Филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттанушы ғалым Жанымгүл Камалқызы Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-де ұзақ жылдар ұстаздық еткен, бүгінде зейнет демалысындағы профессордың ұрпақ тәрбиесі, ұлт тағылымы тұрғысында айтары аз емес.
– Жанымгүл апай, Фейсбук парақшаңызда «…Діни ағартушы ақын Ақылбек Сабалұлы: «Бала оқытпақ – пайғамбар фатихасы» деген. Оқыту – пайғамбарлар салған қасиетті жол. Сол жолды таңдаған мұғалімнің міндеті ауыр, үдесінен шыға алса – абыройлы орны биікте» деп жазыпсыз. Өзіңіз де өмір бойы ұстаздықтық еттіңіз. Жалпы, ұстаз деген кім? Қоғамдағы ұстаздың орны қай дәрежеде?
– «Ұстаз деген кім?» деген сұраққа белгілі ойшылдардың сөздерінен алынған дайын үзінділермен оп-оңай жауап беруге болар еді. Бірақ бүгінгі күнгі қоғамдағы ахуалды көріп біліп отырып, әдейі сұрап отырғаныңды сезіп отырмын. Сондықтан өмір бойы мұғалім болған жан ретінде өз ойымды ғана айтайын. Ұстаз, бір қарағанда, өте бақытты жан. Өйткені, ол жүрегі кірлемеген, өмірден тек жақсылық күтіп жүрген жастармен бірге жүреді. Солардың өміріне енеді. Ал, олардың өміріне ол кім болып енеді? Осынысымен оның бағасы анықталады. Яғни, ұстаз кез келген адам сияқты,өзінің өмірлік бағасын өзі шығарады. Егер жас бала жанын аялай алса, оның дұрыс жол табуына ықпал етсе, өмірлік дүниетанымын адастырмай, адал мақсатқа бұра алса, ол – құрметке лайық жан. Ал, егер жас баланың жанына жара салып, сәл жерден оның жүрегін кірлетіп алса, ол – қадірсіз, қарғыс арқалаған жан болып шыға келеді. Жоғарыда өзің келтірген ФБ парақшамда: «мұғалімдер қоғамның емшісі», деп те жазғанмын. Ал қарапайым ұстаздардың да мойнында ауыр міндет бар. Ең бірінші, олар адаспайтындай таза білімді, дұрыс тәрбиені, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіру керек. Әрбір бала – тағдыр, оған немқұрайды қарауға да, оны адастыруға да болмайды. Егер өзіне сенген баланы адастырса, оның обалын, ол жасаған күнәлі істердің ауыртпалығын мұғалім арқалайды. Мұғалімнің міндеті ауыр дегенім осы. Ал, бала дұрыс жолға түсіп, білім мен тәрбиені адам игілігіне жұмсап жатса, мұғалімнің алар сауабы да өлшеусіз. Мұғалім – қоғамның емшісі болатыны да анық.
– Осыдан 5-6 жыл бұрын «Абай.kz» порталына шыққан сұхбатыңызда мектептерде әдебиет пәнінің оқытылуына сын айтыпсыз, әдебиетті тереңдетіп оқытудан гөрі тест жаттатуға мән беретініне қынжылған екенсіз. Әдебиет пәнінің оқытушысы, ғалым ретінде, әдебиет пәнінің оқытылуының қазіргі жағдайына қалай баға берер едіңіз?
– Қазір мектептерде әдебиет пәні оқытылып жүр ме? Филология факультеттеріне талапкер аз, себебі төртінші пән – әдебиет, соны тапсырудан қорқады, өйткені әдебиет пәні мектепте жүйелі оқытылмайды. Мектептерге де, ЖОО-ға да түрлі пәндерді тықпалап, әдебиет курсы, тіпті филология факультеттерінде де толық оқытылмайды. Журналистика, тарих, дінтану т.б. гуманитарлық факультеттерінен әдебиетті алып тастаған. Әдебиет – әр ұлттың рухы, рухани қазынасы. Ұлтқа жаны ашитын кез келген азамат әдебиетке жаны ашуы керек. Өз әдебиетінен бар керегін табар еді.
Қазіргі барлық оқыту бағдарламаларында әдебиетті, қазақ әдебиетін өлтіруге бағытталған әрекеттер жүріп жатыр. Ол дегеніңіз ұлтты өлтіру. Осының әсерінен мектепте де, басқа оқу орындарында да әдебиетті оқымайтын, түсінбейтін, болмысы өзгеше жастар өсіп жетілді. Оқыту технологиясы деген желеумен ұлттық оқыту жүйесін теріс жолға оп-оңай түсіріп жіберді. Қазір оқытудың жаңа әдістерінің сыртқы формасын пайдаланып, әдебиеттің ішкі асылына бармайтын сабақ емес, қызылды-жасылды шоу жүріп жатыр. Бұл – ұрпағымыздың өсіп жетілуіне орасан зиян келтіруде. Ұрпағымызды қолдан көзқаман жасап жатыр. Неше түрлі тіл біледі, әлем жаңалықтары мен ғылыми жетістіктерді меңгереді, әлемдік эстетика мен этиканы қабылдайды. Бірақ ұлттық құндылықтардан жұрдай, ұлтқа, еліне, жеріне жаны ауырмайтын, өзінің кім екенін білмейтін ұрпақ өсіп келеді.
