамыз. Бұлардан бөлек аудан, облыс әкімдерінің «Алғыс хаттары», Шардара ауданының 55 жылдығына арналған мерекелік медалі бар. Білім сапасын көтеру жолындағы еңбегіне берілген мұндай марапаттар алдағы уақытта да жалғасын таба беретініне сеніміміз кәміл.