Бүгін Кентау политехникалық колледжінде «Жат діни ағым жарға жығады» тақырыбында студент жастармен кездесу өтті.
Кездесуге Кентау қалалық орталық мешітінің бас имамы Ғалымжан Айекеев, Кентау қалалық Руханият орталығының директоры Қанат Бекметов, Түркістан облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог-маманы Айдана Сейдуәлі және Кентау қалалық Руханият орталығының теолог-мамандары, қалалық Жастар ресурстық орталығының маманы қатысты.
«Зайырлы мемлекетіміздегі дін мен дәстүр бірлігі – өткеніміздің тарихы, болашағымызды кепілі. Сондықтан да жастарды әртүрлі жат ағымдардың жетегінде кетуден сақтандыру үшін оларды жастайынан өзінің асыл дінін, төл тарихын, ұлттық құндылықтарын бойына сіңіріп өсуіне баса мән беру өте маңызды. Осы тұрғыда дәстүрлі тәрбие мен рухани тәрбиені сабақтастыра отырып толып кемелді, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу үшін жұмыстар ұдайы атқарылуы керек» — деді Қанат Бекметов.
Ал, қалалық орталық мешітінің бас имамы Ғалымжан Айекеев біздің ата-бабаларымыз ислам дінінің Ханафи мазһабын ұстанғандығын жеткізді.
«Бабалар салған жолмен неге жүрмейміз? Неге бүйректен сирақ шығарамыз? Бұрынғылардан қалған тура жолға түспей, басқа жағынан айналып өтемін деп неге басымызға бейнет тілейміз? Мазһаб ұстанбау биік жарға біреу баспа қойып «Құлайсың, осымен түс дегенде» тыңдамай, тіке секіргенмен бірдей емес пе? Ендеше неге «Мен мазһабпен жүрмеймін, Құран мен Сүнетті ұстанамын» дейміз? Мазһабтың өзі соның жиынтығы ғой. Олай ету үшін Құранның тәпсірлерін, хадистерді түгел білу қажет. Әбу Ханифа сияқты соларды бірнеше жыл талдап, зерттеп, содан кейін барып пәтуа беру керек. Осы жағын ойланайық. «Дінде зорлық жоқ» екені Құранда айтылған, Пайғамбар «Дінді қиындатпаңдар» деп өсиет еткен. Өзге дін ғалымдары түгел мойындаған Имам Азғам Әбу Ханифа Құран мен сүннетті негізге алып пәтуа шығарған. Соны ұстанған бабаларымыз Аллаға құлшылығын жасап, ел ішінде діни алауыздық тудырмай, «намаз оқымайсың, кәпірсің» деп ағайын-туысымен араздаспай, айналасын қамқорлап, мейіріммен қарап ғұмыр кешкен. Қандай адам да ерте ме, кеш пе құдайдың бар екенін мойындайды. Сол кезде адаспас үшін діни ілімді мешіт имамынан алғаны дұрыс екенін есте ұстайық» — деді ол.
Қой терісін жамылған қасқыр сияқты дін атын жамылған жат ағым мүшелері діни сауаты төмен, әлеуметтік тұрмысы нашар азаматтарымызды қатарларына тарту үшін, өздерін дұрыс жолдағы шынайы діндарлар етіп көрсетеді.
Теолог-маманы Айдана Сейдуәлі жат ағамның жетегінде жүрген жастардың басты ұстанымдары мен ерекшеліктерін түсіндірді.
«Отанына, отбасына және ата-бабамыз ғасырлар бойы дәріптеген дәстүрлі дініне күмән тудырып, қалыптасқан салт-дәстүрімізге қарсы қояды. Сондай-ақ, бұндай топтағы азаматтар отансүйгіштік, ұлтжандылық сезімдерін бағаламайды әрі мемлекеттік рәміздерді, жергілікті биліктің шығарған заңдарына бағынбайды және мойындамайды» — деді ол.
Кездесу барысында бүгінгі күндегі өзекті мәселе жат діни ағымдардан сақтану, әлеуметтік желілір арқылы көптеген жастардың жат діни ағымның жетегінде кетіп жатқандығын жан-жақты түсіндіріліп, арнайы дайындалған бейнероликтер көрсетілді.