Адам — тылсым әлем. Оның табиғатында өзін дамытуға деген құлшыныс бір сәтке де толастамайды. Адамды дамытатын дүниелер ақпарат заманында өте көп. Бірақ барлық дамудың түп қазығы — кітап. Қырғыздың атақты ойшылы Ишаналы Арабаевтың: «Заман қандай жылдам дамыса да, адамдардың ақыл -ой санасы қанша алмасса да адамзаттық құндылықтарды сақтаушы ретінде біз тек кітаптан өзгені әспеттей алмаймыз. Кітап — мәдениет. Оқудың өзі — адамның болмысын, мінезін түзейді. Кітап оқымаған адамның өресі дамымайды, ойға шорқақ келеді. Ішкі мәдениеті қалыптаспайды. Мәденеті қалыптаспаған адамның жанның жанында рухани түк табылмайды. Ішкі мәдениеті дұрыс қалыптасу үшін адам жетісіне бір кітап оқуға дағдыланбаса болмас. Дағдылану қиын емес. Уақытты құр іске сарп қылғаннан кітап оқып, жан-жағыңа ерекше көзбен қараған артығырақ. Кітап оқу — ең озық адамзаттың жанын көркемдейтін мәдениет. Ойды түзейді, сөзді түзейді, жанды тәрбиелейді» деген ойын санамен түйсініп жүрекпен мақұлдайсың.
Кітап оқитын адам — мәдениеттің ең биігіндегі тұлға. Кім не десе де, кім қандай ойда болса да кітаптың адамзат өміріндегі орнын ештеңе алмастыра алмайды. Сондықтан, біз руханиятқа шын жаны ашитын жандар кітаптың құдіретін жиі айта білуіміз, дәлел- дәйекпен көрсете білуіміз керек.
Қоғам болған соң сан түрлі адам болары ақиқат. Тағдырдың сан түрлі илеуіне түсіп, кітап оқуға мұршасы келмейтін жандар қатары аз емес. Оларды бұл үшін кінәлай алмаймыз. Бірақ
«Кітап оқылмайды» деген қоғамдағы даурықпа пікірді жиі айтатын азаматтарымыздың көптігі жан ауыртады. Қытай халқында:»Өзің оқымасаң -оқыма, ұрпағыңның алдында кітап туралы өресіз пікір айтпа» деген сөз бар. Бұл жастың білімге деген ұмтылысын жойып алмаудың амалы әрі адами тұрғыдан білім-ғылымға, кітапқа деген құрмет. Бізге де үйренерлік дүние.
Ал, жалаң ойдан шыққан қасаң пікірді жоққа шығару — әрбір сауатты хәм отаншыл рухтағы азаматтың күнделікті ісімен қолына кітап ұстап жүріп, өзінің арда болмысымен үлгі бола білуімен іске асатын ұлы мұрат болуы керек-ақ. Өзің де жоқ дүниені жұртқа көрсете алмайсың. Кітапқа деген — шынайы құштарлық пен білімге деген іңкәрлік адамды төрге бастайтынын әр істе дәлелдей білу де дәл бүгінгі күні маңызды. Құр сөз расында да адамның санасына, жүрегіне әсер етпейді. Сондықтан, сөзден бұрын іске басымдық беру керек. Неміс психологтары «Кітапханаға жиі баратын адам өзін қоғамға қажетті адам ретінде сезіне бастайды» деген пікірді жиі айтады. Расында, кітапхана кітап әлеміне ғана емес, қоғамда өзін және орнын табуға жәрдемдеседі.
Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру дегеніміз — кітаптар насихаттын арттыра отырып, жүйелі түрде оқырман сұранысындағы әлемдік немесе жергілікті қаламгерлердің шығармаларын оқырмандарға ұсына білу,бірге оқу арқылы талқылай білу. Оқымайтын, оқуға қызықпайтын бала хәм адам жоқ. Әр адамның жүрек төрінен орын алатын қызық бір кітабы болады. Оны табуға деген адамда ұмтылыс болса, ол өз кітабын кездестіреді. Біз оқырманды қызықтыра білсек, талпындыра білсек — кітап дейтін құдіретке түбі бас иеді. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың «Оқитын ұлт және оқуға құштар мектеп» «Балалар кітапханасы» жобалары балаларды кітапқа баулу ісін жеделдетуге бағытталған — бірегей жобалар. Баланың кітаппен дос болуы балдырған шақтан бастаса, оның болашақ өмірде берері мол. «Дана болу үшін де — бала болу керексің» деген Әлішер Науаидың оймақтай ойы өз құнынын еш жоғалтпақ емес.
Кітаптың құнын асырып, кітап оқу мәдениетін қалыптастырудағы ең басты тұлға — оқырман. Білім мен руханият бесігі саналатын кітапханаларда дәл бүгін оқырман үшін барлық жағдай жасалуда. Ай сайын түрлі жанрда жазылған кітаптар кітапханалар қорына түсуде. Оқырман кітаптан түйгенін ортаға салуға ұмтылады. Осыны ескерген барлық кітапханалардың жанынан оқырмандар клубтары құрылған. Мысалы, Тастұмсық ауылдық кітапханасының қорына келіп түскен жаңа кітаптарды аналар кеңесімен бірлесіп «Бірге оқимыз» атты кітап оқу сағатын ұйымдастырып келеміз. Оқырмандар конференциясы, зияткерлік ойындар да оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруда үлкен рөл атқарады. Оқырман саны арта бастады, кітап оқудағы нәтижеміз жаман емес.
Рухани әлемге ынттыққан, зейінімді ашсам деген жастың ең жақыны -кітапханашы. Кітап оқудағы оқырманның басты мақсат — бойға азық болар білім жию. Кітапханашы мен оқырман — тамыры бір ағаштың қос бұтағындай бөлінбейтін күшке ие.
Адамды өмірінде не биікке көтереді? Білім. Білімнен өзгесіне көңіл қойған жан ешқашан қанағаттанбайды. Кітап оқу мәдениеті жоғары қалыптасқан жапондықтардың күнделікті дағдысы — күнделікті 30 бен 50 арасында кітап оқу. Бұл дағды миды тыныштандырып, рухани байытады. Осы дағдыны өз өмірінде іске асырған біздің тұрақты оқырманымыз — Мардан Қанатұлы Рахматулла. Бір жылда осы дағдымен елу кітап оқып шығып, өз замандастарына кітап оқудың маңызын дәлелдей білді. Мардан осы жетістігі үшін өткен жылы «Түлкібас ауданының үздік оқырманы -2023» ж атағына иеленіп, үздік республикадағы жүз оқырманның бірі бола білді. Кітапқұмар жас биылғы жылы академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің арнайы грантын иеленді. Бұл жетістік — кітап оқудың жай уақытты бос дүниеге арнау емес, жетістіктің басы екенінің дәлелі бола білді. Кітап оқу мәдениеті — бала жастан ертегі оқудан басталып, батырлар жырына қанып, көркем дүниелерді талғап оқудан қалыптасқан рухани мәдениет. Рухы биік, санасы өр болу үшін ақпарат заманында кітаптан өзгеге иек артуға болмайды. Басқасы жаңылдырады. Кітап адамды жаңылдырмайды, күн санап шыңдайды. Талапты жанның ең асыл досы -кітап. Бұл — заманалар көшінен бұзылмай жеткен шындық. Қас-қағым сәтте өзгеретін технология заманында адам рухани бай болуы — ақыл мен жүректің үндестігі. Кітап оқу бүгінде технология мәдениеті қалыптасқан Алмания, Қытай, Жапония, Англия сияқты елдерде жалпы халықтық сипатқа айналған. Бізге де дәл солардың ізімен жүруге ұмтылу керек. Өйткені, бұл — өркениеттің басты әліппесі.
Мейірхан Топанбай,
Түлкібас аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің
Тастұмсық ауылдық кітапханасының кітапханашысы