Түркістан қаласындағы Жамбыл Жабаев атындағы жалпы №11 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Қатира Нұрхатқызы Шалаевамен Ұстаздық жолы, қоғамдағы мұғалім беделі, оқушы әлемі туралы сырласқан едік.
Қатира Нұрхатқызымен 1988 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Түркістан педагогикалық училещесін бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдап, кейін жоғары біліктілік алған тәжірибелі ұстаз. Оқушылары Республикалық, Ұлттық зияткерлік олимпиадаларының жүлдегері атанып, бәйгеден оза шауып үздік атанып жүр.Қала деңгейіндегі семинарларда озат тәжірибесімен бөлісіп, үлгілі ашық сабақтарын өткізіп жүрген тәжірибелі мұғалім. Біз тәжірибелі ұстазға сауалдарымызды қойған едік.
–Қатира Нұрхатқызы, Ұстаз беделі дегенді қалай ұғасыз?
– «Соңғы жылдары мұғалім беделі түсіп кеткен болатын. Көп жылдар әкімшілік тарапынан ұйымдастырылатын қоғамдық жиындарды өткізуге мұғалімдер тартылатын. Көше кезіп, үй аралау, тұрғындардың есебін алу, сайлау қағаздарын тарату сынды бейнеттен арылмай жүрдік. Қалаға келетін лауазымды тұлғаларды күтіп алуға күннің суығында, аптап ыстықтарда да көше бойына балаларды алып шығып шаршап жүретін де мұғалім. Әріптесіміз, «QAZBILIM» Ұлттық лицейлер желісінің жетекшісі, PhD, танымал педагог Аятжан Ахметжанның «Қазіргі мұғалім жалтақ, ойын ашық айта алмайды, принципшіл емес. Мұғалімді әкімдіктер қол баласындай жұмсайды. Мұғалім көше кезіп жүрсе, көше сыпырып жүрсе онда қандай бедел болмақ? Мұғалім білім берумен ғана айналысуы тиіс. Өзін озық педагог ретінде ұдайы жетілдіріп, әр сабағына зор дайындықпен барып, шығармашылық ізденіспен дәрісін өтетін болса білім саласында ілгерілеу болады», деген сөзінде көп шындық жатыр. Әріптесіміз бүгінгі қоғамның көрінісін тамыршыдай тап басып айтқан дей ойлаймын
Шүкір деп айталық, әрине кейінгі кезде жағдайымыз жақсарды. Бұрынғы Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтің қолға алуымен білім саласында біраз игіліктер болды. Көп мәселені шешіп келе жатыр еді ол кісі. Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі» туралы арнайы заңы қабылданып мәртебеміз айқындалды. Соған сай, жалақымызды көтерді, көп өзгерістер болды. Бұрынғыдай бей-берекет қоғамдық жұмысқа тартылып, көше аралау, әкімдік іс-шаралары мен саясатын насихаттау т.б. жұмыстардан арылып келеміз.
–Ал, білім сапасы ше? Кәсіпкер тауар өндіріп тұтынушының сұранысын қанағаттандырады. Ал мұғалімнің өнімі – алдындағы шәкірттері емес пе? Сондықтан мұғалімнің басты көрсеткіші – оның катеориясы, атағы мен марапаты да емес, меніңше дайындаған білімді шәкірттері деп ойлаймын Бұл жөнінде не айтар едіңіз?
– Әлбетте, білім сапасы басты көрсеткіш. Білімді оқушыны дайындау, білім сапасын көтеру мектептің басты міндеті болуы керек. Білім негізі бастауышта қаланады. Сол себепті, бастауыш сыныпта баламен көп жұмыс істейміз. Баланың дені сау болу басты мәселе. Басқаны білмедім, бастауыш сыныпта балаға ата-ана тарапынан да қатты қадағалау қажет. Ата-ананың өзі де «жартылай мұғалім» болып екі жақты қадағалау болса игі еді. Ата-анамен ұстаз тығыз байланыста жұмыс істеуі керек. Қазір мектеп бағдарламасы өте күрделі. Сондықтан да, мұғалімге артып қоймай, екі жақтан балаға көңіл бөлсек, нәтиже болады. Ондай қағілез, баласының білім алуына айрықша мән беретін ата-аналар сирек. Бүгінгі ата-ана жұмысбасты, көбі баланың сабағын қадағалағысы келмейді. Сондықтан да болар, көпшілігі баланы жеке мектепке береді. Жеке мектептерде баланы үйден алып кетеді, сабағын тәрбиеші дайындатад, кешкісін апарып береді. Былай қарағанда рахат! Бірақ, бүгінгі ата-ананың баласымен байланысы аз. Баланың жан дүниесіне үңілмейді. Бұл өз алдына бөлек мәселе.
Отыз бес жылдық ұстаздық тәжірибемде бір байқағаным: анемия анадан туған балалардың есте сақтау қабілеті, зердесі төмен болады екен. Бізде әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар аз емес. Сондай отбасының балаларында иод тапшылығы, темір тапшылығы, қан аздығы байқалып тұрады.Ол балалар тез шаршап қалады, қабылдау деңгейі де төмен болады. Бұл жағдайды жас ата-аналарға көп ескертемін: балаңыздың дені сау болсын ең бастысы деймін. Дені сау баладан қай жағынан болсын нәтиже күтуге болады. Мұнымды оң қабылдап, келісетіндері де, дер кезінде дәрігерге қарататындары да, өзіңе дау айтып, қарсы шығатын ата-аналар да кездеседі.
