Кітап – адамзат баласының баға жетпес асыл құндылығы. Ғылымның қайнар бұлағы. Білім мен мәдениеттің биік белестеріне жетелейтін тәрбиелік құрал. Әлішер Науаи «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына» десе, Денри Дидроның «Адамдар кітап оқуын қойса, ойлауын да қояды» деген сөзі бар. Толстой өз кезегінде «Жақсы кітап оқу – ақылды адаммен сырласқанмен бірдей» деп пікір білдірсе, Абай атамыз «Артық ғылым кітапта, ерінбе оқып көруге» деп шегелейді.
Кітап – қоғам мен адамның арасындағы маңызды фактор. Ел қатарлы мемлекет болудың рухани-мәдени көрсеткіштері осында жатыр. Кітап арқылы келешек ұрпаққа бүгініміз тарих болып жазылып, ертеңгі мұра болып қалмақ. Кітаптың оқырманға жететін қасиетті орны кітапхана екендігі ертеден белгілі. Ұлттық мәдени кодымыз оқу арқылы қалыптасатыны да сөзсіз. Демек, оқу әлеуметтік қарым-қатынас формуласының бірі ретінде қалыптасқан. Ертеңгі күніміз бүгінгі күнге байланысты. Сондықтан да оқуға жан-жақты бейімделу аса қажет.
Қанша ғасыр өтсе де кітап – атадан балаға мирас болып қалатын асыл құндылық екенін естен шығармауымыз керек.
Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Кітап оқитындар интернет қарайтындарды басқаратын болады» деген сөзінің терең мағынасы бар екенін, кітап оқу мәдениеті – мәдениеттің ең жоғары белгісі екенін атап өту керек.
Қазіргі заман талабына сай болу үшін кітапханашылар да жұмыстың жаңа қалыбын іздеп, бірегей жобаларды жүзеге асырып, қоғамға енгізіп жатыр. Қазір кітапханалар нағыз мәдени, ақпараттық орталыққа айналды. Алайда жұмыстың барлығы бұрынғыдай кітаптың айналасында жүзеге асып жатыр. Дәл осы оқу құралы қашан да бұл қызметтің негізі болып қала бермек.
Әлем елдері адамзат дамуындағы кітаптың мән-маңызын әлдеқашан мойындаған. Қазіргі озық технологиялар дәуірінде кітап оқу мәдениеті әлі де өзектілігін жойған жоқ. Керісінше, ой-сананы өсіретін, интеллектуалдық тұлға қалыптастыратын, жаманнан жирендіріп, жақсыға үйрететін кітапқа деген сұраныс барған сайын өсіп барады. Бұл ретте қазіргі оқырмандар, әсіресе жастар қандай кітап оқып жүр, жалпы кітап оқу мәдениетінің бағыты қалай?
Бүгінгі жастар кітап оқымайды деген кереғар пікірге, кітапханалардың оқу залдарында кітапқа үңілген, әр түрлі бағытта кітаптар іздеген жастар дәлел.
Жастар кітап оқиды, оқығанда да таңдап, талғап оқиды. Бірі Дейл Карнегидің «Дос табу және адамдарға ықпал ету өнері» кітабын оқыса, енді бірі Ернар Абзалұлының «Қазақ даласындағы ислам тарихын» сұрайды. Көз майын тауысып, өз бетімен көркем шығарма оқитындар да жеткілікті. Атап айтсақ, Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Қадыр Мырза-әлі, Мұхтар Шаханов – қазіргі оқырмандардың ең көп оқитын ақыны. Ғабит Мүсірепов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкей, Зейнеп Ахметова, Баққожа Мұқай т.б. жазушылардың да өз оқырманы бар.
Салалық әдебиетке келсек, І.Кеңесбаевтың «Фразеологиялық сөздігі», З.Қабдоловтың «Сөз өнері», Қазыбек Бек Тауасарұлының «Түп тұқианнан өзіме шейін» кітаптары қолдан-қолға тимейді. Сондай-ақ қазіргі заманға сай кәсіпкерлік, бизнес туралы, танымдық, психологиялық әдебиеттерге де сұраныс жоғары.
Ең бастысы, балабақша, мектептен бастап зейнеткерлерге дейінгі оқырман аудиториямыз бар, соларға кітапты қолжетімді ету, кітап оқу мәдениетін насихаттаудың заманауи тетіктерін пайдалану – біздің міндетіміз. Бұл орайда «Бір ел – бір кітап», «Бір өлке – бір кітап», «Түркістанның таңдаулы туындысы» және т.б. акциялар мен жобаларды жүйелі түрде ұйымдастыру да кітап оқуды жолға қоюға септігін тигізетіні сөзсіз.
Сондай-ақ кітапханаларымыздағы ұсыныс пен сұраныстар кітап оқу мәдениетінің алға қарай дамып келе жатқандығын айқын аңғартады.
Қазақ прозасының көшбасшысы Жүсіпбек Аймауытов, Ілияс Есенберлин, одан берідегі Асқар Сүлейменов, Қалихан Ысқақов, Марат Қабанбаев, Сайын Мұратбеков, Шерхан Мұртаза, Ақселеу Сейдімбеков сынды жазушыларымыздың кітаптарын сүйіп оқитын оқырмандарымыз да көптеп кездеседі.
Сондай-ақ, балалар кітапханасында өз кезегімен мәдени-көпшілік іс шаралар, балаларға арналған «Әлемді кітап арқылы танимын», «Ақылдым» атты облыстық байқаулар жылда өткізіліп тұрады.
Осындай кітап оқу мәдениетін насихаттау жөнінде жүйелі іс-шаралар жүргізумен қоса кітапханашылар, жас буынның әдеби, тарихи, көркем ойлау жүйесін ұлттық мүддеге сай қалыптастыру мәселесін де қаперге ұстап келеді.
«Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік»,-деген еді Ғабит Мүсірепов. Кітап таңдап, талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсерді өмір қажетіне жарата білу – әр адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтыны шындық.
Қоғамның кітапқа деген қызығушылығын оятуға іскер азаматтар да атсалысу керек. Бір данышпан адамзатты екі категорияға бөліпті. Жас болсын, кәрі болсын. Ер ме, мейлі әйел ме, айырмашылық жоқ. Кітап оқитын және кітап оқымайтын адамдар деп бөлген. Сонда қарап отырсақ, кітап оқитын адамдар зерек, алғыр келеді. Жұмысында табысты болады. Табысты адам – бақытты. Егер біздің әлемде кітап оқитын адамдар көбейсе, әлем бақытты болады. Бақытты адамдар бейбітшіл келеді. Тақырыпқа түйін осы болса керек.
Т.Джумабекова,
Кентау қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашысы