Сарыағаш ауданындағы Ю.Гагарин атындағы орта мектепті 1983 жылы үздік тәмамдаған түлектің бірі Гүлнәр Үсенова еді. Тірлікке де пысық, оқуға да зерек осы қызынан ата-анасы ғана емес, мектептегі ұстаздары да зор үміт күтетін. Гүлнәр Ілесқызы ата-ана мен мұғалімдерінің сенімін ақтады. Республикамыздағы ең басты білім ордасы – С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің физика факультетіне оқуға түсті. Бірден бір беделді жоғары оқу орны саналатын университеттің студенті атану – ол кезде айды аспанға шығарумен бірдей, алақайлап айтатын үлкен қуаныш еді.
Думанға толы студенттік өмір басталды. Физика деген күллі дүниенің сырын үйрететін үлкен ғылым ғой. «Физиканы игерген адам – бар сала бойынша өз ойын айта алады» деген сөзді ұстаздары ұдайы айтып отырушы еді. Өзі таңдаған мамандығы болғандықтан сабақты жанын салып оқыды. Жақсы оқығандықтан студенттер арасында беделі де зор болды. Оқытушылар да Гүлнәр Үсенованың алғырлығын жоғары бағалайтын. Білімге алаңсыз ден қойған қазақтың қаршадай қызы қатар құрбыларының алды боп оқып жүре берді. Осылайша үш жыл да зымырап өте шықты.
1986 жылдың қысы келді. Желтоқсанның 16-шы жұлдызы әдеттегіден ызғарлы болып басталған еді-ау. Әлі есінде, сабақтан соң құрбыларымен бірге «КазГу-градтағы» дүкенге азық-түлік алуға кірген. Бірден көзге түскені – дүкенннің іші азық-түліктің неше атасына толып тұр. Студент болғалы көрмеген тәттілер, күнделікті тұтынатын бұйымдар сөрелерге сыймайды. Бағасы да арзан, сапасы да керемет. Мұндай аста-төк молшылық бұрын-соңды болып көрмеген. Студенттер әрі таңданып, әрі тамсанып сауда жасап жатты.
Бұл «игіліктің» сыры кейіннен белгілі болды. Қазақтың біртуар перзенті, қоғам және мемлекет қайраткері Дінмұхаммед Қонаевтың орнына бірден сап ете қалған Г.Колбиннің келуіне байланысты жасалған көзбояушылық екен. Халыққа жағу мақсатында дүкендерді осылай толтырып қойған саяси ойын болып шықты. Ал, дүкендегі радио мемлекет басшысының ауысқанын сарнап айтып тұрды.
Жатақханаға келген соң студенттер бас қосып, болып жатқан жағдайды өздерінше талқылай бастады. Гүлнәр Үсенова да кешке таман университет жастарымен бірге Брежнев алаңын бетке алып, орталыққа барды. Алаң тола жастардың көкейінде бір-ақ сауал – «неге өзіміздің қазақ мемлекетінің басшысы қазақ болмайды?». Жастардың Мәскеудегі билікке қойған талабы да осы. Олардың көптеп жиналуынан үріккен сақшылар алаңнан қайтуларын бұйырумен әлек. Қарақұрым жиналған нөпір, оларға басу айтқан жоғары дәрежелі адамдар. Іле-шала орталықтан мұздай қаруланған арнайы жасақ та келіп жетті. Толқулар да басталып сала берді.
Гүлнәр Үсенова желтоқсан оқиғасының үш күніне де қатысып, зұлматтың бәрін бір күнде көріп, бір күнде есейіп кеткендей болды.