Көп жылдық ұстаздық тәжірибемде баланың психологиясын, жан дүниесін бес саусақтай біліп алдық, меңгердім деуге болады. Бір бала мақтау сүйеді, бір бала қаталдықты талап етеді, бірін тек алдарқатып қана жұмыс істей аласың. Мұғалім беделі ұзақ жылдар ыждағатты жұмыспен, еңбекпен көтеріледі. Бір жағы үйдегі тәрбиеге де қатысты. «Оқы» деп тек ұстаз ғана емес, ата-ана тарапынан да «оқы, бізді ұятқа қалдырма» деп айтылып отыруы керек. Бүгінде «ет сенікі, сүйегі менікі» деген қағидамен жүретін ата-ана сирек. Керісінше, пәле іздеп, ұстазды жығып беруге әзір ата-аналар көп-ақ. Мұның да өз кезегінде мұғалім беделіне кері әсері бар.
- Мектеп үшін білімді ұстаздың, білікті кадрлардың маңызы зор деп білемін.Сіздің қйыңызды білсек?
– Иә, біраз жыл болды, министрлік мұғалімдердің жалақысын көтергесін, мұғалімдік мамандыққа оқуға тапсырушыларға да талапты жоғарылатты. Мұғалім болғысы келетін талапкер, грант емес, тіпті, ақылы бөлімге түсуі үшін де ҰБТ-дан кемі 70 балл жинауы тиіс. Жұмысқа тұруда да талапты күшейтуде. Тест тапсыру арқылы жұмысқа қабылдау жүйесін енгізді. Мектепке парасыз орналасуды үрдіске айналдырсақ деген оң ниет бар. Бұл, әрине қуанарлық та құптарлық жайт, жақсы үрдістер. Жасырмаймын, кейінгі буын жас ұстаздардың білім деңгейі көңіл көншітпейді. Бір жылдары жекеменшік арзанқол біліктілікпен түлектерін еңбек нарығына бағыттайтын ЖОО-лар көп болды ғой. Соларды бітіріп келіп жатқан біліксіз кадрлар аз болған жоқ. Білім саласында бармақ басты, көз қысты жүйе болмаса екен деймін. Жақсы мұғалім, білімді ұстаз қашанда қадірлі. Ыбырай атамыз айтқандай «жақсы мұғалім – мектептің жүрегі».
Өзім Түркістандағы педучилещені бітіргенмін. Кеңес кезінде педучилеще, пединституттар білікті педагог кадрларды даярлайтын. Училещеден алған білімім әлі күнге азық болып келеді. Педучилещенің берген білімі, кешіріңіз, бүгінгі он университеттің берген білімінен артық. Оқыту методикасын да, технологияны да жақсы меңгеріп шыққан екенбіз. Кеңес кезіндегі педучилещелер бастауыш сынып мұғалімдерін өте сапалы дайындағанын бүгінде тәжірибеден көріп, көзіміз жетіп отыр. Өз басым сондай сапалы білім ошағын бітіріп шыққаныма шүкіршілік етемін. Қазір де жоқ емес, бірақ бұрынғыдай емес.
– Ұстаз деген ұлы есім. Біздің бала күнімізде ұстаз деген идеал болушы еді.Ұстаз тұлға еді. Ұстазға қарап бой түзеп, ой түзейтінбіз, сол кісілердей болсақ деп құрметтейтінбіз. Әрбіріміздің жүрегімізде Ұстазға деген зор құрмет жатыр. Өйткені, өмірден өз орнымызда табуда, «дүние кетігіне» кірпіш болып қалануда Ұстазымыздың еңбегі зор болды. Ал, бүгінгі ұстаздар туралы осыны айтуға бола ма?
– Мектептерде білімді, талапты, жақсы педагогтер жоқ емес. Бар. Бірақ бүгінгі мұғалімнің дені барын балаға беріп «жалықпай ұстаздық етуге» жоқ. Ерінбей еңбектенетіні де бар ғой арасында, көпке топырақ шашқандай болмайын. Дегенмен, олардың еңбегін бағалау, мотивация жүйелі емес секілді. Мұғалімнің негізгі міндетінен ауытқып кетуі қалыптасқан жүйеден де болар. Қарап тұрсаң, жақсы мұғалім де, төмендеу мұғалім де бір жалақыны алады, бірдей марапатталады. Кейбіреулер аса білімді болмаса да пысықай келеді, жолын тауып категориясын көтеріп алып, жақсы айлық алады. Ал, алдындағы бала(өнімі) ол жалақыға сай емес болады. Біз енді, біраз жылда зейнетке кетеміз. Болашақ жастардың қолында. Болашақта мына жүйе өзгерсе деймін. Жоғары , жақсы айлық баланы жақсы оқытқан ұстазға төленетін болса, (соның әділ тетігі қарастырылмаған). Ынталандыру дұрыс болса білім саласында әділ бәсекелестік болар еді. Бәсекелестік болған жерде сапа да болады деп ойлаймын.
«Ұстаздық еткен жалықпас», — деп һәкім Абай атқанындай, отыз бес жылдан бері жас балдырғандарға әліппені танытып, білім нәрімен сусындатып келе жатқан Қатира Нұрхатқызына біз де шығармашылық табыс тілеп: «Білімді шәкірттеріңіз көп болсын!» деп сыр-сұхбатымызды тәмамдадық.