Атом электр станциялары электр станцияларының кейбір басқа түрлерімен салыстырғанда энергияның экологиялық таза көзіне айналады.
Олар парниктік газдар шығарындыларын азайтуға және елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға көмектесе алады деген сенімдемін. Заманауи технологиялар апаттар мен олардың зардаптарының ықтималдығын төмендететін қауіпсіздік деңгейі жоғары атом электр станцияларын салуға мүмкіндігі мол. Бүгінгі күнге Францияның ішкі энергобалансындағы барлық энергоқуаттың 70,6 пайызын АЭС өндірген электр энергиясы құрайды. Жапония көп жылдар бойы әлемдегі атом электр қуаты бар алдыңғы қатардағы мемлекеттердің қатарын түйіндеп, өзінің ішкі электр энергиясына деген қажеттіліктің 30 пайызын атом электр станцияларында өндірілген қуатпен жабады. Посткеңестік елдердің ішінен Ресей Федерациясы пайдалануындағы 36 энергоблокпен сегізінші орында. Ядролық электр станцияларындағы ректорлардың кең тараған түрі – бұл өте жоғары қысымдағы су астындағы реакторлар. Осы тәсілмен жұмыс істейтін энергоблоктардың саны 300-ге жуықтайды. «Boiling water reactor» (BWR) деп аталатын реакторлардың тағы бір түрі ішкі қайнау тәсілімен жұмыс істеп, одан пайда болған бу турбинаға бағытталып, қуат генерациясы іске асады. Қазір бүкіл әлемде электр қуатына деген сұраныс артқан. Техника мен технологияның қарыштап дамуы, жаңа генерациялардың іске қосылуын талап етеді. Электр қуатын өндіруде дамыған елдер салған жолмен дамушы мемлекеттер де адымдап қадам басып келеді. Мәселен, Жапония – 2, Франция – 1 энергоблоктың құрылысын жүргізуді бастаған. Халқының саны еселеп артып бара жатқан Үндістан 7 энергоблоктың құрылысын жүргізуді қолға алды. Осы мемлекеттердің қатарында Біріккен Араб Әмірліктері, Пәкістан, Словакия, Тайвань да электр қуатына деген тапшылықты еңсеруде әрқайсысы екі энергоблоктан салуды қарқынды түрде іске асыруда. Украинаның өзінде 2 энергоблоктың құрылысы жүргізілуде. Финляндия, Бразилия, Белоруссия, Аргентина мемлекеттері де АЭС салуға сенімді түрде қадам басып келеді.
Клара Әлібайқызы,
Кентау қаласының тұрғыны