–Алаң ортасында мәрмәр тастан жасалған фонтан болушы еді. Екінші күні сол субұрқақты сындырып, алдындағы Үкімет үйіне фонтанның тастарын атқылап, терезелерін сындырып тастады. Бірінші күнгі көтерілстен соң қаланың Абай көшесіндегі транспорттарды тоқтатып қойды. Егер көшеде екі-үш адамнан артық жүрсе милиция жасақтары сөзге келтірмей ұрып-соғып, машиналарына тиеп алып кетіп отырды. Сондықтан екеуден артық жүрмеуге тырыстық. Қанша қорқытып-үркіткенімен де біздер алаңға шығуды тоқтатпадық. Үш күн қатарынан алаңның ортасында боддық. Енді осы уақытта не көрмедік дейсіз. Ызаға булыққан жастардың машиналарды аударып өртегендерін, өрт сөндіретін көліктердің үстімізге мұздай су шашқанын, жастарды темірмен, дубинкамен қуалап жүріп ұрғандарын, қыз екен демей шаштарынан сүйреп, тепкілегендеріне куә болдық. Мұндай сорақы сұмдық іс біздерді одан сайын ашындырды. Орыстың озбыр саясаты ойына келгенін істеп-бақты. Бейбіт мақсатта барған шеруімізді теріс бағытқа бұрмалап, айдай әлемге масқара етіп шығарумен болды. Жәшік-жәшік арақ ішті, есірткі шекті, төбелес шығарды деп одақтағы күллі басылым, телеарналар солай жарыққа шығарды. Оған біздің сағымыз да, рухымыз да сынған жоқ. Қайта іштей қайралып, шыңдала түстік, – дейді Гүлнәр Ілесқызы.
Ары қарайғы тірліктер белгілі ғой. Жаппай қудалау, соттау, қамау басталды. Көтерілісте болған жастарды сурет арқылы іздеп, жазаға тартты. «За политическую не грамотность»деген статьяменен оқудан және жұмыс орындарынан алып тастады.Ол кезде бұл статьяменен кеткендер ешқайда қабылданбайтын еді. Сол уақытта қазақ пен орыс бір-біріне қас болғаны соншалық, қылмыстық істер көбейе түсіп, көшеде жүрудің өзі қорқыныш пен үрейге айналды. Қазақ деп соққан қаншама жастар қыршынынан қиылды.
–Менің қатарластарым рухшыл, жігерлі болды. Сол кездегі студенттердің бойында намыс оты жанып тұрған, елдік мәселеге немқұрайды қарамайтын рухы зор азаматтар екеніне сүйсінемін. Қылышынан қан тамып тұрған әміршіл-әкімшіл жүйеден қорықпай, тайсалмай алаңға шыққан өрімдей қаракөздер нағыз қаһармандықтың хас үлгісін көрсетті ғой сонда. Осындай құрдастарыммен, осындай ұлтжанды жастармен мақтанамын. Көріп тұрғандарыңыздай, осынау қиындықтардан соң ғана қазақ елі тәуелсіз, ешкімге бағынбайтын өз заңы бар егемен мемлекет болған жоқ па! – дейді Гүлнәр Үенова.
Әйгілі желтоқсан оқиғасынан кейін Гүлнәр Үсенова академиялық демалыс алып, Алматыдағы «АХБК» комбинатында тәрбиешінің көмекшісі болып бір жылдай жұмыс істейді. 1987 жылы оқуға қайта қабылданып, 1990 жылы диплооммен елге оралды. Тойшы Кенжеғұлов есімді азаматпен көңіл жарастырып, отау көтереді. Қазіргі таңда Сарыағаш ауданындағы №72 жалпы орта мектебінде еңбек етеді. Отбасында 4 қыз, 1 ұл өсіп-өнді. Үш қызы Астана қаласында, бірі жұмыс істесе, бірі оқу оқиды. Үлкен қыздары телеарнада режиссер болып қызмет атқарады. Тойшы ағамыз заман ағымына сай фермерлік қожалық ашып, мал шаруашылығын дамытумен айналысып отыр.
Гүлнәр апайымыз әрбір шәкірттің көкірегіне Тәуелсіздік деген ұғымды ұялатып, елі мен жерін сүйетін азамат болып қалыптасулары үшін еңбек етіп келеді.