Әдебиетті, көркем мәтіннің өзін оқымай, оны проблемалық оқыту үдерісімен талдамай қалай оқытуға болады? Тест тапсырмаларын жаттату – әдейі әдебиеттің құнын түсіру. Қазір оқушылар да, студенттер де көркем мәтіннің өзін емес, соған негізделген тест жауаптарын жаттап алады, емтиханнан өткен соң оның ешкімге керегі жоқ. Міне, осылай оқымайтын қауымды қолдан жасады. Ғасырлар бойы жауымыз қол жеткізе алмаған мәңгүрттікке, көзқамандыққа билік қысқа мерзімде өз қолымен жеткізді. Жауымызға беріспеген ұлттық рух оп-оңай сынып түсті.
Әдебиеттің мазмұнын меңгерту, ондағы негізгі оқиғаларды ретімен баяндауды талап ету – есте сақтауы мен тіл дамытудың құралы. Көркем мәтіннің берер тәлімі барлық педагогикалық талаптарға жауап деуге болады. Құрғақ үгітпен тұлға дамымайды. Әдебиет – өмір сабақтары. Өмірге үйретеді. Қазіргі оқыту мақсаты жеке тұлға қалыптастыру деп көп айтылады. Бірақ нағыз тұлға қалыптастыратын пән – әдебиет сабағын өз дәрежесінде өтуге мән берілмейді. ҰБТ-ны саясат құралына айналдырып алдық, мектептер рейтинг қуып, баланың біліміне емес тесттен жиған ұпайына қарай мұғалімді бағалайтын науқаншылдық үрдісі белең алды.
– Министр А.Аймағамбетовтің тұсында «Ұстаз мәртебесі» туралы заң қабылданды. Орта білім саласына реформа жасалды. Мектепке ер мұғалімді көбірек тарту керек деген ұстанымы болды министрдің. Расында, қоғамда ұстаз болуға қызуғышылық артты. Қалай ойлайсыз, бұдан былай мектептерге ер, жігіт мұғалімдер көптеп келер ме екен? «Ұлды ұлша тәрбиелесең – ұл болады, құлша тәрбиелесең – құл болады» деген Алаш Ұстазының (А.Байтұрсынұлы) сөзі бекер айтылмаған. Қазақ қоғамында ұл баланың тәрбиесі ақсап жатуы мектептерде ер мұғалімдердің жетіспеушілігімен байланыстыратындар бар. Қисынды. Ұстаз – бала үшін идеал ғой. Солай емес пе?
–Ұстаз мәртебесін заңмен көтеру деген де кері кеткен уақыттың тал қармауы сияқты болып көрінеді. Өткен ғасырлардан жеткен деректерде естілмеген жағдай. Ұстазды құрметтеу оған лайықты орын белгілеумен іске аспайды-ау…
Ұстаз отырған кез келген жер құрметті болатындай ең алдымен ұстаздың есіміне лайық білімі, мінезі мен әдебі, өнегесі, өмір сүру дағдысы болуға тиіс.Ұстаздың мәртебесін – шәкіртке берген білімі мен тәлімі анықтайды. Қоғам ұстаздық қызметтің құрметті екенін мойындайтын, ешбір күштеусіз құрмет көрсететін ерекше пайымды болғанда ғана ұстаз мәртебесі туралы айтуға болады. Мұғалім мәртебесін тек мұғалімдердің өздері ғана көтере алады. Себебі, басқа мамандықтар жансыз нәрселермен жұмыс істейді, олар өз қалауын іске асыра алады. Ал, мұғалім адаммен жұмыс істейді. Жаңа жетіліп келе жатқан жас өскінмен жұмыс істейді. Егер оның жанын баурай алса, оның жан дүниесін тани алса, әрбір баланы жеке тұлға, оның өз дегені бар, өз қалауы мен ұстанымы бар адам екенін ұғынса ғана ол құрметтеледі.
…Ұл бала тәрбиесі тек мектепте емес, үйде де ақсап тұр деп ойлаймын. Отбасында әйелдердің ықпалы күшті ғой. Кез келген ер азамат Құнанбай бола алмайтыны сияқты, кез келген бала да Абай бола алмайды ғой. Кез келген әйел Ұлжан мен Зере анамыз бола алмайтыны тағы рас. Ұл тәрбиесінде көп қателіктер бары көрініп тұрады. Бұған себеп, көп айтылып жүрген ұлттық тәрбиенің әлсіреуі, А.Байтұрсынұлы айтқандай ұлды ұлша емес, құлша тәрбиелеу белең алды. Ұл баланың жасынан сағын сындырып, оның биікке самғар қанатын топшысынан сындырып отырғанын, ең бірінші, өз ата-аналары біле бермейді. Ұл балаларға «сүмелек», «жексұрын», «хайуан», т.б. сөздермен жерге тығып ұрысып жатқан өз аналарын көргенде, «Алла берген ғажап сыйын сонша сыйламайтын мынау неткен қатыгез жан?» деген ой келеді. Күніне осындай сөздерді ең жақыны анасынан ести берген балада өзіне деген сенім қала ма?
Мектепке ер азаматтарды тарту кезек күттірмейтін мәселе, бірақ оны айтуға ғана оңай. Бұл жақын арада шешіле қоймайтын болар. Педагогикалық ЖОО-ның жағдайын барынша жақсарту керек. Базасы мықты, талап күшті болу керек. Бітірген соң, жұмыс орындары, еңбекақысы өмір сүру нормасына сай болса, ер азаматтар мектепке көбірек келетін шығар. Мұғалім жан-жағына төменшіктемей қарай алатын болса, мұғалімдікке мектепті жақсы бітірген талапкерлер ойланбай барады. Білімді, бәсекеге төтеп бере алатын мықты педагог сабақ берсе, балалардың тәрбиесіне де оң ықпалы болады.
-Жанымгүл апай, сыр-сұхбатыңызға рахмет.