Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің өңір тұрғындары арасындағы кездесулері мен фокус-топтық зерттеу жұмыстары жалғасуда. Бұл кездесулер 2024 жылғы қыркүйек айының 2-27 күндері аралығын қамтиды.
Кезекті кездесу Кентау қаласында және Қарнақ ауылында фокус зерттеу жұмысы өтті. Аталған кездесу мен фокус-топтық зерттеу жұмыстарына «Қоғамдық келісім» КММ-нің этносаралық қатынастар саласы мониторингі және ақпараттық-насихаттық жұмыстарды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Х.Исақов, «Қоғамдық келісім» КММ-нің Кентау қалалық филиал басшысы Ғалымжан Тәжібаев, этномәдени бірлестік төрағалары мен белсенді өкілдері, жергілікті тұрғындар, ауыл билері, ақсақалдар кеңесінің мүшелері, аналар кеңесінің мүшелері, беделді тұлғалар және жастар қатысты.
Бұл ретте, облыс тұрғындары арасында өтетін кездесулер «Ұлтты сүю түсінігі. Ұлтшылдық және ұлтжандылық», «Діннің қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді реттеуде алатын орны» тақырыптарында және «Этнос өкілдерінің қазақстандық қоғамға интеграциялануы» атты фокус-топтық зерттеу жұмыстарын қамтиды.
Басқосу барысында жоғарыда аталған тақырыптар төңірегінде ой қозғалып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Сондай-ақ жиналған жұртшылық өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жауаптар алды.
Еске сала кетсек, 2022-2024 жылдарға арналған «Түркістан облысында толерантты сананы қалыптастыру мен әлеуметтік шиеленістің алдын алу» өңірлік тұжырымдамасын іске асыру бойынша іс-шара жоспарына сәйкес аудан, қалалардағы этнос өкілдері тығыз шоғырланған елді мекендерінде тұрғындармен кездесу өткізу мен фокус-топтық зерттеу жұмыстары жүргізілуде.